$ 443.85  474.3  4.8

«Bek Air-дің иесі қамауға алынуы керек»: халықтан кешірім сұрамаған Нұрлан Жұмасұлтанов та сынға ілікті

«Оның байланыстарын, тергеу барысына әсер етуі немесе жауапкершіліктен жалтаруы мүмкін екенін есепке алу керек».

Белгілі қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан бүгін Алматыдағы ұшақ апатына қатысты тағы бір пікір білдірді. Еске сала кетсек, ол кеше Bek Air-мен қатар, Скат ұшақтарын да тексеру керектігін ескерткен болатын, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшесінің бұл жолғы қаһарына «Bek Air» әуекомпаниясының құрылтайшысы Нұрлан Жұмасұлтанов ілігіп отыр.

«Бұрынғы басқарма төрағасы, сондай ақ, «Bek Air» АҚ қожайыны Нұрлан Жұмасұлтанов тергеу аяқталғанға дейін ендігі қамауға алынуы тиіс еді деп есептеймін. Оның байланыстарын, тергеу барысына әсер етуі немесе жауапкершіліктен жалтаруы мүмкін екенін есепке алу керек.

Әлі күнге дейін ол халық алдына шыққан да, қарапайым ғана кешірім сұраған да жоқ. Қаза тапқандардың туысқандарына көңіл де айтпады. Кем дегенде болған оқиғаға қатысты моральдық жауапкершілікті көтеруі керек болатын. Қауіпсіздік тәртібінің бұзылғаны анықталса, ол қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін», - дейді Мұхтар Тайжан.

Үнемі бұқараның көкейіндегі сөзді айтатындықтан, желі қолданушылар оны осы ретте де бірауыздан қолдай кетті. «Ана тексеру комиссиясының құрамына иманы бар адамдарды қосуға мәлімдеме жасайық!», «Терісі қалың адам екен. Ұялса нетті?!. Бір ауыз сөзін сатып аламыз оның...» десті олар.

Ал Ерлан Қуаныш атты азамат: «Жапондықтар рейстің кідірістеп қалғаны үшін кешірім сұрайды. Ондай мәдениет біздің түсімізге де кірмейді. Ал бұндайда тізерлеп тұру керек қой», - деп, мысал ретінде жапондардың мына суретін салды:

Бұл орайда пікір білдірушілердің бірі Марат Түсіпов: «Дұрыс, қолдаймын. Анау Форбсқа енген түпкі (учредитель) иелерін де жауапкершілікке тарту керек», - деді. Бұл сөзімен ол бүгін біз жариялаған миллионер Нұрбол Сұлтанды меңзеп отыр.

Сонымен, ұшақ апатына тікелей жауапты Bek Air-ді төңіректеген ірі лауазым иелері, аты-жөндерінің де онша айырмашылығы жоқ Нұрбол Сұлтан мен Нұрлан Жұмасұлтановтың қайсысы айыпты мойындап, бұқара алдында бас июі керек? Ол жағын тергеп-тексеру нәтижесі көрсетер...

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары