$ 444.22  476.38  4.82

Жамбыл облысында әкімнің орнын өз орынбасары 50 мың долларға сатып алмақ болған

Оның телефонын тыңдау барысында орынтақ саудасы жөніндегі әңгіме әшкере болған. Ал оған қызмет әперуге уәде еткен өңірге танымал кәсіпкер болып шықты.

Меркі ауданы әкімнің орынбасары Мейіржан Сүлейменов өзінің басшысының жайлы орнын иеленуге 50 мың доллар бермек болыпты. Басшы болудан дәмелі шенеуніктің телефонмен сөйлескен сөздері ұлттық бюроның қолына тиген, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

«Енді телефонмен кім не айтпайды? Сондай әңгіме болған шығар. Иә, Алматыға ауысамын деген жұмыстар болған. Бірақ, ол жерде жолдастармен салмақты әңгіме болған емес. «Сатып аламын, осыншама ақша беремін» деген. Ойнап, достармен бір жерде айтқан шығармын», - дейді Мейіржан Сүлейменовтің өзі.

Ойнаса да, ойындағысын айтса да, оның ісі әдеп кеңесінде майшаммен қаралды. Шенеунік қылығына жауап бере алмай әбден састы. Айта кететін жағдай, атқамінердің әкімнің орнын сұрағаны кездейсоқ анықталған. Яғни, басқа бір іс бойынша күдік туғызған Сүлейменовті ұлттық бюро өкілдері бақылауға алыпты.

Оның телефонын тыңдау барысында орынтақ саудасы жөніндегі әңгіме әшкере болған. Ал оған қызмет әперуге уәде еткен өңірге танымал кәсіпкер болып шықты. Оның тағдыры әзірге белгісіз. Белгілісі, әдеп кеңесі Сүлейменовті қызметінен төмендету жөнінде ұсыныс берді.

Дегенмен, соңғы шешімді Меркі ауданы әкімінің өзі қабылдайды. Мейірхан Өмірбековтің өзін қызметтен ығыстырғысы келген орынбасарына қандай шара қолданатынын уақыт көрсетеді.

«Рустамбеков айтады, сенің мәселең шешіліп жатыр, солай-солай деп. Бұл кісі жауап береді. Сұрайды. Тағайындалған кезде 200 мың доллар болмай ма, үстеме сұрамай ма, азар болса, 50 мың шығар бере алатыным, кейін оны қайдан шығарып аламын деген сияқты әңгімелер. Сондай бірнеше әңгіме. Шөленбаев Бақытқан деген кісімен. Нақты тағайындалу бойынша. Аудан әкімдігіне», - дейді Жамбыл облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің аса маңызды істер жөніндегі офицері Қайрат Дүнбаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары