Бұл аптада халықаралық басылымдар Қазақстандағы билік «транзитін» сараптап, оның әлі аяқтала қоймағанын айтты. Сонымен бірге, Батыс басылымдары Майк Помпеоның Қазақстанға сапарын және оның Азаттыққа берген сұхбатын сөз етті. Бұған қоса АҚШ-тың Орталық Азияға қатысты жаңа стратегиясы да мақалаға арқау болды.
Америкалық Jamestown Foundation сараптама орталығы «Жыл оқиғаларына шолу: Назарбаев президент қызметінен кетті, бірақ бақылау тізгінін ұстап қалды» деп аталған мақалада Орталық Азиядағы бұл мемлекетте бұрынғы президенттің биліктегі біраз басқару тетігін қолында ұстап отырғаны туралы айтқан. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда билікті ауыстыру процесі әлі біткен жоқ.
Отыз жылға жуық ел басқарған Назарбаев 2019 жылғы наурызда президент қызметін үзеңгілесі Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырып, өзі отставкаға кетті.
«Қызметіне кірісе сала Тоқаев халықаралық қарым-қатынастағы сабақтастықты сақтап, ел ішінде біртіндеп реформа жүргізуға уәде берген. Сыртқы саясатқа келсек, сыртқы істер министрі (1994–1999, 2002–2007) және БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесінің директоры (2011–2013) болған тәжірибелі дипломат ретінде Тоқаев шынымен ревизионизмге жол бермеді», - деп жазады Jamestown Foundation.
Президенттің шетелге барған алғашқы сапарларына тоқталған сарапшы Тоқаевтың Назарбаев отставкасынан екі апта өткенде Мәскеуге барғанын, ал сайлаудан соң қыркүйекте алғаш рет Қытайға сапар шеккенін, сол айда Нью-Йорктегі БҰҰ Бас ассамблеясының жиынында АҚШ президенті Дональд Трамппен тілдескенін, желтоқсанда Германияда болғанын, сәуір-қараша аралығында Орталық Азия елдерінде жылы жүздесулер өткізгенін еске салады.
Президент қызметінен кеткеніне қарамастан, Назарбаев биліктегі партияның төрағасы, «ұлт көшбасшысы» («елбасы» статусы оны және оның отбасы мүшелерін сот арқылы қудалаудан сақтайды) және қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы ретінде ішкі саясатқа көп ықпал ету мүмкіндігін сақтап қалды. Қызметіне кірісе сала, Тоқаев алдыңғы президенттің үстемдігін мойындап, астананы оның атымен атады», - деп жазды Jamestown Foundation.
Дереккөз: Азаттық