$ 448.89  477.93  4.76

«Ең басты міндет - арандатуға жол бермеу» - Ассамблея үндеу жасады

Ассамблея өкілдерінің мәлімдемесінде қылмыстың ұлты болмайды, ал кінәлі барлық адам анықталып, заң бойынша жазалануы тиіс.
Фото: Otyrar.kz
Фото: Otyrar.kz

Қазақстан халқы ассамблеясы қазақстандықтарды Президенттің Жамбыл облысындағы қақтығыстың салдарын жоюға бағытталған тапсырмасын жүзеге асыруға жан-жақты қолдау білдіруге шақырып, үндеу жасады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Ассамблея өкілдерінің мәлімдемесінде қылмыстың ұлты болмайды, ал кінәлі барлық адам анықталып, заң бойынша жазалануы тиіс.

"Қордайдағы оқиғалар елдің әрбір азаматының жүрегін ауыртады. Қайғылы оқиға болды - азаматтарымыз қаза тапты. Қазақстан халқы ассамблеясы қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтады, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейді", - делінген мәлімдемеде. 

Қазақстан халқы Ассамблеясы халықтың даналығына сенім білдіреді және азаматтарды, ең алдымен, жастарды елдегі бейбітшілік пен келісімге нұқсан келтіруге, оларға зиян келтіруге қабілетті ойластырылмаған сөздер мен істерден бас тартуға шақырады.

"Қазақстан халқы әрдайым бір-біріне бауырлас қарым-қатынастың үлгісі болып қала беретініне сенімдіміз. Балаларымыздың ортақ болашағы үшін біз ұлттық араздықты қоздыруға жол бермеуіміз керек. Біз азаматтарды жалған ақпараттарға сенбеуге, қоғамдық қауіпсіздік пен адамдардың тыныштығын қамтамасыз етуде құқықтық тәртіп органдарына көмек көрсетуге, біздің елімізде бейбітшілік пен тыныштықты сақтауға шақырамыз", - делінген мәлімдемеде

Ассамблея мүшелерінің айтуынша, Мемлекет басшысы қақтығыстың салдарын еңсеру жөнінде нақты тапсырмалар берді.

"Біз Қазақстан халқына осы күш-жігерді қолдауға және оларды іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге шақырамыз. Осы тапсырмаларға сәйкес Ассамблея еліміздің барлық өңірінде түсіндіру жұмыстарын, этномәдени бірлестіктермен жиналыстар ұйымдастырды. Сондықтан бүгінгі таңда ең басты міндет - арандатуға жол бермеу, жекелеген өкілдер жасаған теріс қылықтарға тұтас ұлттарды айыптауға жол бермеу", - деп мәлімдеді Ассамблеядағылар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары