$ 514.65  544.6  5.17

«Еліміздің тоқшылықта болуы маңызды» - Дариға Назарбаева

Жүздесуге сенат депутаттары, ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері мен мал шаруашылығы бойынша өнім өндірушілер қатысты.
Фото: Сплетник
Фото: Сплетник

Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Дариға Назарбаева парламенттік тыңдауларға дайындық аясында еліміздің мемлекеттік органдарының өкілдерінің және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің қатысуымен ет өндірісі саласының қазіргі жағдайына арналған кездесу өткізді, деп хабарлады Sputniknews.kz.

Жүздесуге сенат депутаттары, ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері мен мал шаруашылығы бойынша өнім өндірушілер қатысты.

Алдымен ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров Қазақстандағы мал шаруашылығының қазіргі күй-жайымен таныстырды, деп хабарлады сенаттың баспасөз қызметі.

Министрдің бірінші орынбасары ет өндірісі еліміздегі негізгі салалардың бірі екенін айта келіп, өткен жылы 1,1 миллион тонна ет өндірілгенін жеткізді.

"Отандық ет өнімдерінің экспорты айтарлықтай емес. 2019 жылы 372 тонна шұжық және 769 тонна консерві өнімдері экспортталды. Сонымен қатар, Қазақстаннан 156 063 ірі қара және 263 737 ұсақ мал сыртқа жөнелтілді", - дейді Сапаров.

2019 жылдың қазан айында елімізден ірі қара мен саулықтарды сыртқа шығаруға тыйым салынғанына қарамастан 26 781 ірі қара және 22 272 бас ұсақ мал әкетілген.

Сенат төрағасы Дариға Назарбаева мал шығаруға тыйым салу және оның зардаптары мәселесін көтерді.

"Ет дәмді, сапалы және бағасы қолжетімді болуы тиіс. Бүгін біздің қолымызда не бар? Ет бағасы өте тез өседі. Бізде ет бар, бірақ біздің нарықта неге қымбат? Оның үстіне, біздің еліміз бен халқымыз етті бағдарға алады. Маңыздылығы жағынан наннан кейін екінші өнім – ет", - деді Д.Назарбаева.

Батыс Қазақстан облысындағы "Кублей" серіктестігінің бас директоры Талғат Берекешев қайта өңдеу өнеркәсіп орындарының басты мәселелеріне тоқталды. Оның пікірінше, қайта өңдеу кәсіпорындарының толық іске қосылмауы негізгі проблема болып отыр.

"Ет комбинаттары 40-45% қуатында жұмыс істеп тұр. Бұған ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шаруашылығы жөніндегі бағдарламасы басты себеп болуда. Оған сәйкес, барлық субсидия өндірістік кәсіпорындарда шикізатты қайта өңдеуге емес, бордақылау алаңдары арқылы жіберіледі. Сондықтан фермерлер малды ет комбинатына емес, бордақылау алаңына тапсырса ғана малға субсидия алады. Яғни, олар бізге ет беруге құштар емес. Ал бордақылаушыларға экспорт тиімді, сондықтан субсидиямен алынған мал сатып алушыларға кетеді", - деп атап өтті Т.Берекешев.

Сенат төрағасы егер әр зауыт ең болмағанда 90% қуатында жұмыс істегенде, өнім көлемі мүлдем басқа әрі нарықтағы бөлшек баға да басқа болатынын және делдалдар азаятынын атап өтті.

"Қазір біз халықтың тамағы тоқ болуын, негізгі азық-түліктің қолжетімді болуын ойластыруымыз керек. Бұл – біздің басты міндетіміз. Ауыл шаруашылығының алдында сала ретінде басымдықтар бар. Қазақстандықтар туралы ұмытпайық. Олардың дастарханында қолжетімді дәмді ет болуы керек. Алдымен азық-түлік қауіпсіздігін ойлау керек. Өз еліміздің тоқшылықта болуы маңызды", - деді Назарбаева.

Сенат басшысы ет саласының қазіргі жағдайы туралы айта келіп, оның жеңіл өнеркәсіппен байланысын атап өтті.

"Малды сою – бұл да маңызды мәселе. Себебі терінің сапасы бізде жеңіл өнеркәсіптің дамуына әсер етеді. Бұл мәселеге барлық жағынан кешенді түрде қарау керек", - деді ол.

Дариға Назарбаева кездесуді қорытындылай келіп, парламенттік тыңдаудан кейін де жұмыс жалғасатынын атап өтті.

"2020 жылдың соңына, 2021 жылдың басына қарай Агроөнеркәсіпті дамытудың жол картасы дайын болады. Зерделі заңдар мен ережелер қабылдануы керек. Сіздермен мүддеміз ортақ – ауыл шаруашылығымызды көтеру, отандық өндірістің дәмді әрі арзан өнімдері дастарханда мол болуы үшін бай ел болу керек. Оны қарапайым заттардың экономикасы дейміз", - деді Д.Назарбаева.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары