$ 514.65  544.6  5.17

Ең көп оқырман – Жақсылық Омарда: әкімдер Instagram желісінде аз отырады екен

Әкім-қаралардың көбі facebook желісінде отырады. Твиттерге тіркелгендері де бар. Бірақ, ол өзі ме, жоқ па, белгісіз.
фото: turkystan.kz
фото: turkystan.kz

Осыдан бір жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге әлеуметтік желіде белсенді болуды тапсырып еді. Содан бері олар жаппай тіркеліп, ғаламтор беттерінде пайда бола бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин – әлеуметтік желінің белсенді қолдаушысы. 5 мың 500 оқырманы бар. Инстаграмда өзім отырамын дейді.

«Басқа да мәселелерге байланысты өз парақшама түскен сұрақтарға күндіз жауап беруге қол тимейді. Бірақ, түнде сұрақтарға өзім жауап беремін. Көбіне әйел азаматшалар әртүрлі мәселелер төңірегінде сұрақ қояды», - дейді Мавр Абдуллин.

Көкшетаудың әкімі Амангелді Смайылов облыс орталығында апат болып, тұрғындар сусыз қалғанда, коммуналшылармен бірге болып, жағдайды сағат сайын инстаграм парақшасынан баяндап тұрды. Оқырмандар оны сынады да, сыбады да. Бірақ, әкім халықтың ортасында жүріп, тіпті, өзі де блог түсірді.

Ал Талдықорған қаласының басшысы Ғалымжан Әбдірайымов инстаграм парашасына видеодан гөрі, сурет салғанды құп көреді екен. Ол пікірлерге сирек жауап береді, бірақ, бәріне «лайк» басуға тырысады.

Белсенді желі қолданушылардың қатарында Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов та бар. Ол инстаграм парақшасында халықпен үнемі байланыста. Мәселен, бір жазбасында тұрғындардан қар тазаланбаған көшелерді сұрап отыр. Жиын-кездесулерін сирек салады. Есесіне автобус жүргізгені бар.

Ең көп оқырман Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омарда. Оған 24 мыңнан астам адам жазылған. Қарағанды, Қызылорда, Атырау, Ақтау басшыларын инстаграмнан таба алмадық.

Ал Петропавлдың әкімі Болат Жұмабековтің барынан жоғы. Ештеңе салмаған, ешкімге жазылмаған, бірде-бір оқырманы жоқ. Парақшасы жабық. Өзінікі ме, жоқ па, белгісіз. Бірақ, суретте сол.

Әлеуметтік желінің бір жақсы жері, әкімнің қабылдауына жазылып, алдына бармайсыз. Керісінше, ол сізді іздегендей болады. Жазған пікіріңізге тез арада жауап беруге тырысады.

Бұл ретте тек инстаграм парақшаларына шолу жасалған. Әйтпесе, әкім-қаралардың көбі facebook желісінде отырады. Твиттерге тіркелгендері де бар. Бірақ, ол өзі ме, жоқ па, белгісіз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары