$ 514.65  544.6  5.17

Президент бастамасы – сайлау жүйесіне серпін берді (ФОТО)

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы сайлау тізіміне қатысты әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізудің маңыздылығына тоқталған.

Өткенде Ресейдің федеративтік телеарнасы (Россия 24) биыл әлем елдерінде өтетін ең маңызды саяси оқиғаларға шолу жасады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Сөз арасында, «2020 жылы Қазақстанды парламенттік сайлау өтеді» деді. 

Ел ішінде екіұдай пікір тудырған бұл ақпаратқа қатысты Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы ресми пікір білдірді. Парламенттік сайлау конституциялық мерзімінде өтетінін, кезектен тыс сайлау өткізу туралы құзырлы органдар мен қоғамдық ұйымдардан ешбір ұсыныс түспегенін айтты. 

Ал ҚР Парламенті Мәжілісінің VI-шы шақырылымының өкілеттік мерзімі 2021 жылы аяқталуы тиіс. Десе де, елішілік саяси дискуссиялар аз емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғаммен диалог орнатудағы қолға алған саяси бағыты мен бағдарламасы өз жемісін бере бастағандай-ақ... Оның айқын дәлелі, Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында айтқан, саяси партияларды тіркеу талаптарына өзгерістер енгізу туралы ұсынысы. 

Президент ұсынысы 

«Қазіргі талап бойынша, саяси партияны тіркеу үшін оның 40 мың мүшесі болуы керек. Бұл норма өткен кезеңнің талабына сай болды. Қазір саяси жағдай өзгерді. Біздің қоғам партия құрылысының жаңа сапалық деңгейіне өтетіндей дәрежеге жетті. 

Бұл едәуір өзгеріс. Мағызды қадам. Бұл азаматтық белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы сайлауға, саяси партияларға қатысты заңдарды бірте-бірте өзгертуіміз керек», деген болатын президент Тоқаев.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы сайлау тізіміне қатысты әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізудің маңыздылығына тоқталған. Президент бастамашылық еткен осы және өзге де бастамалар қазірдің өзінде қоғам тарапынан жылы қабылданып, елдегі азаматтық белсенділікті арттыруда оң өзгерістерге бастау болғаны анық.

Оның жарқын көрінісі қоғамдық ұйымдар мен қоғам белсенділері тарапынан жаңа саяси партия құру туралы бастамалар да әлсін-әлсін айтылып жүр. 

Осы ретте біз елдегі саяси партиялар мен Қазақстан парламентаризміндегі көппартиялы жүйеге шолу жасағанды жөн көрдік. Қазақстанда қанша саяси партия бар? Парламентте қанша партия болуы керек? Қазақстанды діни партия құрыла ма?

Қазақстан парламентаризмінің өткені мен бүгіні

Биыл, 2020 жылы ел Тәуелсіздігіне 29 жыл толады. Егемендіктің түңлігі түрілген 1991 жылдан күні бүгінге дейін ел ішінде, мемлекеттік басқару жүйесінде аз өзгеріс болған жоқ. 

Алты мерте парламенттік сайлау өткіздік. 1995 жылдың тамызында жалпыхалықтық референдум өткені белгілі. Соның негізінде жаңа Конституция қабылданды. Онда Қазақстанның негізгі Заң шығарушы органы Мәжіліс пен Сенаттың статусы айқындалып, көрсетілді. Осылайша Жоғарғы Кеңестің орнына қос палаталы, кәсіби парламент жасақталды. 

1996-1999 жылдар:

1995 жылдың желтоқсанында Қазақстан тарихында тұңғыш рет Мәжіліс сайлау өтті. Ол кезде мажоритарлы жүйе қолданыста болған еді. Соның негізінде 67 депутат сайланды. Алғашқы Мәжіліс 1996 жылдан бастап қызметіне кірісті. 

1999-2004 жылдар:

1999 жылдың күзінде Мәжілістің екінші сайлау өтті. Бұл жолы мажоритарлы жүйемен қатыр, саяси партиялар тізімімен де депутаттар таңдалды. Сайлауға ұзын-ырғасы 10 партия қатысқан екен. Олардың ішінде «Отан», «Азаматтық» партия, «Аграрлық» партия және «Коммунистік» партия өкілдерінен 10 депутат сайланды.

2004-2007 жылдар:

2004 жылдың қыркүйегінде Мәжілістің үшінші шақырылымы өтті. Сайлауға 12 саяси партия қатысқан.

Олардың 4-і екі сайлау блогының құрамында болған. Бұл жолы Парламент Мәжілісіне «Отан» партиясы, «АИСТ» сайлау блогы, «Асар» партиясы, «Ақ жол» партиясы, «Қазақстанның демократиялық» партиясы өкілдері сайланды. Тағы 18 депутат өзін-өзі ұсынғандар болды. 

2007-2011 жылдар:

2007 жылдың тамызында төртінші шақырылым депутаттарының сайлауы өтті. Ол кезде Конституцияға өзгерістер енгізілген еді. Ол бойынша Мәжіліс 107 депутаттан құралатын болды. Олардың 98-і жалпыұлттық сайлау негізінде сайланса, қалғандары Қазақстан Халқы Ассамблеясының өкілдері еді. 

Бұл жолы сайлауға 7 саяси партия қатысқан. Заңда көтсерілген 7 пайыздық барьерді «Нұр Отан» партиясы ғана еңсере алды. Сқйтіп, Мәжілістегі 98 орынды аталмыш партия өкілдері еншіледі. 

2012-2016 жылдар:

Мәжілістің бесінші шақырылымының құрамы 2012 жылдың қаңтарында жаңарды. Бұл жолы да сайлауға 7 саяси партия қатысып, оның үшеуі 7 пайыздық барьерді еңсерді. Олар: «Нұр Отан» партиясы, «Ақ жол» партиясы және «Қазақстан коммунистік» партиясы. 

Ал Мәжілістің алтыншы шақырылымы 2016 жылы сайланды. Бұл жолы да үш саяси партия жеңіске жетті. Олар: «Нұр Отан» партиясы, «Ақ жол» партиясы және «Қазақстан коммунистік» партиясы. Дәл осы алтыншы шақырылым қазір Мәжілісте. Дәл осы алтыншы шақырылымның өкілеттік мерзімі 2021 жылы аяқталуы тиіс.

Қазақстанда қанша саяси партия бар?

Сайлау – бұл демократиялық таңдау құқы. Ал көппартиялы парламент – мемлекеттік басқарудағы, оның ішінде Заң шығару ісіндегі демократиялылылқтың, зайырлылықтың кепілі. Сонау 1999 жылғы сайлаудан бастап Қазақстан парламентаризмінің тарихында көппартиялы жүйе қалыптасты. Ал 2012 жылғы сайлаудан кейін Қазақстан парламенті көппартиялы парламентке айналды. 

Қазіргі таңда елімізде ресми тіркелген, Орталық сайлау комиссиясының тізіміне енген 6 саяси партия бар екен. Олар: 

«Нұр Отан» партиясы (1999 жылы тіркелген), 

«Ақ жол» партиясы (2002 жылы тіркелген), 

«Ауыл» партиясы (2002 жылы тіркелген), 

Коммунистер партиясы (2004 жылы тіркелген), 

«ЖСДП» партиясы (2007 жылы тіркелген),

«Бірлік» саяси партиясы (2013 жылы тіркелген).

Бұлар қазіргі уақтағы Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының тізімінде тұрған ресми партиялар. Ал осы 29 жылдың ішінде Қазақстан қоғамында белсенді жұмыс жасаған оншақты саяси партия болды. Атап айтқанда, «Қазақстанның Аргарлық» партиясы, «Әділет» партиясы, «Асар», «Руханиат», «Патриот» партиялары, Социалистік, Республикалық партиялар, Қазақстанның халық конгрессі мен Азаматтық қоғам партиялары т.б. 

Бұлардан бөлек, Қазақстанның құзырлы органдары радикалды деп таныған немесе ОСК-ға тіркелмеген топтар мен партиялар да болған. 

Қазақстанда діни партия құру мүмкін бе?

Ал қазіргі таңда бірнеше белсенді топ саяси партия құру туралы бастама көтеріп, «Әділет» министрлігіне жүгінгенін мәлімдеген.  Сондай-ақ, діни саяси партия құру тақырыба да қоғам талқысына салынды. Зайырлы қоғамда діни партия құрудың мүмкіндіктерін болжаушылар Израиль, Германия мен жапония секілді елдердің тәжірбиесін мысал етуде. 

Десе де, Қазақстан Республикасының «Саяси партиялар туралы» 2002 жылғы № 344 Заңының 5-бабы, 8-тармағында: «Азаматтардың кәсiби, нәсiлдiк, ұлттық, этникалық және дiни белгiлерi бойынша саяси партиялар құруға, сондай-ақ мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында саяси партиялардың бастауыш партия ұйымдарын құруға жол берiлмейдi» деп тайға таңба басқандай жазылған.

P.S. Жоғарыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі сайлау жүйесін өзгертуге, саяси партия құру мүмкіндіктерін арттыруға қатысты қолға алған бастамалары сөзсіз, елдегі парламенттік жүйе жұмысына жаңа серпін, береді. Президен пәрменімен қолға алынған бастамалар Парламенттің рөлін күшейтуге орасан ықпал ететіні анық. Бүгінде Қазақстан Парламенті Заң шығарушы орган ғана емес, елдегі саяси жүйенің, кадрлық саясаттың анықтаушы барометріне айналып үлгерді. Алда парламенттік сайлау. Ол өзінің конституциялық мерзімінде өтсе де, әлде кезектен тыс ұйымдастырылса да, Қазақстан қоғамы саяси дискуссия мәдениетін толық меңгергені, кез келген саяси процесстерге дайын екендігін дәлелдеді. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары