$ 494.87  520.65  4.91

Қазақ-өзбек кәсіподақтардың интеграциясы – еларалық тұрақтылық пен тәртіптің кепілі (ФОТО)

Соның ішінде екі ел арасындағы еңбек қызметі және еңбекші көшіп-қонушылардың құқықтарын қорғау туралы келісімдерге қол қойылған.

Бүгін елдегі еңбеккерлердің құқығы мен мүддесін қорғайтын бірден-бір ұйым – Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының арнайы жұмыс делегациясы Ташкент қаласына барды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Делегацияны Қазақстан Кәсіподақтары федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Сатыбалды Дәулеталин бастап барған.

Федерация баспасөзінің ақпарына сүйенсек, қазақстандық делегацияның жұмыс тәртібі 10-11 ақпанға жоспарланған. 

Екі күндік сапар барысында Қазақстан және Өзбекстан Кәсіподақтары федерациялары арасында өзара ынтымақтастық келісімдерін талқылау, тәжірбие алмасу бағытында бірқатар бірлескен жобаларды әзірлеу секілді маңызды мәселелер қаралмақ.

Сондай-ақ, бірнеше іскерлік кездесулер жоспарланған. Атап айтқанда, екі елдің әлеуметтік, экономикалық һәм еңбек саласындағы ағымдағы жылғы ахуалды, соның ішінде кәсіподақ ұйымдарының еңбеккерлердің құқығы мен мүддесін қорғау бағытында атқарып жатқан шаралары талқыланады деп жоспарланған. 
Қазақстандық делегация Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Кудратилла Рафиков бастаған кәсіподақтар активімен кездесіп, қазақ-өзбек кәсіподақтары ұйымдары арасындағы екіжақты әріптестікті нығайтудың маңыздылығын, соның ішінде екбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған бірнеше жобаны бірлесе әзірлеу барысы келісілмек. 

Бұл – еңбеккерлерді уақытылы шипажайларға жөнелту, курорттық-сауықтыру процедураларымен қамтамасыз ету, кәсіподақ туризмін дамыту, жас мамандарды даярлау, сондай-ақ, бірлескен әлеуметтік және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыру т.б.

Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетейік, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тарихи мемлекетаралық қарым-қатынастар бауырластық пен ынтымақтастыққа негізделген. Тамыры түркіден тарайтын туысқан екі ел арасындағы бұл байланыстар Тәуелсіздіктің 29 жылында жаңа деңгейге көтерілгені өтірік емес. 

Орталық Азиядағы мемлекетаралық байланыстардың арасында қазақ-өзбек қарым-қатынастары айрықша маңызға ие екендігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев та бірнеше мәрте атап өткен. 

«Қазақ-өзбек қарым-қатынастарын нығайтуға, екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосқан құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа алғыс айтқым келеді. Қазақстанның Тәуелсіздігін нығайтудағы, мықты азаматтық қоғам қалыптастырудағы, сондай-ақ, бәсекеге қабілетті экономика құрудағы Қазақстанның жеткен жетістіктерін Халықаралық қауымдастық мойындады», деген еді Өзбекстан Президенті. 

Өз кезегінде Қасым-Жомарт Кемелұлы қазақ-өзбек қарым-қатынастарын жаңа деңгейге көтеру үшін бірқатар маңызды келісімдерге қол жеткізілгені туралы айтқан. 

«Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастық тарихының жаңа парағын ашып, біздің байланыстарымызды жаңа әрі сапалы деңгейге шығарды. Алдағы уақытта да Қазақстан-Өзбекстан қатынастарының жан-жақты дамуын жалғастыра береміз. 

Жаңа мүмкіндіктер іздеп, тауар номенклатурасын кеңейту қажет. 2020 жылдың соңына қарай өзара тауар айналымын 5 миллиард долларға дейін жеткізу – біздің негізгі мақсатымыз», деген болатын Қазақстан Президенті. 

Айтпақшы, өткен жылы Қазақстан президенті Өзбекстанға ресми іс-сапармен барған болатын. Сол жолы мемлекетаралық экономикалық һәм әлеуметтік серіктестікті нығайтуға бағытталған бірнеше құжат қабылданған. 

Соның ішінде екі ел арасындағы еңбек қызметі және еңбекші көшіп-қонушылардың құқықтарын қорғау туралы келісімдерге қол қойылған. 

Одан бөлек, Заңсыз көші-қонмен күрес бойынша ынтымақтастық келісім, Қазақстан және Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі арасындағы ынтымақтастық келісім, және бірқатар сауда-саттық, қорғаныс және дін салалары бойынша келісімдер қабылданған. 

Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының бұл жолғы Өзбекстанға жасаған сапары аталған келісімдерді жүзеге асыруда айтарлықтай маңызға ие болмақ. Екі ел Кәсіподақтары федерацияларының бірлесе отырып жұмыс жүргізуі еңбеккерлер мүддесі мен құқығын қорғап қана қоймай, еларалық тұрақтылық пен тәртіпке кепіл болатыны анық.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары