Алдағы уақытты Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы мен «Нұр Отан» партиясы бірлесе отырып жұмыс жасайтын болады. Кеше Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов пен «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Тараптар аталмыш әріптестік меморандум өз кезегінде еңбеккерлердің әлеуметтік-экономикалық һәм еңбек құқықтарын бірлесе қорғауға, мүмкіндік беретінін атап өтті.
Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов, Мемлекет басшысы қолға алған жалпыхалықтық реформаларды қолдауда федерацияның маңызды рөл атқаратынына тоқталып, осыған дейін федерация тарапынан еңбеккерлердің құқығы мен мүддесін қорғауға бағытталған бір қатар заң жобаларына өзгерістер енгізу туралы бастамалардың «Нұр Отан» партиясы тарапынан қолдау тапқанын айтты.
«Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының мақсат-мүддесі ортақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды институционалдыө реформаларды жүзеге асыру мен әлеуметтік жаңғыруға бағытталған сындарлы саясат әрқашан федерация тарапынан қолдау тауып келеді», деді Ералы Тоғжанов.
Өз кезегінде «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Қадырғалиұлы, партия мен федерация қызметінің ортақ мақсатты көздейтінін айта келе, мұндай әріптестіктердің Халықаралық тәжірбиелерде қолданыста екеніне тоқталды.
«Қазіргі таңда елімізде еңбекке жарамды 9 миллионнан астам адам болса, соның 2 миллионға жуығы Кәсіподақтарға мүше екен. Тағы 600-ден астам адам біздің партияның өкілі. Жоғарыда меморандум елдегі еңбеккерлердің, еңбек нарығындағы жағдайдың сапасын арттыруға үлкен септігін тигізетіні сөзсіз. Бірлесе отырып, жүйелі түрде жұмыс істеу арқылы оң нәтижелерге қол жеткізетін боламыз», деді Бауыржан Байбек.
Расында, Халықаралық тәжірбиеге көз жүгіртсек, партия мен кәсіподақтардың бірлесе жұмыс істеуі қарапайым еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделір қорғау өз тиімділігін дәлелдегенін байқауға болады.
Оның жарқын мысалы, АҚШ-тың Демократиялық партиясы мен кәсіподақтар арасындағы ынтымақтастық елдегі еңбек нарығын реттеуде, жаңа жұмыс орындарын ашып, еңбеккерлерді әлеуметтік қорғауда оң нәтижелер көрсеткен. Сол секілді, Ұлыбританиядағы Лейбористік партия арнайы жұмысшылар комитетін құрған. Германияның Социал-демократиялық партиясы кәсіподақтар ұйымын құрған. Мұндай тәжірбие солтүстіктегі көрші Ресейде де қолданысқа енгізілген.
Осы ретте айта кетейік, «Нұр Отан» партиясы төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының жұмысына аса мән беру керектігін айтқан болатын.
Қазақстан Кәсіподақтары федерациясы құрамына 21 салалық, 17 аумақтық және 18 мыңға жуқы бастауыш ұйымдарын біріктіріп отырған ұжым. Кәсіподақтар федерациясына 2 миллионға жуық адам мүше. Аталмыш ұйым елішілің һәм еларалық еңбек жанжалдарын шешуге, еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға, еңбек шарттары мен қауіпсіздігін жақсартуға айтарлықтай ықпал етіп, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы басты медиатор болып отырған ұйым.
Федерация төрағасы Ералы Тоғжановтың айтуынша, күні бүгінге дейін федерация тарапынан еңбеккерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар заң жобаларына өзгерістер енгізу туралы бастамалардың «Нұр Отан» партиясы тарапынан қолдау тапқан. Атап айтқанда, ҚР «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасына қатысты 25 ұсыныс берсе, соның 14-і қабылданған. Былтырдың өзінде кәсіподақтар 1700 медиациялық рәсімдер өткізіп, 1500 дей еңбек дауларын шешкен.
Меморандумға сәйкес, федерация жанынан құрылған «Келешек» жастар кеңесі мен партияның «Jas Otan» жастар қанаты да бірлесе жұмыс істейтін болады.