$ 494.87  520.65  4.91

Шымкенттік тұрғындар ауызсуға қашан жетеді? – әкім жауабы (ФОТО)

Ресми деректерге сүйенсек, ауыз су бойынша қаладағы 81 елді мекеннің 63-і толық қамтылған, 10-ы жартылай, 8 елді мекені тасып ішеді.

Республика бойынша маңызы бар, үшінші мегаполис Шымкент қаласының инженерлік инфрақұрылымы өте өзекті мәселе болып отыр, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Мәселен, қалаға 41 елдімекен қосылған, соның себебінен халық саны жедел өсіп жатыр. Қалаға жаңадан қосылған кейбір елдімекендер әлі де ауызсуға жете алмай отырған мәселесі бар, дегенмен оның да оң шешімі табыла бастады. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов халық алдындағы есепті кездесуінде айтты. Әкім өз сөзінде биыл 140 мың халқы бар тасымал арқылы су ішіп отырған 8 елді мекен және жартылай сумен қамтылған 5 елді мекеннің мәселесі шешілетінін жеткізді.

Ресми деректерге сүйенсек, ауыз су бойынша қаладағы 81 елді мекеннің 63-і толық қамтылған, 10-ы жартылай, 8 елді мекені тасып ішеді. Атап айтқанда, Абдулабад, Тұрдыабад, Өтеміс, Шапрашты, Базарқақпа, Жаңаталап, Игілік, Көкбұлақ, Тәуелсіздікке 20 жыл, Қызылжар ауылдары ауыз суды сағатымен пайдаланады. Ал, Батыс, Солтүстік саяжай, Ынтымақ-2, Ақжар, Айкөл, Асар-2, Ақтас-2, Тұран елдімекендері болса, осы уақытқа дейін суды тасып келген. Қамтылуы 94,7%. Халықты ауыз сумен қамту үшін өткен 3 жылда  31 мыңнан астам тұрғыны бар 9 елді мекенге ауыз су құбыры тартылған. 

«Ал қазіргі таңда қаланың солтүстік бөлігіндегі жаңа шағынаудандарды дамытуға ауыз судың қуаты жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін 3 магистралды құбыр салуымыз қажет. Биыл қалалық бюджеттен 8 елді мекенді сумен қамтитын 2 магистралды су құбырының құрылысы жүргізіледі. Сонымен қатар, шалғайдағы 5 елді мекенді сумен қамтитын магистралды су құбырының құрылысы жүргізілуде. Алдағы 3 жыл ішінде жартылай қамтылған  10 елді мекен және қалаға жетіспейтін магистралды су құбырларын тартуды жоспарлап отырмыз», - деді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов.

Сонымен қатар, биыл 100 мыңнан астам халқы бар 7 елді мекенді қамтитын Арғынбеков - Жібек жолы магистралды кәріз жүйесінің құрылысына 850 млн. теңге бөлініп және 3 жылдық жоспар бойынша 26 км кәріз коллекторының және қуаты 150 мың текше метр  тазарту қондырғысының  құрылысын кезең-кезеңімен салу жоспарланған. Яғни, алдағы уақытта 13 елді мекен кәріз жүйесіне қосылып, коллектордың қабылдау қуаты артады. Осылайша, кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 49 пайыздан 59 пайызға жетпек.

Осы орайда айта кетейік, соңғы 3 жылдың ішінде тұрғындарды сапалы электр жарығымен қамту мақсатында 10  елдімекенге электр желісі және 2 подстацияның құрылысы салынған. Бүгінде Шымкент қаласында тұрғындарды сапалы электр энергиясымен қамту деңгейі 93 пайызды құрайды. 

Ал электр энергиясының қуаты жетіспеушілігі қаланың солүстік бөлігінде байқалады. Әкімнің айтуынша, осы мәселені шешу үшін қуаты 220 кВ Бозарық подстанциясының құрылысы жүргізіліп жатыр. Оны осы жылы  пайдалануға беру жоспарланған.

«Сонымен қатар, екі подстанцияның құрылыстары жүргізілуде (қуаты 110 кВ «Ақжар» және   «1-М-1»). Олар келесі жылы пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, қуаты 110 кВ құрайтын төрт («Астана-1», «Астана-2», «1-М-1», «Ақжар») подстанция іске қосылып, электр қуатымен қамту 180 МВт-тан 300 МВт артады. Бұл қаланың қажеттілігін шешуге мүмкіндік береді. Осының арқасында 90 мың халқы бар 30 елді мекеннің мәселесі шешіледі», - деді М.Әйтенов. 

Не десек те, Шымкенттегі ауыз су мәселесі бар елді мекендер «Nur Otan» партиясының бақылауында екенін айта кеткен жөн. Жылдың басында халық қалаулылары мегаполсике іссапармен келіп, әлеуметтік мәселелері әлі күнге дейін толық шешімін таппаған елдімекенді аралаған болатын. 

Аталған іссапар бойынша ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракция мүшелері Дархан Мыңбай, Берік Оспанов, Фахриддин Қаратаев, Нұржан Әлтаев келіп кеткен еді. Халық қалаулылары барған Жаңаталап елдімекеніне 2011 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша мемлекеттік бюджеттен 213 млн. қаржы бөлініп, ауыз су жүйесі жүргізілген. Сапасыз жүргізілген ауыз су жүйесінен тұрғындар сумен толық қамтамасыз етілмей, кестемен беріледі. 72 үй сумен қамтылмаған. Осы кезде ел аралаған шенеуніктер аталған елді мекендегі ішкі орамдық ауыз су жүйесінің құрылысымен танысып, нысана құрылысына партиялық бақылау орнатылатындығын жеткізген болатын.

Қазір қаладағы 6 елді мекенде су көздері бар. Олардың қуаты - 424 мың кубометр. Яғни, шаһар халқын ауыз сумен қамтамыз етуде бұл жағынан кедергі жоқ. Дәл қазіргі жағдайға келсек, қалада 4782 шақырым су құбыры тартылып, Шымкенттегі 63 шағын аудан аумағына су жеткізіп отыр. Қала тұрғындарының 93 пайызы ауыз сумен қамтылған, алайда әлі күнге дейін суға қолы жетпей отырған 8 елді мекен бар.

«Қазір оларға аптасына 2 рет ауыз суды автокөлікпен тасымалдап отырмыз. Тасымал мемлекеттік бюджет есебінен жүргізіледі. Тағы 10 елді мекенді 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз ете алмай отырмыз, оларға тәулігіне 6-8 сағат қана су беріледі.  Себебі, ондағы ішкі ауыз су жүйелері әбден тозған, халық ұңғымадан шыққан суды ішіп отыр. Су жүйелерінің бәріне талдау жүргіздік. 5 елді мекенге ауыз су жеткізетін құбырлардың құрылысы толығымен аяқталды. Бұйырса, жыл соңына дейін ауыз сумен қамтамасыз етіп, тұрғындарды қуантқалы отырмыз. Талдау нәтижесі бойынша, тағы 13 елді мекенге су көздерінің жетіспейтіні анықталды. 2023 жылға дейін оларды ауыз сумен қамтамасыз етеміз, жобалық сметалық құжаттары дайындалды», - деді әкімдіктен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары