$ 514.65  544.6  5.17

Көпшіліктің қуанышы – көгілдір отын (ФОТО)

Залға жиналған қала тұрғындары кәсіпкерге зор қошемет көрсетіп, алғыстарын жаудырып жатты.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев алматылықтар алдында алғашқы есебін берді. Халықпен ашық кездесуде ең алғашқы болып талқыланған қаладағы көгілдір отын мәселесі болды. Алып шаһарда мұндай мәселенің бар екенін және газ құбырының жоқтығына байланысты шағымдардың бар екенін әкімнің өзі де растады. Дегенмен тұрғындар үшін жақсы жаңалық айтып, қуантып та қойды. Сағынтаевтың айтуынша, аталған мәселені шешу үшін қала әкімдігі Халық банкімен бірлесіп, мегаполис тұрғындарының газбен жылыту және үй ішілік жабдықтарға қосылуы үшін пайызсыз несие беру мүмкіндігі туралы келісімге қол жеткізген.

«Қазір несие беру мерзімі қарастырылуда. Сондай-ақ Халық банкінің әлеуметтік аз қамтылған азаматтарды газға және газбен жылыту үшін үй ішілік жабдықтарға өтеусіз негізде субсидиялау мәселесі күн тәртібінде тұр. Өсімпұлсыз несие адамдарға газға қосылуға қаражат алуға мүмкіндік бермек. Аталған несиені 1 жылға ресімдеуге болады. Жалпы, қала бойынша жеке сектордағы 2912 үй газдандырылмаған күйінде қалып отыр. Оның ішінде 1791 үй желіге қол жеткізе алса, 1121 үйдің қосылу мүмкіндігі жоқ. Жеткізушілермен бірге қалған 1121 үйге сыртқы желілерді жүргізу бойынша жұмыстар қарқынды жүріп жатыр», - деді Бақытжан Сағынтаев. 

Кездесу барысында тағы бір қуанышты хабар халық арасынан шықты. Жиынға қатысуға арнайы келген әрі сөз сұраған алматылық кәсіпкер Сергей Спицын Медеу ауданындағы жағдайы төмен елу отбасына газ қосып беруді қаржыландыруға дайын екенін айтты. Атымтай азамат барша бизнес қауымдастық өкілдерін осы игі бастаманы қолдауға шақырды.

«Мен кәсіпкермін. Қаланың экологиялық ахуалы мені де қатты толғандырады. Күз түсе менің балаларым ауыра бастайды. Бұл мен үшін өте маңызды мәселе. Мен қаланың төменгі аудандарына барғанда байқаған нәрсем бар. Мәселен, Думан шағын ауданында бір үйді газдандыруға үш жүз мың теңге керек. Кейбір отбасылар барлығы жабылып үш жүз мың теңгені айына әрең табады. Олар сосын бірнеше жыл жабылып жатып сол ақшаны қайтарады. Ал бизнес қауымдастығы үшін үш жүз мың түк емес. Осы орайда бизнесмендерге челлендж бастағым келеді. Мен өзім елу отбасына газды тегін қосып беремін. Менің әріптестерім де мені қолдайды деп сенемін», - деді кәсіпкер.

Залға жиналған қала тұрғындары кәсіпкерге зор қошемет көрсетіп, алғыстарын жаудырып жатты. 

Осы орайда айта кетейік, Медеу ауданында орналасқан Думан ықшам ауданы Алматы қаласы бойынша халық ең көп шоғырланған аудандардың бірінен саналады. Онда бір үйде бес-алты пәтер жалдаушы отбасыны қоса есептегенде, бір аулада кемі он бес-жиырма адам тұрады орташа есеппен. Аталған шағын ауданның тұрғындарының басым көпшілігі – қазақтар. 

Әкімнің есебін тыңдауға келген «Думан» ықшам ауданының тұрғыны Гүлжан Серікқали жоғарыда аталған жаңалық үшін ерекше қуанды. Себебі қарапайым халық көп шоғырланған өзі тұратын мекеннің тағы бір бағы жанарына көзсіз сенеді. Ол көзіндегі қуанышын жасыра алмай, бізбен ойын бөлісті.

«Қалай қуанбайсыз, айтыңызшы! Бұл үлкен қуаныш қой. Біздің «Думан» Көктөбенің етегінде, табиғаты ерекше, Шығыс айналма автомобиль жолына жақын, «Халық арена» спорт кешенінің маңында орналасқан.

Естуімше 30 мың халық тұрады дейді, бірақ менің көруімше одан да көп-ау. Өйткені екі үйдің бірінде төрт-бес жалға берілетін пәтер бар. Енді әрқайсын жалдайтын отбасылар мен олардың адам санын ойша есептей беріңіз. Біздің аудан да өркениетке жақындай түседі деп ойлаймын енді. Бүгінгі жаңалыққа шын қуанып отырмын», - деді Гүлжан Серікқали.

Алматы қаласының әкімдігі газдандыруға қатысты мәселенің өткір екенін біліп, сол бағытта жұмыс істеп отыр. Атап айтқанда, әсіресе, Түрксіб және Алатау айдандарында магистралды және газ тарту желілері жоқ. Сондықтан газ тартуда қиындықтар туындаған көрінеді. 

«Біз үш мыңға жуық үйді санадық, олардың үш жүзге жуығы тұрмысы төмен отбасылар. Оларға қатысты шешім қабылдадық, бүгінде екі жүзге жуық үй газға қосылды. «КазТрансГаз Аймақ» газды 148 мыңға тартып береді. Ал, басқа мердігер компаниялар бұл қызметі үшін 250–300 мың теңге аралығында алады екен. Бұл тұрғындар үшін оңай емес. Сондықтан біз Halyk банкпен келістік. Тұрғындар пайызсыз несие алуға ниетті.

Бүгінде бағдарлама дайын. Halyk банкі тұрмысы төмен отбасылардың шығынын өтеуге әзір. Қалғандарына пайызсыз несие бермек», - дейді қала әкімі. 

Айта кетейік, аталған несие мерзімі банкпен талқыланатындығын айтты. Алдын ала болжам бойынша пайызсыз несиелер бір жылға беріледі. 

Ал Алматыдағы «Шұғыла» ықшамауданындағы көп қабатты үйлерге орталық газ құбыры жүргізілмегендіктен тұрғындар электр энергиясын пайдалануға мәжбүр болып отыр. Электр көзін жаппай қолданған соң, жарық жиі сөніп қалады екен. 

Осы орайда, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев газдандыру жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын айтты. Әкімнің айтуынша, көгілдір отынды үйге кіргізу үшін тұрғындарға айтарлықтай жеңілдіктер жасалады деп сендірді әкім.

«Алатау және Наурызбай ауданындағы 210 үйдің 62-ін газ желісіне қосу жұмысы қалды. Екі ауданда да мердігер компаниялармен келісімшарт жасалды. Жұмыстарды 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қала әкімдігі Халық банкпен бірлесіп, мегаполис тұрғындарына газбен жылыту және үйішілік жабдықтарға қосылу үшін 0 пайызбен несие беру туралы келісімге қол жеткізді. Қазіргі уақытта несие беру мерзімі қарастырылуда. Сондай-ақ, Халық банктің аз қамтылған азаматтарды газға және газбен жылыту үшін үйішілік жабдықтарға субсидия бөлу мәселесі қарастырылды. Менің білуімше, көпқабатты тұрғын үлерге мұндай газ кіргізу қауіпті. Бүгін мамандар осы айтқан аудандарды қарайды», - деді Б.Сағынтаев.

Айта кетейік, 2019 жылдың екінші жартыжылдығында 3000-нан астам жеке үй газдандырылған. Жалпы, Алматының жеке секторында 2912 үй газдандырылмаған. Оның ішінде 1791 үй желіге қол жеткізе алса, 1121 үйдің қосылу мүмкіндігі жоқ. Қала бойынша 2 912 жеке сектордағы үйге әлі газ кірмеген.

Осы орайда айта кеткен жөн, Алматы қаласын көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселелерін ақырын-ақырын өз уақытымен жолға қойыла бастағанда, «Алматы – Талдықорған» магистральді газ құбыры аяқталып та үлгерді. Аталған газ құбырының құрылысы аймақ үшін аса ірі әрі әлеуметтік маңызға ие жобалардың бірі болып табылады. Оны жүзеге асыру үшін бюджет қаражатынан 21,4 млрд теңге бөлінді.

Ұзындығы шамамен 265 шақырым болатын «Алматы-Талдықорған» магистральді газ құбырының аяқтап, жаңа газ бөлу стансасын іске қосумен бірге орталықтандырылған газ құбырына Талдықорғанның бірқатар ықшам аудандарын қосуға мүмкіндік берді.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары