$ 494.87  520.65  4.91

Кәсіпкер аруларға қандай көмек бар? (ФОТО)

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Алматыдағы бизнестің 45%-ын әйелдер басқарып отыр: қызмет жүргізіп тұрған 174,5 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің 78 мыңына әйелдер жетекшілік етеді.

«Қаржылық дағдарыс, түрлі санкциялар, алып елдердің тауар соғысы секілді шиеленістер жан-жақтан жау сияқты анталағанда сыртқы макроэкономикалық, сол секілді ел ішіндегі микроэкономикалық факторларға онша тәуелді емес бизнес түрін жүргізген абзал», - дейді тауарлар нарығының мамандары.

Бүгінде бизнес әлемінде қыз-келіншектердің табысты кәсіпті дөңгелетіп отырғаны жасырын емес. Оның бірден бір дәлелі, Қазақстанда 1,2 млн кәсіпкердің ішінде 536 мыңы әйел екен. Яғни бүгінде кәсіпкер нәзік жандылардың саны едәуір артып отыр. Ал Алматыдағы бизнестің 45 пайызын әйелдер басқарады. Нақты айтқанда, жұмыс істеп тұрған 174,5 мың шағын және орта бизнестің 78 мыңына әйелдер жетекшілік етеді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Бұл туралы Алматыда өткен «Women in business» кәсіпкер әйелдердің екінші форумында айтылды. 

Аталған форумға 300-ден астам табысты кәсіпкер әйелдер мен қоғам қайраткерлері қатысты. Олардың қатарында ҚР «Атамекен» АЭС-нің іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ басшысы Үміт Шаяхметова, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимова, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басшысы Гаухар Бөрібаева, «KURALAI»сән үйінің негізін қалаушы бар Құралай Нұрқаділова және т.б. бағы жанып, еңбегі еленген арулар бар.

Сессия қонақтары күн сайын еліміздің шығармашылық экономикасының дамуына үлес қосатын танымал әйелдер Айнұр Тұрысбек (Ainur Turisbek), Жанел Бертаева (Lenazh), Құралай Нұрқаділова (KURALAI сән үйі), Әсел Әділ(Adili), Ольга Ким (Brosh) болды. 

Форумға қатысушылар бизнес орта, әйелдер бизнесі, экономикалық саясат, қалалар инфрақұрылымы, мәдениет және экология, салалық мамандану, экономиканың әлемдік трендтерін дамытудың өзекті мәселелеріне назар аударды. 

Алдымен сөз алған «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова: «Кәсіпкер әйелдер былтыр «Атамекеннің» ұйымдастырған бизнес сабағына қызығушылық танытты. «Еңбек» бағдарламасы аясында Қазақстанда 75 мың адам курсты оқыды, олардың 40 700-і нәзік жандылар.

«Бастау» жобасы бойынша курстан өткен 55 мың адамның, 30 500-і әйелдер. «Жас кәсіпкер» жобасы аясында 10 мыңнан астам келіншек бизнестің қыр – сырын үйренді», - деді. 

Айтпақшы, жеке кәсіпті бастауда бастапқы қаражат маңызды екені белгілі. Екінші деңгейлі банктердің несиелері, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында берілетін несие мен гранттар секілді қаражат алу көздері жұмыс істейді. Ал дәл әйелдер кәсібіне арналған несие бағдарламалары бар ма? Енді осы сауалға жауап іздеп көрелік.

Өткен жылға дейін әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағдарламасы екінші деңгейлі банктерге қаражатты шарттасып орналастырырып, кейіннен әйелдер кәсіпкерлігін микронесиелеуге арналған шағын несие беру бағдарламасы жұмыс істеді. Бұл бағдарламаға әйелдер кәсіпкерлігінің субъектілері – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз қызметін жүзеге асыратын кәсіпкер әйелдер, сондай-ақ әйел адам басшылық ететін ЖШС, жарғылық капиталдың 50% әйел адамға тиесілі болса және штаттың 30%-ы әйел адамдар қатыса алды және сыйақы мөлшері соңғы қарыз алушы үшін жылдық 14%-дан аспайды. Мәселен, 30 000 000 теңгеге дейін қаржыны 36 айға алуға мүмкіндік болды. 

Сондай-ақ, бүгінде кәсіпкер «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасының талаптарына сәйкес келсе, субсидиялар мен кепілдіктерді де пайдалана алады. Бұл бағдарлама бойынша бірқатар екінші деңгейлі банкке тиісті құжаттарды ұсына отырып, несие алуға өтінім беруге болады. Әр банктің құжат қабылдау талабы әр түрлі. Бағдарлама бойынша бірыңғай құжаттар тізімі бекітілмеген.

Осы орайда айта кетейік, бизнеспен айналысуды қалаған қыз-келіншектерге ұсынылатын тағы бір несиелеу бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл бағдарламаның мақсатты сегменті – микро, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері. Әр бизнес субъектісі жылына 14%-дан 19%-ға дейінгі мөлшерлемемен 14 900 000 000 теңгеге дейін қаржы ала алады. Несие беру мерзімі – 120 айға дейін. Бұл бағдарлама бойынша несие негізгі құралдарды сатып алу және / немесе жаңғырту; айналым қаражатын толықтыру мақсатында беріледі. Несие бойынша негізгі борышты өтуге 12 айға дейін жеңілдік береді. Ең басты ерекшелігі несие алуға ұсынылған бизнес-жобасы Еуропа қайта құру және дамыту банкі қойып отырған экологиялық және әлеуметтік бағытқа сәйкес келуі керек.

Сонымен қатар, 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының негізінде жүзеге асырылып отырған «Бастау» жобасын пайдаланудың мүмкіндігі зор. Бұл бағдарлама ерлер мен әйелдерді бөліп жармайды. Ең бастысы кәсіпкерлік икемі бар, бизнес-идеясын нағыз жобаға айналдырып, комиссия алдында қорғап шыққан тыңдаушы жеке кәсіптің иесі атана алады. Оқуға ауыл тұрғындары – жұмыссыздар және бизнес ашқысы келетін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, сондай-ақ бизнесін кеңейтуге мүдделі, ісін жүргізіп жатқан кәсіпкерлер (бизнесінің тіркелу мерзімі 3 жылдан аспауы тиіс) шақырылады.

Бастапқы тақырыпқа қайта оралайық, жоғарыда аталған форум барысында тәжірибелі сарапшылар шараға қатысуға ниет білдірген 300-ге тарта кәсіпкер қыз-келіншектерге бизнес ортаны дамыту,кәсіпті қаржыландыруға қатысты қолжетімді бағдарламалар, жеңіл өнеркәсіп және Алматы шаһарындағы креативтік индустрия, қаланың инфрақұрылымын дамыту, салық төлеу және өзге де жеке кәсіпте кездесетін әлеуметтік, экономикалық мәселелерге қатысты кеңес беріп, осы саладағы көкейкесті мәселелерді өзара талқылады.

Шараға арнайы қатысқан Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев алғаш рет Іскер әйелдер Ассоциациясымен 1998 жылдары Жамбыл облысы әкімшілігінде қызмет істеп жүргенде өзара байланысының басталғанын, осы салмен 20 жылға жуық уақыттан бері жақсы таныс екенін атап өтті.  

«Біз әкімшілікте іскерлік кеңес құрдық. Ол түрлі бағытты қамтиды. Ол Алматы қаласының даму стратегиясына қатысты жеті бағыты жүзеге асыруды өз жауапкершілігіне алып отыр. Бір комитетті Үміт Болатханқызы өзі басқарып отыр. Жақында біз барлық комитеттердің басшыларын тыңдадық, сонда ер адамдар басқаратын комитетте 2-3 адам жұмыс істейді, ал Үміт Болатханқызы жалғыз. Барлық жауапкершілікті бір өзі алып отыр. Сондықтан, бүгінгі іскер әйелдерді өзара бірлесіп жұмыс істеуге осы комитетке шақырамын. Онда біз меніңше, өзекті деген түрлі мәселелерді талқылаймыз. Осындай істерге сіздердің белсенділіктеріңіз қажет», - деді. 

Сондай-ақ, әкім Алматы қызмет көрсету қаласы болғандықтан, осы салада қолға алатын жұмыстар өте көп екенін, сол себепті де басқа да бизнес көздерін тауып, кәсіппен айналысуға болатынын, ондай маңызды шараларға әкімшілік қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.

Өз кезегінде сөз алған белгілі кәсіпкер, «Mimioriki» балалар киім брендінің негізін қалаушы Инна Апеко Алматы шағын және орта бизнестің орталығы ретінде ғана емес, жалпы бизнестің қаласы ретінде көргісі келетінін жеткізді. Өйткені бұл қала Республика бойынша эконмикалық тұрғыдан да, мәдени тұрғыдан да көш ілгері тұрған алып шаһар деп есептейді. «Алматы қаласының алдында өте жауапты міндет тұр - бұл жерде елдің негізгі шығармашылық өнімі туындайды, сондықтан қаланың дамуы осы ортаны қолдауға және дамытуға бағытталуы керек», - деді ол.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Алматыдағы бизнестің 45%-ын әйелдер басқарып отыр: қызмет жүргізіп тұрған 174,5 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің 78 мыңына әйелдер жетекшілік етеді.

Республика бойынша бұл көрсеткіш 43%-ға тең (1,2 миллион кәсіпкердің ішінде 536 мыңы әйелдер). Олар өткен жылы «Атамекеннің» ұйымдастырған бизнес-оқуына үлкен қызығушылық танытты. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстанда 75 мың адам оқудан өтті, олардың 40,7 мыңы (54%) - аяулы әйелдер. «Бастау» жобасы бойынша курстан өткен 55 мың адамның ішінде 30,5 мыңы (55%) тағы да әйелдер. «Жаскәсіпкер» жобасы аясында 20 мың түлектің ішінде 10 мыңнан аса жас әйел бар(51%) екен.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары