Өмір бойына сотталып кеткен Владислав Челахтың өзін-өзі өлтіргені туралы қауесет тарады. Оның рас-өтірігін білу үшін "КАРАВАН" тілшісі ҚАЖК басшылығының қыр соңынан қалмапты. Ақыры тілші өлім жазасына кесілгендер колониясына кіре алған екен, деп хабарлайды zakon.kz.
Челах журналистпен сөйлесуден бас тартты. Бірақ, тілші әбден жалынғаннан кейін көнген екен. Камерада журналист бойы екі метрге жуық еңгезердей жігітті көрді, баяғы сот залындағы жас сарбаздың бейнесіне мүлдем сәйкес келмейді.
Қысқа сұхбат берген Владислав өз мәлімдемесін бұқаралық ақпарат құралдарына жариялауға үзілді-кесілді рұқсат бермеді. Колония қызметкерлері фототілшінің Владиславты түсірген барлық суреттерін жойып тастауға мәжбүр етті.
Сосын журналистер Челахтың бүкіл отбасымен Калининградқа көшіп кеткен анасымен хабарласыпты.
– Влад бізге ештеңе айтпайды, - деді анасы Светлана Ващенко. – Оның жалғыз сөзі – ол ешкімді өлтірмеген. Бірақ, кімдердің қатысы болуы мүмкін екенін айтпайды. Тіпті, ымдап та айтпайды. Кездесуде бізге бұл туралы сөйлесуге рұқсат жоқ. Бар әңгімеміз тек отбасы мен туыстар туралы ғана. Бөтен сұрақтар қойылмауы керек.
2012 жылдың жазында 15 шекарашы қызмет еткен "Арқанкерген" уақытша шекара бекетінде қанды қырғын болды. Казарма ғимараты өртеніп, 14 адамның мәйіті табылған. Таяу жерде орналасқан аңшылар үйінен егерьдің денесі табылды. Бірнеше күннен кейін шекарашылардың ішінде аман қалған жалғыз адам – 19 жастағы қатардағы қызметкер Челах ұсталды.
Бастапқыда қылмысты мойындаған ол кейінірек өзі берген куәлардан бас тартты.
2012 жылдың 11 желтоқсанында Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сот оны өмір бойына бас бостандығынан айыруға үкім шығарған.