Журналист Ержан Жаубай facebook парақшасына еліміздегі екі мегаполистің карантинге жабылу тәртібін ұқпай қалғанын жазды. Шынымен де, Нұр-Сұлтан және Алматы аумағына адамдардың кіріп-шығуын шектеу талабына қарап отырсақ, карантин енгізілген 19 наурыздан бастап екі қалаға екінің бірі еркін қатынай беретінге ұқсайды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Мынадай шектеумен кімді алдағысы келеді бұлар? «19 наурыз күні сағат 00.00-ден бастап енгізілетін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының аумағына адамдардың кіруін/шығуын шектеу келесі санаттағы тұлғалар үшін қолданылмайды:
1. Бұған дейін қаладан шығып кеткен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының тұрғындары қалаға оралған жағдайда;
2. Бұған дейін қалаға кірген басқа өңірлердің тұрғындары қаладан шығатын болса;
3. Бұған дейін шетелдерге шығып кеткен ҚР азаматтары (олар Қазақстан Республикасына оралған жағдайда);
4. Бұған дейін елден шығу үшін ҚР аумағына кірген және елден шығып кету мақсатында әуе көлігімен шығатын шетелдіктерге;
5. Шетелдіктер (азаматтығы жоқ тұлғалар), Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар тұлғаларға;
6. Бұған дейін шетел мемлекетінің аумағына шығып кеткен ҚР азаматтары Қазақстан Республикасына оралған жағдайда».
Қалаға келген өзге жақтың адамы осы қаладан шығам деп келетіні айдан анық. Ал осы қаладан шығып кеткен қала тұрғыны өз үйіне қайта оралам деп шығатыны анық емес пе?! Сонда бұл билік қалаға кіріп-шығу шектеуін кім үшін қойып отыр?! Осы қалалардан індет жұқтырғандар басқа жаққа тарата берсін деген сөз бе бұл?
Неге біздің үкімет анау үшін, мынау үшін деп мәймөңкелемей, «қалаға кіріп-шығу тоқтады, кім болсаң да бір ай отырған жеріңде отыр» деп айта алмайды?! Ертең сол постқа қойған адамдарына пара беріп немесе көкелерін алға салып, жоғарыдан қоңырау соқтырып, кіріп-шығып жүре бермесіне кім кепіл?», - дейді Ержан Жаубай.
Оған пікір білдірген желі қолданушылар да «Сонда расында кімдерді шектеп отыр? Бәріне рұқсат екен ғой», «Бұл карантин емес қой!», «Дұрыс айтасыз! Қисынға қиындау екен», «Бауырым, жұрттың аузындағы сөзді дөп айттың!», «Бәрі түсініксіз» деп, билік шешіміне «бас шайқасып» отыр.