«Егемен Қазақстан» газетіне «Қазақстанның жеңіл өнеркәсібін жандандыруға бола ма?» деген тақырыпта ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаеваның көлемді мақаласы жарияланды. Онда автор еліміздің шағын және орта бизнесіндегі көкейкесті мәселелердің негізгілерін ортаға салған, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Негізгі болғанда да, дәл қазіргі жағдайда ел экономикасының коронавирус дертінен қорғана алар қауқары шамалы болып шықты. Сенат спикері аталған тақырып аясында ол жағын да ескере кеткен екен.
«Ең қарапайым зат – медициналық маскалар нөмірі бірінші тапшы тауарға айналды. Жеңіл өнеркәсіптегі ірі және орта кәсіпорындар аз бөлігінің өзі қысқа мерзімде бар күштерін маска шығаруға бағыттай алмайтындай жағдайда болып шықты. Тіпті, өзіміздің дәке өндірісіміз де жоқ. Қалыпты уақытта маскамен ойдағыдай қамтамасыз етіп келген шағын кәсіпорындар дағдарыс кезінде мәселені шеше алмады» деп жазды ол.
Бұл ретте, ел үшін мақала авторының кім екендігі емес, оның, яғни билік өкілінің тығырықтағы тұрмысқа назар аудара бастағаны маңызды. Енді билік санасқан бизнес бауырын көтеріп, өзіміздің өндірістер өркендей қойса, қанеки?! Абай атамыз айтпақшы, «қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» ғой. Тағы да «билік барлық жағдайымды өзі жасасын» деп керги береміз бе, үйде қарапайым масканың өзін тіге алмай жатып?..