$ 444.22  476.38  4.82

Елордалық мәслихатқа үміткерлер сайлауалды шаралардың әділетсіз өтіп жатқанын айтты

Астана қалалық мәслихатына үміткер Бақыт Сыздықова мен Аида Жексенова сайлауалды шаралардың әділетсіз өтіп жатқанын айтып шағымданды. Қос кандидат қалалық сайлау комиссиясы ұйымдастырған кеңеске не өздері, не сенімді өкілдерінің шақырылмағанын айтып отыр.

Айта кетейік, 26 ақпанда Конгресс-холлда қалалық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен ҚР Парламенті Мәжілісімен ҚР барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлауда өзара әрекет ету мәселесі бойынша кеңес өткен болатын. Семинарға ҚР ОСК төрағасының орынбасары Владимир Фоос, Астана қаласы сайлау комиссиясының төрағасы Игілік Жалбыров, барлық деңгейлердегі сайлау комиссияларының мүшелері, мемлекеттік органдар мен саяси партиялардың өкілдері, халықаралық бақылаушылар, депутаттыққа кандидаттардың сенімді тұлғалары және БАҚ өкілдері қатысты. Алайда, осынау жиынның болатындығы туралы ақпарат үміткерлердің бәріне айтылмаған көрінеді.

Бұған дейін Мәжілісте де, елордалық мәслихатта да депутат болған Бақыт Сыздықова өзінің Фэйсбук-парақшасында сайлауалды шаралардың әділетті өтіп жатқанына күмәнмен қарайтынын жеткізген. Сол секілді Аида Жексенова да осы желідегі парақшасында сайлауалды тренингтер тек санаулы үміткерге ғана өткізіліп отырғанын айтады.

"Аталған кеңеске не мені, не менің сенімді өкілдерімді шақырған жоқ. Біз Бақыт Сыздықова екеуміз аталған жиынның өткенін интернеттен білдік. Неге БАҚ өкілдері осындай заңсыздықтарды жазбайды? Бір кандидаттар үшін тренинг өткізеді де, оған өзге кандидаттарды шақырмайды. Маған өз учаскемнің шекарасын әлі бекітіп берген жоқ. Өзім тұрғындармен кездесіп, проблемаларын тыңдап жүрмін" дейді А.Жексенова.

Естеріңізге салайық, ҚР Парламент Мәжілісі мен өңірлердегі мәслихат депутаттарын сайлау шарасы ағымдағы жылдың 20 наурызында өтеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары