$ 494.87  520.65  4.91

Ахметбек Нұрсила желідегі жұрттың көмегімен партия құрып, депутат болғысы келеді

«Менің инста парақшама, ютуб каналыма «Қолдаймын» деп жаза салсаңыз және де егер шынымен менің партия құрып, халықтың сөзін сөйлейтін депутат болғанымды қаласаңыз, дос-таныстарыңызға айтсаңыз...».

Қазақтілді ортаға ақша табуды үйретіп жүрген бұрынғы кәсіпкер, біраз «жолы болмаған жобалардың авторы», қазіргі бизнес-тренер Ахметбек Нұрсила өзінің You Tube арнасы мен facebook парақшасына жеке партия құрып, Парламент палаталарының біріне депутат болып барғысы келетінін мәлімдеді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұл ретте, белсендінің «күніне жүз ойланып, мың толғанып» жазған дүниесін қысқартып әуре болмай, тұтасымен тастай салсақ, өзі былай дейді:

«Мен саясаткер емеспін. Бірақ, өзімді оқығаным, тоқығаным, өмірден, экономикадан тәжрибесі бар адаммын деп санаймын. Мағжанның «Сезінбей өзі өлгенін өзінікін, аты өшкір оқығандар нетіп жатыр?» деген өлеңін оқыған сайын өзімді «Атың өшкір, не істеп жүрсің?» деп жек көріп бара жатырмын. Менің оқығаным қара басымнан аспаса, онда шынымен «аты өшкір» болғаным ғой?

Оқығаным, білгенімді халықтың игілігіне жарату үшін депутаттыққа барсам деген ойым бар. Мен не білемін?

1. 1982 жылдан бастап өндіріс орындарында істедім. Қарапайым ұстадан цех бастығына дейін көтерілдім;

2. 1991 жылдан бастап кәсіптемін. Шұжық өндіру, тон өндіру, жиһаз өндіру, қымыз өндіру салаларында істедім. Таксопарк, түйе, жылқы өсіру саласында біраз сәтсіз жобаларым да болды;

3. Италия, Түрік кәсіпкерлерімен тығыз байланыста болдым. Америка, Канада елдерінен мықты кеңесшілерден сабақ алдым;

4. Экономика саласын жақсы көріп оқимын, түсінемін;

5. Кейінгі 5 жыл кәсіпкерлерді дайындаумен айналысып жүрмін.

Осы жинаған білімдерім мен тәжрибелерім маған парламентке барып, еліміздің дамуына жақсы әсерін беретін заңдарды қабылдауға септігі тиеді деп ойлаймын.

Әрине, саясат саласында сондай білімім жоқ. Және де саясат мені сондай қатты қызықтырмайды да. Кезінде Ғалымжан Жақиянов досымның өтінішімен ДВК-ның митингілерінде сөйлегенім рас. Ол азаматты мен сыйлаймын, қазақтың рухы сынбаған бір батыры деп санаймын. Бірақ, саяси көзқарасымыз бірдей емес. Маған елдің тыныштығы, берекесі керек.

Қазіргі президентіміз дұрыс бағыт ұстанып, халықтың көңілінен шығатын іс-әрекеттер жасап жатыр деп санаймын. Әрине, бәрі керемет болып кетті, жасасын президент деуден аулақпын.

Ешқашан ТЖ (Табан жалағыш) болып көргем жоқ, қалған өмірімде бола қоймаймын деп ойлаймын. Керек кезінде өкіметті сынап, тексеріп, қателіктерін көрсетіп, халықтың талабын жеткізіп отыра алатыныма сенімдімін.

Сондықтан парламентке барып елімнің өркендеуіне септігімді тигізгім келеді. Бірақ, ол үшін партия атынан түсуім керек. Бір партияның атынан баратын болсам, онда олардың айт дегенін ғана айтатын қолжаулық боламын ғой. Мен ондай болғым келмейді.

«Өз партиямды құрсам қалай болады?» деп дос-таныстарыммен ақылдассам, «Өле алмай жүрсің бе? Асфальтқа «закатать» ете салады» деп қорқытады...

Мен ойлаймын, «Неге мені асфальтқа «закатать» етуі керек?». Мен қандай елде өмір сүріп жатырмын? Ұрпағым қандай елде өмір сүреді сонда? «Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі» деген Міржақыптардың, «Тірі болсам, Қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деген Әлиханның сөзін күндіз-түні айтамын. Ал, тірлігім мынау.

Сонда мен кім болғаным? Олардың сөзін несіне айтып жүрмін? Осы ой талайдан бері мазалап жүр.

Мен партия құрсам, мені қанша адам қолдайды деп ойлайсыздар? Сіз қолдайсыз ба?

Менің инста парақшама, ютуб каналыма «Қолдаймын» деп жаза салсаңыз және де егер шынымен менің партия құрып, халықтың сөзін сөйлейтін депутат болғанымды қаласаңыз, дос-таныстарыңызға айтсаңыз. Олар да менің осы постыма, ютуб каналыма «Қолдаймыз» деп жаза салса. Егер де шынымен халық қолдаса, онда мен бел шешіп кірісемін.

Құрметпен Ахметбек Нұрсила!».

Сілтемеге өтіп көрсеңіздер, қолдаушылары да аз емес екен. Алайда, «Алдағы күнді Алла біледі»...

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары