ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков дауыс берушілердің жәшікке бірнеше бюллетень салып жатқандығы түсірілген бейнероликтерді тексеретінін мәлімдеді. Бүгін журналистермен арнайы брифинг өткізген ол сайлаудағы заңсыздықтарға тоқталды.
"Әрбір сайлау науқаны кезінде біз Интернет желісінде пайда болатын осындай бейнероликтерді тексеруден өткіземіз. Бұл ретте атап өту керек, сайлаудың өту барысын кандидаттардың өздері, олардың сенімді өкілдері, қоғамдық бақылаушылар, халықаралық бақылаушылар қадағалайды. Яғни, бақылау тетіктері сайлау туралы заң аясында жолға қойылған. Сондықтан, тәжірибеге сүйене отырып, біз ең алдымен осы кісілердің шағымын тексереміз. Қазіргі таңда бізге Астана мен Көкшетауда бюллетеньдерді өзгелерге беру, бір адамның бірнеше рет дауыс беруі секілді заңсыздықтардың орын алғандығы туралы шағымдар келіп түсті. Бұл ақпараттың шындыққа жанасатындығын тексеріп жатырмыз" деді Сүйіндіков өз сөзінде.
"Интернет желісін кезіп жүрген бейнероликтер бұрынғы сайлаулардың кезінде де болған. Біз әрине, мұның бәрін тексереміз. Алайда, алдыңғы парламенттік сайлауда мұндай хабарламалардың 95-96 пайыздайы жалған болып шықты. Мәселен, бір сайлау учаскесін немесе мектепті айтып, заңсыздық орын алды дейді. Тексере келгенде ондай мектептің немесе сайлау учаскесінің мүлдем жоқ екеніне көзіміз жетеді" деді Бас прокуратураның ресми өкілі.