Коронавирус індеті кесірінен жылдағы мезгілінен кешігіп өткізілген (22-28 мамыр күндері) ҚХР Бүкіл мемлекеттік халық құрылтайы кезекті 13-мәжілісінің 3-жиналысында құрылтайдың «Гонконг айырықша әкімшілік аймағының мемлекет қауіпсіздігін қорғаудағы заңдық жүйесі мен заңды атқару механизмдерін құру мен оны жетілдіруге байланысты шешімі» дейтін (қысқартылып «Гонконгтің мемлекеттік қауіпсіздігі заңы») деген құжатты қабылдады. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, Abay.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Түсіндіруінше, аталмыш заңды қабылдаудың мақсаты - "мемлекетті бөлшектеу мен билікті аударып тастау, террористік әрекеттерді ұйымдастырып жүзеге асыру сияқты мемлекеттің қауіпсіздігіне ауыр залал келтіретін әрекеттер мен қимылдардың, сондай-ақ шетелдік және сыртқы күштердің айрықша әкімшілік аймағының істеріне қол сұғу әрекеттерінің алдын алу, оған тосқауыл қою және оларды жазалау" көрінеді.
Заңның рухына сай, Бейжиң Гонконгта ақпараттық-тыңшылық құрылымдарын жасақтайды және ол қоғам қауіпсіздігі министрлігі (ҚҚМ. біздегі ІІМ) мен мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің (МҚМ) қызметтері болуы мүмкін. Аталған айрықша әкімшілік аймақтың ата заңы саналатын «Гонконг негізгі заңында» Гогконг Қытайдың басқа әкімшілік құрылымдарынан бөлекше, жоғары дәрежелі автономиялы аймақ мәртебесімен бекітілген. Онда Бейжиңнің жаңағыдай құрылымдарының енгізілуіне қақысы жоқ-ты. Гонконг полициясы құрлықтық қытайдан дербес болатын, ҚХР ҚҚМ-нің Гонконгта заң атқару құзіреті болмаған. Ал, МҚМ қызметінің аймақта болуы, тіпті, ақылға симайтын. Қытай армиясының өзі "онда әншейін бірдеңе болып қалмас өшіре тұрады" делінетін.
Құжат қабылданған күні-ақ, ҚХР ҚҚМ ресіми сайтында Гонконг полициясының жұмысын "бар күшімен қолдайтындығын" жариялады. Іле-шала Гонконг белсенділері аталмыш «заңның» қабылдануына наразылық білдіріп ереуілге шықты және полициямен қақтығысқа барды. Бұл 2019 жылы маусымда тұтанған аймақ халқының Бейжиң билігіне қарсы күресінің сөне бастаған қоламтасына қайта шырпы тастады...
Әлемдегі ең ірі қаржы орталығындағы үштіктің бірі ретінде Гонконгке қатысты әрқандай шешім мен оның тағдыры халықаралық қауымдастықты бей-жай қалдырмасы табиғи. Аталмыш құжат қабылданбай жатып және оның "өткізілетініне" күмәнданбаған АҚШ мемлекет хатшысы Пампео 27 мамырда өздерінің ендігәрі Гонконгтің "жоғары дәрежедегі автономиялы мәртебесін" танымайтындығын, 29 мамырда Трамп АҚШ-ның Гонконгқа қаратқан ерекше сауда мәртебесін қайтарып алатынын мәлімдеді: "Біз Гонконгтің Қытайдың басқа аймақтарынан бөлекше қаралып келген дербес кеден және туристік аймақ болған жеңілдіктерінен айыратын әрекеттер қабылдайтын боламыз" деді.
Құжат қабылданған 28 мамыр күні АҚШ, Канада, Англия, Австралия бірлескен мәлімдеме жариялап, Бейжиңнің шешіміне "алаңдаушылықтарын білдіре" келе, "Гонконг еркіндіктің қамалы болғандықтан ғана гүлденген болатын. Халықаралық қоғам оның гүлденуі мен орнықтылығына аса және ұзақ уақытқа мүдделі еді" деп көрсетті. Сондай-ақ, "Қытайдың Гонконгқа жаңа мемлекеттік қауіпсіздік заңын енгізу шешімінің қазір де заңдық шектеу қуаты күшіндегі және БҰҰ-нда хатталған «Қытай-Англия бірлескен мәлімдемесі» принциптерімен бекітілген халықаралық міндеттемелерге тікелей қайшы келетінін", Қытай тарапы өзі ұсынған «бір ел, екі түзім» қағидатын бұзып отырғандығын соқырға таяқ ұстатқандай атап көрсетті. Англияның СІМ минстрі Доминик Рааб қажетті жағдайда Гонконгтіктерге ағылшын азаматтығын қарастыратын шараларға баратындықтарын ескертті.
Осы «бір ел, екі түзім» дегеннен шығады, бұл қағидат "Қытай реформасының атасы" Дэн Щияупиңнің 100 жылдық мерзімге Ағылшынның құзіретіне өтіп кеткен Гонконгті қайтарып алу және оның мәртебесін сақтауға халықаралық қауымдастықтың көзін жеткізу үшін ойлап тапқан ақылы болатын. Гонконгті қайтарғысы келмей қасарысқан "Темір ханым" Маргарет Тэтчерді данагөй Дэн, Гонконг Қытай еліне иелігі қарағанымен, оның қазіргі барлық жүйесі мен тәртібі, мәртебесі мен маңызы баяғы қалпымен қала береді деп иландырған еді.
Бұл, түптеп келгенде, Англияның алдында, тұтас халықаралық қауымның алдында жасалған айбынды уәде болатын. Бұл, әрине, Дэн ақсақалдың елтұтқа салауатымен жасаған жеке уәдесі ғана емес, билік тізгініндегі ҚКП-ның, халықаралық субъект - ҚХР-ның уәдесі еді. Дэн Гонконгтің капиталистік түзімі мен күллі іс жүйесінің “50 жыл өзгермесіне” сөз берген-ді. Отанның тұтастық қамы үшін ол осы сөзін шетел лидерлерінің көзінше, көңілі алаң Гонконг бизнес өкілдерінің алдында, журналистердің бетінше қаншама таусыла қайталады десеңізші. Әрине, ақсақал сөзінде тұра алды. Көзі тірісінде Гонконгтің бұрынғы қалпымен дамуына, жаһандану үрдісіндегі түбектің маңызының бұрынғысынан бетер артуына, түбек тұрғындарының еркіндігі мен бақуаттануына кепіл бола білді. Сөйтіп артына гүлденген, баяшат, бейбіт Гонконгті қалдырды, жай қалдырған жоқ, осы үдерістің 50 жыл бүлінбеуін өзінен кейінгі буынға аманаттап кетті.
Алайда... ҚХР мен Англия үкіметтерінің «бірлескен мәлімдемесі» күшіне енгенінің (27.05.1985) тура 35 жылдығында, Дэн уәде еткен 50 жылдың жартысына да жетпейтін мерзімде (1997-2020ж.ж) жаңағы аманатқа қиянат жасалды! Ши билігі "мемлекеттің қауыпсіздігіне қатер төндіріп отырған санаулы басбұзарларды" тізгіндеу мен жазалау (Гонконг жетекшісі Lin Zheng yuemei-дің сөзі) дегенді желеу етіп, «бірлескен мәлімдемеде» шегеленген Гонконг тұрғындарының құқтары мен еркіндіктерін адырам қалдырған «заң» қабылдап, оны қолданысқа енгізбекші. Мұның және оған болған АҚШ реакциясының салдары, Трамп атағандай, "Гонконг, Қытай және жер жүзі халқының трагедиясы" болмақ. Өйткені ол Гонконгті әлемнің ең еркін де тынысты аймағы ретінде неше ондаған жылдарғы дамуынан ажыратып, ҚКП қадағалауындағы қатардағы қаласы санатына қосуы мүмкін.
Қытай осы шешімінің кесірінен өзінің әлеммен тілдесетін терезесінен айырылғалы отыр. Қытайдың соңғы 30-40 жылдағы жетістіктері, белгілі деңгейде, тура осы шағын түбектің ерекше статусының арқасында жаратылған болатын. Қытай сыртқа "есігін ашқан" алғашқы жылдардағы инвестицияның 90%-нен астамының осы порт арқылы келгенін айтпағанның өзінде, әлемдегі ең ірі экспорт-импорт державасына айналған оның жаһандық саудасының жартысына жуығы осы қаланың қолғабысымен іске асып келген-ді. АҚШ үшін де оның маңызы айта қалсын. Онда 80 мыңнан артық АҚШ азаматтары жасайды, 1300-ден астам АҚШ кәсіпорындары жұмыс істейді және олардың оннан тоғызы Wall Street aлпауыттарының меншігі саналады. Демек, АҚШ-тың 1992 жылғы Гонконгке қаратылған қаржы айырбасы, көші-қон және сауда саласындағы жеңілдіктерді қарастыратын «АҚШ-тың Гонконгке қатысты саясаттары заңы» бостан босқа қабылданбады деген сөз.
BBC агенттігінің (28.05.2020) хабарлауынша, қос тараптың өзара саудасы тек осы заңның әсерінен-ақ жылына 38 млрд долларға көбейеді екен. Бүкіл әлем үшін де оның зардабы орасан болары анық. Өйткені, жаһандану дәуіріндегі әлемдік экономиканың аса жоғары "қаржылық сыйпаттануы" жағдайында, Уолл-стрит және Лондон мен қатар саналатын қаржы айырбасы ошағының жершары экономикасындағы рөлі мен ықпалы орасан екендігі ақ қағазға түскен сиядай ақиқат.
Ұзын сөздің қысқасы, «шығыс жаһұтының» ендігі тағдыры оның тұрғындарының аталмыш «заңға» қарсы күресінің табандылығы мен маңдайларының тәлейлеріне байланысты болмақ.