$ 494.87  520.65  4.91

«Жаңа суық соғыс»: өкілетті елші - Қытай ешбір елдің санкциясынан қорықпайды

Қытайдың беделін түсіру үшін кез келген мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысатын америкалық саясаткерлердің өзара астыртын әрекеті.
Фото: azattyq-ruhy
Фото: azattyq-ruhy

Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо ҚХР-дағы 2020 жылғы «екі сессияның» жұмысы, елдегі пандемияның салдары және АҚШ санкциялары туралы айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап. 

- Құрметті Чжан Сяо мырза, қайырлы күн! Қытай Халық Республикасының «екі сессиясында» (13 шақырылымдағы Бүкілқытайлық комитетінің Халықтық саяси консультативті кеңесінің үшінші сессия мен үшінші сессияның жалпы отырысы – авт.) Қытайдың биылғы жалпы ішкі өнімінің өсу деңгейіайтылған жоқ. Бұған бәлкім, коронавирус пандемиясы себеп болған шығар. Бұл құбылыс қазақ–қытай ынтымақтастығына қандай да бір әсерін тигізуі мүмкін бе? 

- COVID-19 пандемиясы әлем елдерін кәдімгідей сілкіп алды, экономикасына айтарлықтай зиян келтірді. Соңғы уақытта ең ірі халықаралық ұйымдар биыл жаһандық экономикалық өсім 3%, тіпті одан да төмен болады деп болжап отыр. Әлемдік экономикада өзіндік орны бар Қытай да бұл құбылыстан тыс қалмады. Біз болжауға келмейтін факторлармен бетпе-бет келдік. Сондықтан жалпы ішкі өнімінің көрсеткішін нақты санмен айта алмадық. Шындықты жасырғымыз келмейді.

ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцян «Үкімет жұмысының есебінде» хабарлағандай, биыл Қытай ең алдымен еңбекпен қамту тұрақтылығына, халықтың өмірін құтқаруға және 9 миллионнан астам жаңа жұмыс орнын ашу арқылы кедейлікті түбегейлі жеңуге және баға тұрақтылығына көңіл бөледі деп шешті. Сондай-ақ, Қытай Үкіметі импорт пен экспорттың сапасын арттыра отырып, олардың тұрақтылығын қамтамасыз етеді, халықаралық төлем қабілетінде баланс сақтап, халықтың кірісі мен экономикалық өсімнің қатар жүруіне, бүкіл ауыл халқын кедейліктен шығаруға жұмыс істейді. Бұл мақсаттың бәрі орындалады, яғни мен Қытай эконмикасының болашағына сенемін.

Қысқа уақыт ішінде Қытайдың эпидемияға тиімді бақылау жасай алғаны, адамдардың өміріндегі негізгі сұранысқа жауап бере алуы, тауарларды уақытында жеткізіп отыруы, бағаны тұрақтандырып, өндірісті қайта қалпына келтіруі, тенденцияға қарамай бизнестің онлайн сатып алу, экспресс-жеткізу, онлайн офис сияқты форматтардың өсімі Қытай экономикасы өте тұрақты және үлкен әлеуетке ие екенін көрсетті. Қытай әлем экономикасын одан әрі дамытып, қалпына келтіретін дрейвер болып қала береді.

Ал, 28 жыл бұрын Қытай мен Қазақстан дипломатиялық қарым-қатынас орнатқалы бері екі елдің ынтымақтастығы жемісті болды. Пандемия ұзаққа созылғанын ескерсек, қытай-қазақ ынтымақтастығы да өзгерістен қаша алмайды. Сондықтан біз жаңа шарттар негізінде жоғары сапалы ынтымақастықты сақтау жағын ойлап, ынтымақтастық үлгісіне жаңалықтар енгізуіміз керек деп ойлаймын. Бұл ретте, медицина мен фармацевтика, денсаулық сақтау, технология және инновация, цифрлы экономика, мәдениет сияқты жаңа салаларды дамытуымыз керек. Яғни, «денсаулық сақтаудың Жібек жолын» бір ізге салып, Қытай мен Қазақстан арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестік орнату үшін бірлесе жұмыс істеу керек.

- Қытай COVID-19 пандемиясын жеңу үшін нақты не істеді? Осы пандемиядан қандай сабақ алдыңыздар?

- Эпидемия бастала сала, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин адам өмірін бірінші орынға шығарып, эпидемиямен күресу үшін өзі бұйрық беріп отырды және эпидемиямен күресетін жалпыхалықтық науқанды өзі басқарды. Қытай Хубэй провинациясындағы Ухань қаласын толығымен жауып, тез арада аурухана салды және «вирусты барынша ерте анықтап, барынша ерте хабарлап, ауырған адамды барынша ерте оқшаулап, емдеуді барынша ерте бастау» керек деген принципті ұстанды. Осылайша, эпидемияның таралуына тиімді жолмен тосқауыл қойды.

Айта кетейік, бірнеше күн бұрын Ухань қаласында 9,9 млн адамға нуклеин қышқылымен зерттеу жасалды. Сонда, бірде-бір адамнан коронавирус табылған жоқ, 300 адамнан симптомы білінбейтін инфекция табылды. Ауырған адамдармен қатынаста болған 1174 адамды зерттеу кезінде де вирус табылған жоқ. Дегенмен, ауру белгілері білінбесе де, олармен байланыста болған адамдардың бәрін қоса 300 адамды оқшауладық. Уханьдағы 10 млн халық түгелдей нуклеин қышқылынан тест тапсырып, әлемде кездеспейтін сирек жағдайды орнатты. Бұл Ухань қаласы қауіпсіз екенін, ал қала тұрғындарының дені сау екенін көрсетті.

Ал, пандемия бізге қандай сабақ болды деген сұраққа ҚХР Сыртқы істер министрі Ван Идің сөзімен жауап берейін: «Бұл пандемия әлем елдерін бұрын болмаған өзара байланысқа байлады, адамның денсаулығы мен өмірі үшін күресте өзара байланыстырды. Біз әлемнің бүкіл елі жалғыз планетада өмір сүріп жатқанын және адамазаттың бәрін бір болашақ күтіп тұрғанын түсіндік».

- Жуырда АҚШ-пен бірге біраз Батыс елдері Қытай Халық Республикасы Бүкілқытай халық өкілдері жиналысының Сянган арнайы әкімшілік ауданындағы ұлттық қауіпсіздік жүйесіне енгізген өзгерістерін сынады. Қытай неге өзгеріс енгізу керек деген шешім қабылдады? Ол өзгерістер Сянганға қалай әсер етеді?

- Біріншіден айтарым, Сянгандағы жағдай тек қана Қытай Халық Республикасының ішкі мәселесі және оған ешкім араласа алмайды. Құрама Штаттар Сянганға қатысты жауапсыз ескертулер айта алмайды. Орталық үкімет барлық әкімшілік орындардың ұлттық қауіпсіздігіне жауапты. Бұл бүкіл әлемде бар тәжірибе және мемлекет тәуелсіздігінің негізгі теориясы. АҚШ-ты қосқанда, әлемнің бүкіл елдері ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін арнайы заңдар қабылдаған. 2019 жылдың маусымынан бастап «демократтар» шығыстың жауһарына айналған қаланы қиратып, көшелерді бөгеп, ғимараттарды өртеді. Университеттердің кампустарына кіріп алып, өткен-кеткенді ұрып-соқты және полицияға шабуыл жасады. Осыны пайдаланғысы келген сыртқы күштер Сянганды Қытайдан ажыратып алмақ. Бұл менің ойымша жанашырлық емес, керісінше, ұлттық қауіпсіздікке төнетін үлкен күш және бір елде екі жүйе құруға деген қадам. Сондықтан, Сянгандағы құқықтық жүйені жетілдіру ұлттық қауіпсіздік үшін міндетті шара.

Кей тараптар «демократия» туралы айтып жатса, мен оларға мына бір мысалды айтқым келеді. Бірнеше күн бұрын Сянганда туған актер Джеки Чан Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының шешімін қолдап, 2600-ден астам әртістің қолын жинады. «Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі заңнаманы қолдау» атты шара 24 мамыр күні басталған болатын. Қазір ол қолдауға 2 миллионнан астам адам қол қойып үлгерді. Сянгандағы халық саны 7 миллион адам десек, халықтың нені қалайтынын осыдан анық көруге болатын сияқты.

- Соңғы уақытта америкалық саясаттанушылар Қытайдың бірқатар компаниясына қарсы санкция жариялаймыз деді. Сіз де АҚШ-ты ашық сынап жүрсіз. Сіз Қытай мен АҚШ «қырғи-қабақ соғысқа» қарай келе жатыр деп ойлайсыз ба?

- Қытай ешбір елдің санкциялары мен қоқан-лоққысынан қорықпайды. Өз егемендігін, қауіпсіздігін және дамудағы мүддесін қорғауда Қытайдың шешімдері өзгеріссіз қалады. Ешбір ел Қытай өзінің ұлттық мүддесіне зиян тигізетін дүниеге көнеді деп ойламасын.

Қытай мен Америка арасындағы қарым-қатынас өте маңызды. Екі ел арасында ортақ мүдделер бар. Біз үнемі қырғи-қабақ соғыс туралы ойды жоққа шығарып келеміз. Менің ойымша, «жаңа суық соғыс» – саяси вирус таратып, Қытайға шабуыл жасап, Қытайдың беделін түсіру үшін кез келген мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысатын америкалық саясаткерлердің өзара астыртын әрекеті. Олар «қырғи-қабақ соғысты» шешеміз деген сылтаумен Қытай мен Американың қарым-қатынасын тұтқынға алғысы келеді. Бұл Қытайға еш қауіп төндіре алмайтын әрекет, керісінше, Құрама Штаттардың дамуына кесірін тигізіп, оның тұрақтылығына қауіп төндіреді деп санаймын. Бары осы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары