Күні кеше ҚР Парламент Мәжілісіне жаңадан және қайта келген 107 депутат Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында ант берді. Анттың мәтіні белгілі - халқына адал қызмет ету, Қазақстанның Конституциясы мен заңдарына мойынсұну.
Елімізге танымал журналист Өмірзақ Ақжігіттің айтуынша, мемлекеттік қызметкерлердің, депутаттардың, судьялардың беретін ант мәтінінде жауапкершілік туралы мүлдем айтылмайды. Яғни, берген антты бұзған жағдайда «мені жазалаңдар» деген тұсы жоқ. Ендеше, мұндай антты берудің не қажеті бар дейді ол.
«Кеше депутаттарымыз ант берді. Үлкенді-кішілі мемлекеттік қызметкерлерден бастап Президентке дейін, аудандық судьялардан бастап Конституциялық Кеңес судьяларына дейін бәрі де ант береді. Осылардың бірде-біреуінде "антымды бұзсам мынау болсын" деген сөз жоқ (ондай сөз әскери антта ғана бар). Неге? Ешнәрсеге міндеттемейтін антта қандай құн, қандай мән бар, ол да бір, жай сөз де бір емес пе? Оңтүстікте кейбір ұлттың әйелдері (анықтамай-ақ қояйық) "сөзім өтірік болса, баламның етін жейін!" деп жатады. Дәл сондай болмаса да ант берушілер ең болмаса "жиған-түйген дүниемнің қызығын көрмей кетейін" деген секілді сөз айтуы керек шығар?..» дейді Өмірзақ Ақжігіт өзінің Фэйсбук-парақшасында.
Осы ретте бала кезіміздегі "Нан ұрсын", "Құдай ұрсын", "Әулие атсын" деген секілді тіркестер еріксіз еске түсіп кетеді. Біреуді сендіру үшін немесе үлкен жауапкершілікті мойынға алу үшін дәл осылай ант-су ішіп жататынбыз. Ендеше, депутаттарымыз да жауапкершіліктен қашпай, ең болмағанда антының соңында неге "НАН ұрсын" дей салмайды? Әлде НАН бір ұрса оңдырмай ұратынын жақсы біледі ме? Тым құрығанда әскерилер секілді "ҚР заңдарында белгіленген жауаптылықты алуға дайынмын" десе де жетіп жатыр ғой. Алайда, ант мәтінінде ол да жоқ.
Қазақ уәдені Құдай сөзі дейді. Сондықтан, жаңадан сайланған депутаттарымыз НАН-нан қорықпаса да Құдайдан қорқып, халыққа берген уәделерін адал орындайды деген үміттеміз.