Астана қаласында адвокат Құмар Бердалин адам өлтірді деген күдікпен ұсталды. kaz.zakon.kz сайтының хабарлауынша, ол үшінші маусым күні қамауға алынған.
"Биыл 3-маусымда 1975 жылы 17 қыркүйекте туған Бердалин Құмар Советұлын қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы бойынша қылмыс жасады деген күдікпен ұстады. Бердалинге қатысты қалалық мамандандырылған ауданаралық тергеу соты 2 айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады", - деп хабарлайды Астана қалалық ПД баспасөз қызметі.
Кейбір ақпарат құралдарында жәбірленуші күдіктінің анасы болған деген мәлімет жүр. Адвокаттыққа дейін Бердалин Бас әскери прокурордың аға көмекшісі, әділет полковнигі болған.