$ 498.34  519.72  4.85

«Одақтан шыққан кезде орыстың жарты жерін ала кеттіңдер»: Путин тағы кімнің жеріне көз алартып отыр?

Путин бұл жерде бұрынғы  одақтас болған 15 мемлекеттің нақты қайсысын меңзеп отырғанын ашып айтпаған.
фото: azattyq.org
фото: azattyq.org

Ресей президенті Владимир Путиннің жергілікті телеарналардың біріне  берген сұқбаты, соның ішінде бұрынғы КСРО құрамында мемлекеттердің жер аумағына қатысты оғаш пікірі ел ішінде әлі де қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы

Путиннің президент ретіндегі 20 жылдық жетістігін дәріптеуге арналған «Мәскеу. Путин. Кремль» атты арнайы бағдарламасында Ресей басшысы бұрынғы КСРО құрамында болған мемлекеттердің одақ құлаған кезде көп мөлшерде Ресейдің жерін иемденіп кетті дегенге саятын пікір айтқан.

«Совет Одағын құру туралы келісімде шығу құқығы жазылған. Бірақ [шығудың – азаттық радиосы] тәртібі жазылмағандықтан, бір сұрақ туындайды. Егер қандай да бір республика Совет Одағына кіріп, бірақ өз қоржынына Ресей жерінің, дәстүрлі-тарихи территориясының ірі көлемін алып, одақ құрамынан шығамын деп шешті. Олай болса, немен келдің, сонымен шығуың керек қой, Ресей халқының сыйлығын өзімен бірге әкетпей. Осының бәрі жазылмаған еді. Мен қазіргі Конституцияға өзгеріс енгізудің дұрыс екеніне әбден сенімдімін», -  деп атап өткен Ресей президенті. 

Қысқасы, бұрынғы КСРО құрамында болған мемлекеттер әлі де орыстың жерінде өмір сүріп жатыр деп есептейтінін астарлап жеткізген. Бірақ Путин бұл жерде бұрынғы  одақтас болған 15 мемлекеттің нақты қайсысын меңзеп отырғанын ашып айтпаған.

Десе де, бұл пікірдің Ресеймен шекаралас жатқан Қазақстан, Беларусия және Украйна елдеріне қарай бағытталған сигналы екенін айтып жатқан сарапшылар да бар.  «Бұл сөздерді Украинаға қарата айтып отырған сияқты. Қырымды тартып алуын дұрыс және тарихи әділеттілік етіп көрсеткісі келеді. Алайда бұл біз сияқты елдерге сабақ болатын дүние. Жалпы Путин қазақ тарихын мойындаған емес. Онысын талай мәрте айтып та қалды. «Қазақта мемлекет деген болмаған» деуінің өзі неге тұрады. Осы сөзінен-ақ оның біздің тарихи территориямызды мойындамайтынын аңғару қиын емес. Демек, біз үшін Қырым сценарийі қашанда ашық тақырып болып қалады», - деп жазады желі қолданушысы әрі сарапшы Асхат Қасенғали. 

Тағы бір саясаттанушы Талғат Қалиев Азаттық рухы ақпараттық порталына берген сұхбатында Путиннің бұл мәлімдемесін кезекті саяси пропагандалық трюк деп бағалаған. Айтуынша, бәлендей көңіл аудара қоярлықтай дүние емес.

«Бұл Ресей басшысының өз халқы алдындағы ұпай жинау әрекеті. Елде конституцияға енгізілген өзгерістерге қол қою мерзімі жақындап келеді. Мұны Қазақстанға, Белоруссияға  қатысты деп қабылдаудың қажеті жоқ. Сарапшы мемлекеттер арасындағы жер мәселесін соғысқа айналдырудың салдары қандай болғанын Ресей халқы да, отандық сарапшылар да жақсы білетіні айтады. Соғыс экономикалық тұрғыдан Ресейдің өзіне ауыр болып тиген», - деп ой білдірген саясаттанушы. 

Бәлкім, рас та шығар. Дәл қазір Ресейдегі саяси жағдай өте ширығып тұр. Алдағы апталарда яғни 1 шілде күні президент Путиннің өкілетін арттыруға мүмкіндік беретін Конституцияға дауыс беру науқаны тұр. Алайда Путиннің беделі күн санап құлап барады. Жергілікті БАҚ арқылы «Путиннің беделі 99,99 пайыз» деп қанша жерден дәріптелгенімен шынайы жағдай оның абыройының белден төмен екенін көрсетіп отыр. Оның үстіне елдегі экономикалық жағдай да қатты соққы астында жатыр. АҚШ тарапынан үсті-үстіне салынып жатқан санкциялар да дес берер емес. Пандемияның салдары да оңай болмай тұр. 

Амал жоқ, Путинге қандай жолмен болса да саяси салмақ жинау керек. Ең оңай жолы -  кезінде «сұмдық империя болғандарын» жиі-жиі халықтың еске алып тұру секілді. Әрі өзін осы одақтың қайта тірілтушісі етіп көрсетіп келеді. Совет одағының күйреуіне өте-мөте өкінетінін, ретін тапса, одақты қайта құрғысы келетінін жасырмай айтып та жүр. Тіптен бір рет «Мен Совет одағының жоқтығына өкінемін. Бұл олардың құқығы. Бірақ егер біздің мемлекетаралық қатынастарымыздың бүгінгі ерекшеліктеріне байланысты кейбір мемлекет басшылары келмесе, олар үшін бұл үлкен қателік болады деп ойлаймын. Себебі бұл олардың өз Отандарының тәуелсіздігі үшін соғысып, өмірлерін қиған адамдарға лайықты құрмет көрсетпейтіндігін білдіреді», - дегені бар.

Тағы бірде «Бұрынғы КСРО елдері біріккен кезде ғана бәсекеге қабілетті болады!» деген пікір білдірген. «Өткен шақтың, әсіресе Совет одағының, Совет империясының қайта құрылуына қатысты қандай да бір үрей-қорқыныштан арылған соң, қайтадан күш біріктірудің пайдалы екенін түйсінетін шақ туады түбінде. Бұрынғы КСРО елдері үшін де солай», - деп атап өткен кезкті сұхбаттарының бірінде.  

Сосын реті келсе «Қырым сценарийін» көп есіне алуға тырысады.  Өйткені, Қырым сценарийі Путинге бұрын-соңды болмаған салмақ жинап берді.  Бұл жерде де әрине,  сарапшылардың пікіріне сүйеніп отырмыз. «1-шілде Ресейде Конституцияны өзгерту бойынша дауыс беру өтеді. Халықтың 70% Путин саясатын қолдамайтыны сауалнамалар арқылы белгілі болды. Әрине, тәуелсіз зерттеушілердің пікірінше. Биліктік зерттеуде Путинді 99,99% қолдап тұр ғой. Бұл дауыс берудің нәтижесі белгілі. Халық не айтса да, билік қалаған нәтиже дайын. Енді Путин өз құлаған рейтингін көтеруі тиіс. Халыққа берер не ақша, не ресурсы жоқ. Оның тек рухын көтеріп қоюға шамасы жетеді. Қырымды басып алғанда Путин рейтингісі ең жоғары көрсеткішке жетті. Бірақ қазір оның дәмі кетті. Жаңа жемтік керек», - дейді Асхат Қасенғали. 

Сарапшының айтуынша, Путиннің бұл сөзі еліміздің солтүстік өңірлерін қазақыландырудың маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Қырым сценарийін болдырмаудың бірден-бір жолы, солтүстікті қазаққа толтыру. 

«Солтүстіктегі қазақтың үлесі орыстан аз. Бұл үлкен қауіп. 2014 жылы Қырымда біз әлемде экспансиялық саясатты ашық ұстанатын жабайы елдердің барына анық көз жеткіздік. Ортағасырлық біреудің жерін тартып алу әдісін көршілес Ресей қалай істеу керектігін көрсетті. Сол уақыттан бастап «Қырым сценарийі» деген ұғым пайда болды. Өкінішке қарай ешқандай құжат, келісім шартты жабайы мемлекеттер ұстанбайтынын нақты түсіндік. Украинаға берілген гарантия, түкке тұрғысыз қоқыс болып қалды. Дәл сондай гарантияға бізде ие болған едік», - дейді ол. 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары