Осыдан шамалы бұрын белгілі журналист, қоғам белсендісі, ЖСДП саяси ұйымының экс-төрағасы Ермұрат Бапидың «қашқын әкім Бергей Рысқалиев билікке ЖСДП-ны байлап берді» деген сыңайдағы шулы жазбасы жарияланған болатын.
Оның айтуынша, Рысқалиев қара басының қамы үшін елдегі жалғыз оппозициялық ұйымды билікке құрбан етіп бере салған. «Бергей үшін қоғам, ел, халық… деген ұғымдар ақшадан артық емес екеніне көзім жетті. Ол өз пайдасы үшін қоғам мүддесін емін-еркін айырбастап жүре береді. Сондықтан мұндай жұлымыр атжалман қоғамға қолғабыс жасайды деп, алданып қалуға болмайды. Ал сот шешімімен Бергейдің бұғауланған активтерін қайтарып беру процессінің басталғаны – оның назарбаевтық режиммен ауызжаласқаны. Бүгінде Назарбаевтың нұсқауымен Бергейдің активтерін қайтарып беру ісіне Карим Масимов бақылау жасауда. Қашқын әкім билікке ЖСДП-ны байлап берді. Яғни Карим-аканың манипуляциясымен алдағы парламенттік сайлауда бұл партия оппозицияның рөлін атқарады. Өзінің жеке бас пайдасы үшін «КНБ»-ның қолтығына кірген адамнан халыққа қайыр жоқ», – деп жазған-ды.
Расы керек, осыдан кейін көптің көкейінде «Рысқалиев пен ЖСДП арасында қандай байланыс болуы мүмкін?» деген үлкен сауал қалғаны болатын. Сөйтсек, бұлардың арасында ешқандай байланыс жоқ болып шықты.
ЖСДП партиясы төрағасының орынбасары, экономист-сарапшы Айдар Әлібаевтың ZonaKZ интернет-басылымына арнайы сұхбат беріп бұл мәселеге біржолата нүкте қойып берді. Айтпақшы, артынша, Dalanews.kz сайты бұл сұхбаттың жазбаша нұсқасын жариялады.
Айдар Әлібаевтың айтуынша, ЖСДП Бергейдің партиясы емес. «Кезінде яғни саяси науқан тұсында білікті маман ретінде Ермұрат Бапидың партиямызға төраға болып келгені рас. Бәлкім сол кездері оның Бергеймен қатысы болған шығар. Бірақ дәл қазір партиямыздың қашқын әкім Бергейге де, Ермұрат Бапиға да еш қатысы жоқ», - дейді Әлиев.
Әлиев сұхбатында Рысқалиевтер ісінің күтпеген жерден басқаша сипат алуын үлкен шокпен қабылдағанын айтады. «Білесіздер, 2012 жылы Атырау облысы әкімі Бергей Рысқалиев қызметінен қуылды және бірден шетелге кетіп қалды. Бұдан кейін тергеу басталып, біраз былықтың беті ашылды. Бергейдің мемлекет мүлкін талан-таражға салғаны, қызметін асыра пайдаланғаны, ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны әшкере болды. Бірақ інісі Аманжан Рысқалиев те ағасының артынан Англияға қашып үлгерді. Сол себепті, олар сырттай сотталып, бұлардың қосынында болған тағы 22 адам 2,5 жылдан 15 жылға дейінгі аралықта жаза арқалады. Экс-әкім Бергейдің өзі 17 жыл арқалады. Інісі Аманжан 16 жылға сырттай сотталды. Ал өздеріне халықаралық іздеу жариялады.Тергеу барысында Бергей құрған қылмыстық топтың 72 млрд теңгеден аса мемлекет қаражатын қалтасына басқаны анықталды. Сот бұйрығы бойынша ағайындыларға тиесілі барлық дүние-мүлік тәркіленді.Соның ішінде 185 нысан, оның ішінде пәтер, жер учаскілері, жер асты гараждары, жылжымайтын мүлік, банктегі есеп-шоттар және басқа да материалдық мүлік мемлекет есебіне алынды. Алайда әлгі үкімнің күші ұзаққа барған жоқ. Күні кеше Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов аталған іске аяқасты қызығушылық танытып, ағайындылардың тәркіленген активін қайтару туралы Жоғарғы сотқа шағым түсірді. Бас Прокурордың айтуынша, Рысқалиевтер жиған-тергенін маңдай тер, адал еңбекпен тапқан. Қызық болғанда, Жоғарғы сот та Бас прокурордың шағымын көпке созбай, қанағаттандырды. Шыны керек, бұл – нонсенс. Мәселенің байыбына бармай, айға жетпес аралықта шешім шығара салу, ақылға сыймайды», - дейді Әлиев.
Ең қызығы, Рысқалиевтың адал еңбекпен табылған дүние-мүлкі қайтарылғанымен оның 17 жылға сырттай сотталғаны, оған халықаралық іздеу жарияланғаны өз күшінде қалған. «Сот үкімі бойынша Рысқалиев ауыр қылмыс жасаған адам. Заң бойынша ауыр қылмыс жасаған азаматтың дүние-мүлкі автоматты түрде тәркіленеді! Егер Бергей дүние-дәулетін адал еңбекпен тапса, онда оған несіне айып тақты? Олай болса, оны 17 жылға соттаған үкімнің де күшін жойсын. Енді, бұл істің ақыры Бергейдің толық ақталуын есту ғана қалды», - дейді Айдар Әлібаев.
Айтпақшы, ол сұхбат барысында Бергейдің мұндай ерлікке жоғары жаққа өте мықты компрамат дайындау арқылы қол жеткізуі мүмкін деген пікірдің де рас болуы мүмкін екенін айтады. Бұған дейін расында да осындай ақпарат тараған болатын. «Ендігі мәселе неге дегенге тіреледі? Бергейдің мүлкін қайтарып беруді сұраған Бас прокурор неге сүйенді? Біз білмейміз, бірақ тұспалдай аламыз. Бұл – бұйрық. Бас прокурор осы тапсырманы орындаушы ғана. Бұйрықты кім берді? Біз білмейміз, тағы да тұспалдай аламыз. Бұйрық берген адамның аты-жөнін сіз де, біз де шамалауымыз мүмкін. Мәселе, ол неге мұндай амалға барды? Бұған баруға мәжбүрледі ме, әлде шынымен де, Бергейге жаны ашыды ма? Ермұрат Бапи айтып жүргендей, Нұрсұлтан Назарбаевты бопсалағаны рас болса, Бергейдің қолында расында да мықты компромат болғаны ма? Айналасы екі аптаның ішінде шешілген шаруа – ауыл-аймақ, бота-тайлақтың мәселесі емес еді. Соған қарағанда сөзіміздің жаны бардай?», - деп атап өткен ол.
Б.Нұратай