Елдегі эпидемиялық жағдай расымен де күрделі болып барады. Жұрт бүгін өткізілгелі отырған коронавирус індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев не айтар екен деп үлкен үмітпен отыр. Әрине, ол кеңесте не мәселе көтерілетіні белгілі болғанымен нақты қандай шаралар қабылданатыны белгісіз. Бірақ соған қарамастан «мынадай шаралар ескерілуі тиіс!» деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ұсыныс-хат жазып жатқандар бар, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Солардың бірі - Тәуелсіз кәсіподақ ұйымының төрағасы Талғат Қатауов. Ол facebook парақшасында қатаң шара мен қатаң қадағалау болмаса, халық жұқпалы індеттен қырылып қалуы мүмкін екенін айтып президенттің атына деп Ашық хат жариялады:
«ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа АШЫҚ ХАТ» делінген жазбасында қауіпті індеттің ауыл-аймақ, алыс елді мекендерге жеткенін айтқан:
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Әлемді әлекке салған жұқпалы індет- Коронавирустың елімізде белең алуы себепті халықтың өмірі мен денсаулығына қатты алаңдаймыз.
Індет тіпті ауыл-аймақ, елді мекендерге жетті. Жұқпалы індеттің елімізде кеңінен таралуына мына жағдайлар себеп:
1. Жарлығыңызды министрлер, әкім-басшылар толық орындамады.
2. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталмады.
3. Қалалар, ауылдар ішінде, қоғамдық орындар мен көліктерде, үй аулаларында, подездерде, көшелер мен жолдарда дезинфекция жұмыстары дұрыс жүргізілмеді. Тек басшыларына есеп беру үшін ғана бір-екі жерге барып, фотоға, видеоға түсіп отырды.
4. Ақша шешетін мына қоғамда кейбір блокпостта көліктерді өткізіп жіберген.
5. Кейбір өңір мен қалаларда той өткізгені туралы әлеуметтік желіде видеолар тарады.
6. Көп әкім-басшылар таза індетпен күреспей, өтірік есеп беріп, қағаз жүзінде ғана күресті.
7. Аурухана, емханаларға індетке қарсы дәрі-дәрмек, сақтандырғыш киімдері, маскалары мен құрал-жабдықтары толық жеткізілмеді.
8. Дәріханаларда маскалар, дәрілер және дезинфекциялау құралдары т.б. болмады.
9. Мемлекеттік шекаралар жабылмады.
Соның салдарынан жұқпалы індет елімізде тез тарап, күшейіп, жұқтырып ауырғандардың ресми саны - 20 780 адамға жетті. Бұл тек тіркелген мәлімет.
Ал ауруханада орындар жетпей үйлерінде ауырып жатқандарды қосқанда жалпы саны - 40 мыңға жетуі мүмкін», - дей келе Президентке мынадай ұсыныстарын білдірген:
Ұсыныс-талап
Сіз өткізетін 29 маусым күні коронавирус індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау жөнінде кеңесте жоғарыдағы кемшіліктер қатаң ескеріліп, мына ұсынысты айтамыз.
1. Конституцияның 1-бабында: «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы - адамның өмiрі мен денсаулығы» деп жазылған.
Халықтың өмірін қорғау және денсаулығын сақтау үшін елімізге Төтенше жағдай жариялап, халықтың қозғалысын шектеуді;
2. Ол үшін халыққа қаржылай көмек ретінде, жұмыс жасайтын адамдарға ай сайын 50-100 мың теңге аралығы төлеуді;
3. Қалалар мен ауыл-аймақтарда әуе арқылы дезинфекция жұмысын шынайы жасауды;
4. Қала көшелері мен аулаларында, подездерде, қоғамдық орындар мен көліктерде, мекемелерде т.б. дезинфекция жұмыстарын шынайы жасауды;
5. Халықтың жүріп-тұруына, іс-шараларға уақытша қатаң тыйым салуды;
6. Мемлекеттік шекараларды жабуды;
7. Осы жағдай бойынша жалған мәлімет беріп отырған, жұмысын дұрыс атқармағандар министр, әкім мен басшыларды және халық арасында өтірік іріткі салып, арандатқандарды қатаң жазаға тартуды;
8. Іс-шараларды қадағалауды министр мен әкімдерге қатаң тапсыруды және қоғамдық ұйымдар мен кеңес мүшелерін, депутаттарды осы ортақ іске тартуды сұраймыз.
Бұл іс-шаралар дұрыс орындалмаса, әкім-министрлер немқұрайлық танытса, онда жұқпалы індет одан әрі белең алып, халық аурудан қырылып қалуы мүмкін.