Елдегі пандемиялық жағдай шынымен ушығып кетті. Дәріханаларда дәрі жоқ, жұрттың қарапайым парацетамол, аспирин мен аскорбин қышқылының өзі жоқ екенін айтып дабыл қаққалы аптадан асты. Мемлекет басшысы Тоқаевтың өзі бұл мәселеге арнайы тоқталып, бірнеше әкім мен премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа сөгіс жариялады.
Сарапшылардың ойынша, бұл сөгіс орынбасары Ералы Тоғжанов емес Премьер-министр Асқар Маминнің өзіне берілуі тиіс болған. Өйткені, пандемиялық дағдарысқа орынбасарлар емес тікелей қарамағындағы шенділерге дұрыс бағдар бере алмай отырған Премьер-министрдің өзі жауапты.
Мәселен, қоғам белсендісі Сәуле Әбілдаханқызы Асқар Маминді отставкаға жіберу керек деп есептейді. Оның орнына Иманғали Тасмағамбетовты тағайындау қажет деген мәселе көтерген.
«Мамин кетсін! Тасмағамбетов келсін! Осы қолынан келсе, Тоқаевтың халыққа жасаған жақсылығы сол болады. Ал Тасмағамбетов Тоқаевты да, халықты да батып бара жатқан кемеден құтқарады. Әзірге басқа дұрыс вариант жоқ», – деп жазады фейсбуктегі парақшасында.
Осыған дейін заңгер әрі Ұлттық кеңестің мүшесі Айгүл Орынбектің «Үкіметті толығымен доғарысқа жіберіп, кінәлілерді жазаға тарту керек еді!» деп пікір білдіргенін жазған болатынбыз.
Заңгер ол жерде «Бас Прокурорға Е.Біртанов үстінен іс қозғалсын деген тапсырма беру керек еді! Бәрін бүлдіріп алып жәй ғана отставкаға кете салу, меніңше дұрыс емес! Үкімет отставкаға кетсін!», - деп атап өткен.