$ 494.87  520.65  4.91

«Фейсбук некролог алаңына айналды» - жазушы

Дəріханада дəрі таппай сандалған жұрт. Халқыңды парацетамол мен аспиринмен қамтамасыз ете алмай жатып, күнде қаншама адам өліп жатқанда қандай той, қандай конференция?
фото: dalanews.kz
фото: dalanews.kz

Белгілі жазушы Аягүл Мантай пандемияға қарамастан той тойлауға көшкен биліктің бір түрлі қылығына  налып жазба жариялапты.

Қайтсін енді, Ұлы Гете «Дүниеге қандай да бір сызат түссе ол ең әуелі ақын жүрегі арқылы өтеді» демейтін бе еді? Шыдамаған ғой. «Назарбаевтың туған күні онлайн өтеді деді ме? Ұлттық кітапхана «ғасырдың, əлемнің ғұламасының» құрметіне орай конференция өткізген бе? Фейсбук некролог алаңына айналды. Дəріханада дəрі таппай сандалған жұрт. Халқыңды парацетамол мен аспиринмен қамтамасыз ете алмай жатып, күнде қаншама адам өліп жатқанда қандай той, қандай конференция?», - дейді Ая Мантай. 

Айтуынша, қазір тойлайтын уақыт емес. 

«Халық реанимацияда жатыр. (Образды һəм тура мағынасында). Егер пайызға шақса, биліктің 85-90 пайыз, сақтанбаған халықтың 10-15 пайыз кінəсі бар. (Бəлкім, сіздің миыңыздағы калкульятор басқа пайызды көрсетер)

Отыз жыл той тойлаған билік дұрыс саясат жүргізген жоқ. Отандық арнаның бəрін шоуға айналдырды. Қай арнаны қоссаң да, өзіңді қинап та күле алмайтын арзан қалжың, əзіл. Шетелге қыруар қарыз бола тұра жыл сайын пəлен миллион шашып, астананың, жоқ анығы, Назарбаевтың туған күнін тойлады. «Астананы жарнамалаймыз» деп шетелдің арналарына миллиондар құйды. Қазір əлем картасында «Астана» деген қала жоқ. Нұр-сұлтанның дефисіне қанша миллион кетті? Нұр мен сұлтанның арасындағы дефиске бұлар сонша неге мəн берді? Əрине, ақымақтық. Жаны ауырып ақша таппайды, терлеп жұмыс істемейді. Жұмыс істемеген адам ақшаның қандай қиыншылықпен келгенін ешқашан білмейді. Бұлар əрбір əрекетімен жұмыс істемейтінін көрсетіп қояды. Сосын биліктің миында, басында халық пен биліктің арасы бұрыннан дефис қой. Сосын автоматты түрде барлық жерге дефис қойғысы кеп тұрады.

Телеарнаң шоуға айналған соң, билігің астананың тойын жылда тойлаған соң, халыққа «несие алып, той тойлама, алды-артыңды ойла» деп қалай айтасың?», - депті ақын. 

Сонымен қатар, жұрт жаппай карантин сұрап отырғанда керісінше «Төтенше жағдай режимі тоқтатылды, енді ақша төлеуге ешқандай негіз жоқ. Сондықтан барлық қазақстандық жұмысын жалғастыру керек» деген Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың сөзіне түсінбей отырғанын айтқан. 

«Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов «42500 теңге төтенше жағдай режимімен байланысты болды. Төтенше жағдай режимі тоқтатылды, енді оны төлеуге ешқандай негіз жоқ. Сондықтан барлық қазақстандық жұмысын жалғастыру керек» депті. Ералы Тоғжанов, мынандай халық ауырып, қаншама адам вирустан көз жұмып жатқанда биліктің Назарбаевтың құрметіне конференция өткізуіне негіз бар ма? Қанша компания жұмысын тоқтатты, қаншама бизнесмен жұмысын тоқтатып, қызметкер, жұмысшыларын таратты. Барлық қазақстандық жұмысын жалғастырғысы келсе де, соңғы жағдайға байланысты жұмыссыздар саны бұрынғыдан артты ғой. Кейбірінің дəрі алуға ақшасы жоқ. Той тойлауға, пайдасыз форум, конференцияға ақша табатын билік неге қиын кезде халыққа «көпір жоқ каналдан» өзің өт дейді?

Хаос!

Ауырған адамның басым бөлігі өз өмірі үшін жанталасып, өзін өзі құтқарып жатыр. Жазушы ретінде халықтан сұрауға қақым бар шығар:
- Өзіңді, жақыныңды аурудан, өлімнен сақтау үшін той тойлауды тоқтатшы!
- Құдайға оралған жақыныңның жылдық асын өткізуді кейінге қалдыра тұршы. Құраныңды бағыштап, жеті шелпегіңді пісіріп, жағдай жақсарғанша күте тұршы.
- Көшеге шыққанда арақашықтықты сақташы. Арақашықтықты сақтамаудың соңы өзіңді, жақыныңды ауыртып қана қоймай қайғылы жағдайға əкелуі мүмкін.
- Мен де, сіз де, ол да билікке керек емес. Сіз ата-анаңызға, бауырларыңызға, бала-шағаңызға керексіз! Өзіңізді өзіңіз ғана сақтай аласыз! Өзіңізді сақтау арқылы жақыныңызды сақтайсыз!», - деп жазған ол facebook бетіндегі парақшасында. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары