Бүгін белгілі журналист Абай Балажан facebook парақшасында билікке дәл биыл сайлау жасаудың қажеті жоқтығын меңзеді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Меніңше, биыл ақша шашып, ешқандай да сайлау өткізуге болмайды. Жарты жыл, бір жыл депутатсыз-ақ күн көре тұрармыз. Бюджеттегі әрбір тиын қатаң түрде ұлт денсаулығына жұмсалуы тиіс. Биылғы сайлауда бағымды сынаймын деп емшегі ісіп қалғандар болса, сауып тастасын. Елге депутат болмай-ақ қызмет етіп көріңіздерші...» - деп төтесінен бір-ақ тартты әріптесіміз.
Сондай-ақ, сенаторларды сайлауды індет өршіп тұрғанда міндет санап отырған билікке өзге желі қолданушылар да қарсы уәждерін айтып бағуда. Солардың бірі Бауыржан Әбішев: «Депутаттың керегі де жоқ. Үйілерінде ұйықтасын», - деп салды.
Ал жас жазушы Аягүл Мантай: «Дұрыс айтасыз, аға! Осыны мен де жазайын деп ойлап қойып едім. Бəріміздің ойымыз осы. Депутаттардың бітірген ештеңесі жоқ. Бюджеттің есебінен оларды асырауға қарсымын!» - деп жазба авторына қолдау білдірді.
Гүлмира Алдоңғарқызы болса, «Отырған болар, аптекаларындағы бизнестерінің қызу жұмыстарын крышавать етіп қойып», - деп өз күмәнін айтты. Тағы бір ақылға қонымды пікірді Кендебай Ахат есімді азамат жазды. «Жиырма миллионға жетпейтін елге екі палаталы Парламенттің керегі қанша? Сайлау өткізіп əуре болмай, Сенатты таратқан дұрыс!» - дейді ол.