$ 445.66  474.58  4.78

«Үкімет Тоқаевты, ал Тоқаев халықты алдағанына мәз» - қоғам белсендісі

Одан да Үкіметті тегіс отставкаға жіберіп, батыл шешімдер қабылдап, өтпелі кезеңде тізгінді мықтап қолына алғанда, халықтың да үміті оянып, сенімі артып, қолдап кетер еді-ау...
фото: Алаш айнасы
фото: Алаш айнасы

Журналист әрі қоғам белсендісі Сәуле Әбілдаханқызы билікті сынап тағы бір пост жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша, президент «екі аптада пандемияның бетін қайтардық» деп өтірік есеп берген министрлер кабинетін түгелдей доғарысқа жіберу керек еді.

«2 апта мерзім берді...
2 аптада өтірік статистиканы соқты...
2 аптада өтірік ақпаратты жаудырды...
2 аптада ауаға шашқан удың да беті қайтатын мерзім...
Бұл уақытта ауыратындар ауырып, қайтыс болатындар жаппай бақилық болып бітетін уақыт сияқты көрінген...
Алайда, жедел жәрдем шақырудан үміт үзген халық, ауруханаға баруға үрейленіп қалған халық, мәйітханада сөткелеп кезек күтіп, мәйітті жүздеген мың теңгеге сатып алған халық өз үйлерінде емделіп, өлсе, өз үйлерінде өлуге бел буды... », - депті бұл жолы.

Айтуынша, жағдай әлі оңала қойған жоқ. Жұрт ауруханаға барудан қорқып қалған. 

«Жаңа құрбыммен телефонда бір сағат сөйлестік. Әкесі де, анасы да үйде ауырып жатыр екен. Екеуінің де өкпесі 40% «поражение» дейді. Екеуі де ауруханаға баруға үзілді-кесілді қарсы боп отыр дейді...

«Ауылда адамдар қырылып қалды... әр көшеде күн сайын оншақты жаназа... әр әулетте 2-3-4-5 адамға дейін қаза болып жатыр...» деген ауылдағы ағайынның дене түршіктіретін әңгімелері әлі де жетіп жатыр...

Ал аптекадан дәрі іздеп сабылған, қолдан он есе қымбатқа дәрі алған халық - сол халық...», - деп атап өткен. 

Осылай деп атап өткен ол Мемлекет басшысының Үкіметті не себепті отставкаға жібермей отырғанына таң қалып отырғанын жеткізген. 

«Тоқайып (автордың сөз саптасы солай - ред.) екі аптада үкімет үлкен жұмыс атқарып тастағанына өтірік сене салған болды... Үкімет Тоқайыпты алдағанға мәз, Тоқайып халықты алдағанға мәз...

Одан да Үкіметті тегіс отставкаға жіберіп, батыл шешімдер қабылдап, өтпелі кезеңде тізгінді мықтап қолына алғанда, халықтың да үміті оянып, сенімі артып, қолдап кетер еді-ау... Мысалы, мен өзім қолдар едім... Қазір тіпті, атын да атағым келмей қалды... Тағы да халықтың емес, қаусаған шалдың ыңғайына қойылған қуыршақ жиһаз екенін көрсетті... Тұлыпқа мөңіреген бұзау сияқты...

Өтірікпен өз-өздеріңе осылай ор қаза бер, билік!

30 жыл өтірік сайраған билік 31-ші жылы шындықты айтып, мойындап, өз өтіріктерімен күресуі мүмкін де емес... » – деп жазған өзінің фейсбук парақшасында. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары