Белгілі саясаткер, Ұлттық кеңестің мүшесі Айгүл Орынбек Премьер-министр Асқар Маминнің үкіметінің елдегі пандемиялық ахуал тұрақтанып келеді деген есебіне сенімсіздік білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Заңгердің айтуынша, вирустың беті қайтып, жедел жәрдем көмегіне жүгінушілердің де саны азайды дегенге сенуге болмайды. Үкіметтің кезекті өтірігі ғана.
«Өздерің үйде емделіңдер», - деп алып, жедел жәрдемге қоңырау азайып қалды деп сүйінші сұраулары тым күлкілі!
Ауырғандар қазір ауруханаға барып жатқан жоқ!
Себебі ауруханаға түсіп, өліп жатқандардың саны көбейген. Тек «врачтар дұрыс емдемей жатыр» деп Шымкент дәрігері дабыл қаққан соң, халық ауруханаға баруға қорқып қалды. «Өлсем, өлігім үйден шықсын, шығындалмаңдар!», - деп жатқан қариялардың да әңгімесін естідім!
Қазақ мұсылман болған соң, соңғы сапарға да таза кеткісі келеді! Өлікті мәйітханадан сатып алып жатқандарын естіген жұрт қайдан аурухана жағаласын.
Үйінде ауырып жатқан халық көп. Сол себепті үкімет пен әкімдер еркінсуге әлі ерте. Барынша ауруханалардың қызметін күшейтіңіздер! Қоғамдық көлікті уақытпен емес, күнделікті режимге шығарыңыздар. Халықтың такси жалдап жүретін шамасы жоқ! Үлкен қалада дәрі іздеу оңай емес! Онсыз да алып жатқан дәрілердің бағасы үш есеге қымбаттап кеткен! Дәрігерлердің айлығын жұлмаламай толық беріп, жағдайын жасаңыздар!
Пиар үшін емес, халық үшін жұмыс істейікші!
Ауа мен өліктен ақша істемей-ақ қойыңдаршы, өтініш!», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.
Естеріңізде болса, осыдан бір-екі күн бұрын Мемлекет басшысы Премьер-Министрдің еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру және әлеуметтік-экономикалық даму туралы есебін тыңдаған болатын. Асқар Маминнің айтуынша, еліміздегі коронавирус жұқтырғандардың саны 2,1 пайызға төмендеген, ауруханалардағы індетке шалдыққан азаматтарға арналған жалпы төсек-орын 30,4 мыңнан 49,7 мыңға дейін көбейген, соның есебінен реанимациядағы орындарға қажеттілік 12 пайызға, станционарда 25 пайызға азайған. Сондай-ақ COVID-19 індетінен жазылып шыққандар 63 пайызға артып, жедел-жәрдем шақыртушылар саны 31 пайызға төмендеген.