03.08.2020, 15:00

«Цой халықты алдауға көшті» - журналист

Статистика бірікті деп жатыр ғой, шындығында біріккен жоқ. Қазақстан Coronavirus2020.kz сайты мен ДДСҰ-ның, Джонс Хопкинс университеті және worldometers.info сайтының Covid карталарына коронавирустық пневмониядан қайтқандар санын кіргізген жоқ.

Тамыз айының бірінен бастап елімізде пневмония мен коронавирустың статистикасы бірге есептеле бастады. Жаңартылған статистика бойынша, тамыз айының алғашқы күні барлығы 6407 (1229 коронавирус, 5181 пневмония) адамның вирус жұқтырғаны белгілі болды. 66 адам қайтыс болған. Алайда, журналист Дархан Өмірбектің жазуынша, статистика әлі біріктірілген жоқ. Бас дәрігер Алекцей Цой әлі қулыққа басып отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі ел ішіндегі көрсеткішті біріктіргенімен, әлемдік Covid  картасында Қазақстанға қатысты статистика әлі сол бұрынғы ескі жүйемен көрсетіліп тұр. Яғни, Қазақстан билігі ресми деректі әлі дұрыс бермей отыр. 

«Статистика бірікті деп жатыр ғой, шындығында біріккен жоқ. Кеше алғаш рет тәулік дерегінде коронавирус пен коронавирустық пневмония сандары жарияланды. Біріншісі - ПТР анализбен расталған жағдай, екіншісі - клиникалық белгілері бойынша расталған жағдай.

Біріншісі бойынша бір күнде 1226 науқас, 36 өлім тіркелсе, екіншісі бойынша 5181 науқас, 30 өлім тіркелген.

Бірақ коронавирустың негізгі статистикасына тек 1226 деген сан ғана қосылды. Coronavirus2020.kz сайтында коронавирустық пневмониядан өлгендер саны бөлек көрсетілгеніне қарағанда, Covid өлімі дерегіне коронавирустық пневмониядан қайтқандар да кірмейтін көрінеді.

Ал ДДСҰ-ның, Джонс Хопкинс университетінің және worldometers.info сайтының Covid карталары Қазақстан мәліметін тек билік дерегіне сүйеніп жариялайды.

Яғни, кешегі деректен соң Қазақстандағы коронавирус жұқтырғандар саны 6407 адамға (1226+6407) емес, тек 1226 адамға артып, 91 593-ке жеткен. Егер біріктірсе, 96774 болуы керек еді және біз алда тұрған Египеттен озып кетуіміз қажет болатын.

Тағы оқи отырыңыз: «Коронавирус пен пневмония деректерін біріктіруге екі апта қажет болды» - министр

«Қиын кезең артта қалды» - Алексей Цой

Қорытқанда, билік Covid пен пневмонияны біріктірген жоқ, биліктің жасағаны – жай ғана пневмония дерегін коронавируспен қатар жариялау. Осыны істеу үшін екі апта кетті.

Ал көршіміз Қырғызстан статистиканы біріктіретінін 16 шілде жариялады да, 17 шілде күні ортақ санға көшіп кетті. Бір-ақ күнде. Сөйте тұра Қырғызстан статистиканы расымен біріктіріп жариялады, Қазақстан сияқты айла жасамады. Қырғызстан статистиканы біріктіруге бір күн жұмсап, оп-оңай көшіп кетті. Ал Қазақстан дайындыққа деп екі апта алды да, ең соңында сол күйі ешқандай біріктіру жасамады», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.