Бүгін «Nur Otan» партиясының праймеризіне кандидаттарды тіркеу басталды. Партияның Алматы қалалық филиалына тіркеліп жатқан кандидаттардың жартысы - жастар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Праймериз «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қолға алынған жоба. Бірнеше кезеңнен тұратын партияішілік іріктеу бүгін басталды. Жетекші партия тарихындағы ауқымды жобаға негізінен жастар қатысып жатыр.
Партияның Алматы қалалық филиалына 39 адам тіркеліп үлгерген. Саяси додаға қатысып жатқан кәсіпкер, «Daco motors KZ» ЖШС директоры Нұрымбек Тауұлы праймериздің маңыздылығы туралы пікірін білдірді.
«Праймериз – еліміздің өркендеуі мен дамуына аянбай еңбек еткісі келетін әр адамға таптырмас мүмкіндік. Қоғамда белсенді, әрі тың идеялары көп азаматтар осы жоба арқылы өздерінің потенциялын көрсете алады. Осы уақытқа дейін жинаған білімімді, тәжірибемді қолдана отырып, елге қызмет еткім келеді. Сондықтан, «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысуға бел будым. Нақты жобаларды да жасадық. Әлемді жауалған пандемия елде білім мен денсаулық саласына жедел өзгерістер керектігін көрсетті. Алдағы уақытта бәсекеде жеңіп шықсам, басты айналысатын ісім – жұмыссыздықты жойып, білім мен денсаулық саласының жақсаруына жұмыс істеуді қолға алам. Нақты ұсынатын жобам: «Әр адам көргенін істейді» дегендей, өркениетті елдердің тәжірибесін қолдана отырып, елдегі жұмыссыздықты түбегейлі жою. Шет елде білім, тәжірибе алып жүрген жастарды елге тартып, ұлтымызға қызмет етуге мүмкіндік жасауымыз қажет. Білімді жастарды шет елдің үздік компаниярына жіберіп, тәжірибе арқылы біліктілігін арттыруымыз керек. Елдегі орташа жалақы деңгейін көтеруіміз қажет. Әр отбасына көмектесетін жобалар әзірлеудеміз», - деді кәсіпкер Тұрымбек Тауұлы.
Кәсіпкер, партиялық іріктеуде жастардың көбірек келуіне көңіл бөліну керек деп санайды. Оның сөзінше, қазір мәслихат пен Парламент депутатарының арасында КСРО кезеңінен қалған зейнеткерлер әлі отыр. Тіптен, кейбір өңірлердегі мәслихат депутаттарының арасында әйелдер жоқтың қасы.
«Праймериздің әділ, ашық өтетініне сенімдімін. Бұл жоба өте маңызды, өйткені елдің дамуына тікелей жұмыс істейтін жастарға жол ашады. Тағы да айтарым, сол шетелде жүрген жастарды онлайн праймеризге қатыстырып, ойларын тыңдауымыз керек. Байырғы КСРО мен ТМД шеңберінен шығып, кеңірек ойланып, нақты қадамдар жасауымыз керек. Қабілетті жастардың әлеуетін елдің дамуына жұмсау маңызды. Еліміздегі отбасы саясаты дұрыс болсын десек, әйел адамдарды праймеризге көптеп тарту - орынды», - деді ол.
Нұрымбек Тау, партия мүшелерінің өзара бәсекеге түсуі бастауыш ұйымның қолға алған түрлі әлеуметтік жобаларының жандануына жол ашады деп санайды. 41 жастағы кәсіпкердің сөзінше, «Nur Otan» партиясы халыққа ең жақын ұйым екенін карантин кезінде де дәлелдеген.
«Компаниямыздың атынан қайырымдылық шараларын жиі, үздіксіз жасауды дәстүрге айналдырып келеміз. Мәселен, қауіпті індет жаппай жайылған кезде Алматыдағы №7 қалалық клиникалық ауруханасына 7 дана, жаңадан ашылған модульді ауруханаға 5 дана өкпені жасанды желдететін апараттарды тарту еттік. «Алатау азат» атты бастауыш партия ұйымы арқылы аудандағы ауруханаларда жатқан науқастарға әр күн сайын 25 литр қымыз, саумал, жеміс-жидек тасуды жалғастырып жатырмыз. Бұл шараны жасап жатқанымызға 21 күн болды. ТЖ кезінде әр қорапқа 30 келі азық-түлік салынған мыңдаған отбасына «жақсылық жәшігін» табыстадық. Қазір, оқу жылы қарсаңына орай тағы бір шараны ұйымдастырып жатырмыз. Алатау ауданындағы 40 отбасына оқуға қажетті құрал-жабдықтарын таратамыз. Оқушылардың онлайн білім алуына мүмкіндік беретін планшеттері болады. Бұның бәрі елдегі жетекші ұйымның қолға алған көптеген жобасын қолдау деп түсінген жөн. Біз, ел тұрғындарының әлеуметтік тұрмысының жақсаруына мүмкіндік беретін партияның әр ісін белсенді түрде іске асыруға тырысамыз», - деді ол.
«Nur Otan» партиясының праймеризіне Алматы қаласы бойынша алғашқы күні 39 какандидат тіркелген. Партияның ақпаратынша, өзара бәсекеге түсіп жатқан кандидаттардың жартысына жуығы жастар. Олардың арасында 12 әйел бар.