Белгілі заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек әлеуметтік желі бетінде хит болып тұрған праймериз науқанына қатысты өз ойын білдіріп, тағы бір пост жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Заңгердің айтуынша, жұрттың бәріне праймеризге қатысуға мүмкіндігі берілгенімен, тікелей дауыс беру мүмкіндігін шектейтін көрінеді. Яғни мәслихат депутарына елдің барлығы дауыс бере алмайды. Ол үшін «Нұр Отан» партиясының мүшесі болуыңыз керек.
«Менің құқығым бұзылып жатыр! Мәслихат депутаттарына дауыс бере алмайды екенмін, ол үшін «Нұр Отан» партия мүшесі болып тіркелу керексің дейді! Ал мен ешқандай партияға мүше болғым келмейді!
Өзінің таныс тамырлары тіркеліп дауыс берген депутат, қайдан елдің жағдайын жасасын? Сайлауда дауыс берген таныстарының жағдайын жасайды емес пе? Оу, Нұр Отан! Ауыл аймақтың жағдайы неге нашар айтайын ба?
Себебі халық сайламаған депутаттар, таныс туысқандарына қызмет етеді! Шардарада бір депутаттың туған інісі канализацияны толық жүргізбей ақшасын жеп кеткен. Канализация боғы теңізге ағып жатыр! Сарыағашта бір ауданның, депутаттың інісі газдың ақшасын жеп кеткен, сол себепті осы уақытқа дейін газ қосылмай жатыр ! Бір ауылда жолды бордюрімен қоса, бір депутаттың әйелінің інісі жұта салған!
Құрысын бәрін тізе берсем, партияның абыройы қалмас!», - деп жазған бұл жолы.
Сонымен қатар ол депутаттарды санаулы топ қана емес, жалпы халық болып сайлау керектігін айтқан.
«Енді праймеризге көшейін, халықтың бәрі дауыс бере алатындай ашыңдар! Халық өз таңдауын жасайтын уақыт келді! Таныс туыстарына емес, халқына қызмет жасайтын адамдар жеңуі керек!
Мәслихат депутаттары тек «Нұр Отан» мүшелеріне емес, бүкіл халыққа қызмет етеді. Бәрі әділ болсын, демократия таңдаудан басталады!
Оқи отырыңыз: «Депутат болуды армандаған емеспін» - заңгер
Сосын, Байбек мырза, бізде аудандарда әкімдер квотасы сатылып жатыр деп ауыл қатындары гуілдеп жатыр!
Әкімдерге қызмет ететін депутат ешкімге керек емес! Әкімдерден алып халыққа беріңіз! Квотаны халық беру керек дауыс арқылы!
Ауыл аймақ өркендесін десеңіздер, ауыл аймақтың дамуына үлес қосатын депуттарды халық сайлау керек!», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.
Айгүл Орынбек тағы бір жазбасында бір қаланың Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы, бүкіл қызметкерлерін қинап мүшелікке кіргізіп жатқанын, «дауыс бермесеңдер, жұмыстан кетесіңдер!» деп қорқытып отырғанын жазған. Айтуынша, бір еден жуушы апай төлейтін жарнасына қиналып, өзінен көмек сұраған.