$ 494.87  520.65  4.91

«Мемлекеттік БАҚ-ты 70 пайызға қысқартуды ұсынамын» - журналист

Мемлекеттік БАҚ-қа жыл сайын 70-80 млрд теңге жұмсалуда. Мемлекеттік ақпарат құралдарының саны азайса, басқа бәсекелестік орта автоматты түрде пайда болады.
фото: azattyq.org
фото: azattyq.org

Соңғы кездері отандық БАҚ саласында біраз сілкіністер болып жатыр. Кейбір журналистер қазақ телевизиясындағы былықтардың бетін ашып, қоғам назарына ұсынып жатса, тағы біразы қазақ журналистикасы мен бұқаралық ақпарат құралдары тек жүйенің саясатын насихаттайтын құралға айналып отырғанын айтып жатыр. Есесіне, халық мұңы мен шырылдаған шындық айтылмай қалуда, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Журналист Ербол Мәндібек өзінің Facebook парақшасында БАҚ саласындағы қордаланған мәселені көтеріп жазба жариялады. Ол жазбасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қазақ журналистерінің атынан деп біраз ұсынысын білдірген. 

«Тәуелсіз журналист ретінде сіздің назарыңызға мемлекеттік БАҚ төңірегінде қордаланған бірнеше мәселені ашық жеткізгім келеді. Мемлекеттік БАҚ-тың басшылары мен жұмыс тәртібіне қатысты сұрақтарым сол күйі жауапсыз қалды. Керісінше, соңғы кездері әртүрлі амалдар арқылы маған қарсы «шабуылдар» басталды. Өзіңіз үнемі айтатын, халықтың үнін еститін мемлекет қағидаты журналистерге келгенде жүрмей қалады», - деп атап өткен журналист ары қарай өзінің ұсыныстарын білдірген.

«Ұсыныстарымның алғы реті мынандай:
-БАҚ туралы қолданыстағы заң заман талабына сай емес, оны өзгерту керек. БАҚ туралы заңды шенеуніктер емес, белсенді журналистер жазуы тиіс деп есептеймін.

-Журналистердің этикасы туралы кодекстің күшін жою қажет. Себебі, мұндай ереже демократиялық мемлекеттің қағидаларына қайшы.

-Мемлекеттік БАҚ-тың шығындары шамадан тыс. Халықтың есебінен қаржыландырылатын газет, телеарна, радио, сайттардың саны тым артық. Басшылық құрамның жалақысы мен сыйақысы күллі жұмысты атқаратын қатардағы тілшіден бірнеше есе көп. Бұл әділетсіздік.

-Мемлекеттік БАҚ-ға тәуелсіз аудиторлық тексеріс жүргізуді тапсырыңыз және барлық мемлекеттік БАҚ-тағы сөз бостандығын шектейтін ережелерді алып тастауды тапсырыңыз!


-Мемлекеттік БАҚ-ты 70 % қысқартуды ұсынамын. Жыл сайын 70-80 млрд теңге жұмсалуда. Өзіңіз басы артық шығындардан арылуды жиі айтасыз. Мемлекеттік БАҚ-тың саны азайса, басқа бәсекелестік орта автоматты түрде пайда болады.

-Журналист-жер мен көктің арасындағы мамандық болып тұр. Дәрігер, полиция, мұғалім, әскери қызметші мемлекеттен жеңілдіктер мен әлеуметтік пакет алады. Ал, қатардағы қарапайым тілшілер «мәдениетті қайыршының» нақ өзі. Сондықтан журналистердің мәртебесін заңмен айқындап беруіңізді сұраймын», - делінген журналистің үндеуінде.

Оқи отырыңыз: «Қазақ журналистикасы тек жүйенің саясатын насихаттайтын құралға айналып кетті» - қоғам белсендісі

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары