Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің ақпарат орталығы Ұлан ауданына қарасты бірнеше ауылға 1 қазанға дейін жылдамдығы жоғары интернет тартылатыны туралы мәлімет таратты. Сапалы интернет тартылады деп отырған Бестерек ауылы Өскеменнен 40 шақырым жерде орналасса, Ізғұтты Айттықов ауыл 47 шақырымда жатыр. Яғни, шалғай ауылдар түгіл, облыс орталығының іргесінде жатқан елді мекендердің өзінде қашықтан оқу машақатпен жүріп жатыр деген сөз.
«Қазақтелеком» компаниясының облыстағы филиалының техникалық директоры Ғазинұр Раимхановтың айтуынша, жыл басынан бері облыстағы барлық ауданға 1800 шақырым талшықты-оптикалық желі тартылған. Ал Ұлан ауданына интернет тарту жұмыстары ай соңына дейін аяқталуы тиіс.
«Ұлан ауданында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында Ұлан, Бозанбай, Тарғын, Асубұлақ елді мекендеріне интернет желісі тартылады. Аудан әкімдігімен бірлесіп, Бестерек пен Ізғұтты Айттықов ауылдарына интернет тартудың техникалық шешімін таптық. Меніңше, 1 қазанға дейін осы бағыттағы жұмыстар толық аяқталып, тұрғындар кең жолақты интернетке қол жеткізеді», - дейді Ғазинұр Раимханов.
Сын сәтте инфрақұрылым сыр бергенімен, ұстаздар бұл тығырықтан амалдап шығуға барын салып жатқан көрінеді. Аудандық білім бөлімінің басшысы Қуат Оқасовтың айтуынша, бұл проблемаға қарамастан, оқу үрдісі жоспар бойынша жүргізілуде.
«Шағын елді мекендерде шағын жиынтықты мектептер орналасқан. 1 қыркүйектен бастап оқушылар штаттық режимде білім алуға көшті. Барлық ауыл мектебінде интернет бар. Қала мектептерінде оқитын оқушылар, сондай-ақ, студенттер жұмыс күндері ауылдағы білім ошақтарына барып, сабақтарын оқи алады. Онда барлық санитарлық талап сақталған», - дейді бөлім басшысы.
«Қазақтелеком» өкілдері 2019 жылы өңірде 150 елді мекен интернетсіз болса, биыл бұл сан екі есе азайды деген дерек келтіріп отыр. Яғни, ресми дерек бойынша әлі 75 ауылда инетрнет атымен жоқ деген сөз.