Белгілі журналист Думан Бықай «Қазатомөнеркәсібі» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевті атақты Илон Маскпен салыстырды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Журналистің айтуынша, білікті маман нақақтан нақақ жала жабылып 14 жыл арқалап сотталып кетпегенде Қазақ елін алға сүйреп, небары 15 жылдың ішінде Қазақстанда толыққанды ядролық технологиялар ғылымын қалыптастырар мүмкіндігі болған. «Байтасовқа берген сұхбаты сұрапыл енді. Байыпты. Байсалды кісі екен. Өткен күндерді ой елегінен өткізген, астарлап, тұспалдап сөйлеген сөз мәнерінен-ақ «Жәкішевті түрмеде шіріту» операциясына Мәскеудің «атсалысқанын» аңғаруға болады. Жалпы бізге консультант, реформатор дегенді алыстан іздеудің қажеті жоқ. Қолынан іс келетін азаматтар іргемізде жүр.
Күні кеше құрылған реформа агенттігіне Жәкішевті әкеп отырғызса Тоқаевтың жолдаудағы көп уәдесі көп ұзамай орындалған болар еді. «Астана» қаржы орталығын басқарғалы қанша инвестиция тартқанын тіс жарып айтпаған Келімбетовтен не қайыр, не үміт...», - деп жазады ол өзінің facebook парақшасында.
Сондай-ақ ол Жәкішевті Илон Маскпен салыстырудың өзіндік себептері бар екенін атап өткен.
«...Жәкішевтің бизнес амбициясы мен ойлау масштабы Масктен кем түспейді. Бәлкім Илонға қарағанда оның идеялары бір ұлттың шеңберімен ғана шектелген болар, шынтуайында Жәкішев қазақты шикізат құлдығынан құтқарғысы келді. Ал бұған жету үшін мына жарық жалғанды тағы да сол Масктің деңгейінде парықтаған жөн.
«ҚазАтомды» қаз тұрғызған Мұхтар осы сұхбатта көлденең килігудің кесірінен аяқсыз қалған жобалар жайында айтыпты.
Соның бір парасын мысалға келтіре кетейін: Курчатовта жапон ғалымдарымен бірлесіп ядролық технологиялар орталығын ашқымыз келді. Осы арада техникалық білімі бар студенттер Токионың танымал ғалымдарының дәрісін тыңдап, шеберлігін шыңдар еді. Айналасы 15 жылдың ішінде Қазақстанда толыққанды ядролық технологиялар ғылымы қалыптасар еді.
Курчатовта сирек кездесетін металды балқытып, дайын құйма әзірлейтін зауыттың сұлбасын сыздық. Гибридті көлік шығаратын жапондар осы өнімге сусап отырды. Шикізаттың осы түрі нарықта тым тапшы еді. Бұған Қытай да қызығушылық танытқан болатын.
Келесі кезекте көлік құрастыратын зауыттың құрылысын қолға алғымыз келді. Бұл жерде жапонның гибрид көліктеріне арналған ілгерідегі сирек металдан әзірленген дайын өнімдер өндірмек едік.
Бағасы удай (дайын өнімнің 1 келісі 10 мың доллар) бұл өнімді Жапонияға жеткізу үшін әуежай соғуды да жоспарға енгізген болатынбыз.
Уран таблеткілерін Жапония, Қытай мен Үндістанға тасымалдау шешілген шаруа еді. Осы арқылы нарықтағы Ресей монополиясын тежеп, әділ бәсеке орнатуға ұмтылдық. Мен ұсталып кеттім. Жұмыс тоқтап қалды. Жапондар уағдадан танды.
Талай жыл тұралап тұрған Үлбі металлургия зауытын тірілттік. 2001 - 2006 жылдары осында өндірілетін сирек кездесетін қымбат металдардан жоғары технологиялы өнім әзірледік.
Жәкішев жайлы әңгіме осымен аяқталмайды…», - деп атап өткен жазба авторы.