Алаш қозғалысы – тарихымыздың ерекше кезеңі. Бұл – біздің халқымыз үшін өліара шақ, дәуір алмастырған тұс. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасына осылай деп жазды.
«Тарихтың осы кезеңі студент кезімнен мені қызықтырған. Сол қызығушылықтың бір жемісі – «Беймәлім Алаш» деректі фильмдер циклі. Тәуелсіздіктен бері Алаш тақырыбында қаншама зерттеу жасалды. Бірақ, көптеген адамдар ұзын саны жиырмаға тарта Алаштың басты адамдарын ғана біледі. Оның өзінде көп нәрсе ақтаңдақ қалпында. Біз қал-қадірімізше осы ақтаңдақтарды толтыруға тырыстық», - дейді Берік Уәли.
Оның айтуынша, тіпті, фильмдердің қажетті тұстарында кәсіби актерлардың ойнын да пайдаланып, тиісті құжаттар көрсетілген. Сілтемелері YouTube желісіне жүктеліпті.
«Досым Ерлан Қарин «Қазақстан» телерадио корпорациясының тізгінін ұстаған кезде басталған «Беймәлім Алаш» цикілінің «Беймәлім Алаш. Әлихан Бөкейхан», «Беймәлім Алаш. Жүсіпбек Аймауытов», «Беймәлім Алаш. Халел Ғаббасов» қатарлы үш бөлімі түсірілсе, корпорация тізгінін Ләззат Танысбай ұстаған соң да жобаның өзектілігін, ұлт тарихына қажеттілігін ескеріп, жалғастырып келеді. Бұл ұлт тарихы мен ұлттық идеологияға деген жоғары түсініктің көрінісі деп білем» деп жазды одан әрі Берік Уәли.
Атап айтқанда, осы уақыт аралығында «Беймәлім Алаш. Уәлитхан Танашев», «Беймәлім Алаш. Айдархан Тұрлыбаев», «Беймәлім Алаш. Бақтыгерей Құлманов», «Беймәлім Алаш. Қайреддин Болғанбаев», «Беймәлім Алаш. Райымжан Мәрсеков», «Беймәлім Алаш. Қошмұхаммед Кемеңгер», «Беймәлім Алаш. Тұрағұл Абайұлы», «Беймәлім Алаш. Аққағаз Досжанова», «Беймәлім Алаш. Қазы Нұрмұхаммедұлы» бөлімдері көрерменге жол тартқан.
«Сонымен, Алаш тарихын түгендеген циклден жалпы 12 бөлім түсірілді. Екі бөлім өндірісте. Алаш қозғалысының ақтаңдақ тұстарын көре жүріңіздер. Сіздер үшін арнайы сілтемесін қоса салдым. Кеше ғана «Абай» арнасында «Беймәлім Алаштың» қайта беріліп жатқанын көріп, қуанып қалдым. Шығармашылық ұжым болып, бізбен ұғыса жұмыс атқарған Ербол Алшынбай бастаған жігіттерге де алғыс», - деп түйіндеді сөзін Ақордадағы әріптесіміз.