21.09.2020, 12:00

«Жанболат балам, халықты босқа дәмелендірме!» - журналист

фото: elana.kz
Иә,  Жанболат Мамайдың ниеті түзу, көңілі ақ болар. Бірақ үкіметке халықтың бүкіл несиесін кешір деуі орынсыз.  Одан да, Үкіметке:  «борышкерлерге жағдай жаса,  олармен санас,  тұрмысына қара, пайызын жеңілдет,  көмектес, қиындықтан шығар, жылы шырай таныт» десе әңгіме басқа.

Ардагер журналист әрі қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы соңғы кездері жиі айтылып жүрген несиені кешіру туралы мәселеге қатысты өз ойын білдірген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Сәуле Мешітбайқызының айтуынша, халықты түгел қарыз «бұғауынан» түгелдей құтқару мүмкін емес! Жанболаттың бұл тірлігі жай жанкешті әрекет қана.

«Алматыда өткен бейбіт шеру барысында елдің несиесін кешіру сөз болды. Бұл сыныққа сылтау, тисе терекке, тимесе бұтаққа деген жанкешті әрекет қана. Негізі несиені түгел кешіреді дегенге сену қиын.   Өйткені біреудің алған қарызын,  мемлекеттің жауып тастауы ақылға сыймайды. Мұның арты теңсіздікке апарып соғады. Әділетсіздікке итермелейді. Сосын бүгін несиесі жабылған адамның қайта қарызға белшесінен батпасына кім кепіл!», - деп атап өткен журналист. 

Сонымен қатар ол бүгінде елдің аманатын арқалап жүрген Жанболат секілді жандарға шерулетіп, халықты босқа дүрліктіргеннен гөрі жоғарыға нақтыұсыныстар берген жөн деген ойын білдірген. 

«...Бүгінгідей қиын шақта шерулетіп «шер» тарқату да жеңіске бастар жол емес. Билікке нақты ұсыныспен шықпаса бәрі бекер. Оның жолы көп. Соның біреуі мынау:

Мысалы, борышкер азамат  әйелі екеуі 130 мың теңге айлық алады дейік. Азаматтың айлығы  бар болғаны 70-80 мың, әйелінікі  40-50  мың теңге. Төлейтін несиелері 80 мың. Оны банк корточкадан бірден ұстап қалады. Әлгілердің пәтерге  төлейтіні орта есеппен ең төменгісі 40 мың теңге.  Астана мен Алматы түгілі шалғай өңірлерде 80 мың теңге ақша ма? Қазіргі қымбатшылық мұны жайындай жұтып қояды. Байғұстардың  тамағы, комтөлемдері,  балаларға киімі, т.б. кәкір-шүкір нәрселер көп.  Дәл осылай шықпа жаным, шықпа деп отырған жанұялар қаншама? Оларды билік түсінуге тиіс. Зерттеп, зерделеуге тиіс. Әйтпесе ел игілігіне жұмыс істемейтін бағдарламалар кімге керек?!

Иә,  Жанболат Мамайдың ниеті түзу, көңілі ақ болар. Бірақ үкіметке халықтың бүкіл несиесін кешір деуі орынсыз.  Одан да, Үкіметке:  «борышкерлерге жағдай жаса,  олармен санас,  тұрмысына қара, пайызын жеңілдет,  көмектес, қиындықтан шығар, жылы шырай таныт» десе әңгіме басқа.  Өйткені қиналған халық бұлай жалғаса берсе,  ешқандай «Көсемге» табынбай-ақ өз қалауымен көшеге шығып кетуі ықтимал.  Соны болдырмау үшін борышкерлерге қарасу билікке міндет! Мұны қазақ қауіптін алдын алу дейді.  Әсірелеп айтсақ,  жыланның аузына да ақ құйып шығарумен тең пәлсапа ғой.

Жанболат балам-ау, елдің қарызын кешіре сал дейтіндей банктің бәрі биліктің қолында емес қой!  Жекенің қолында. Дәулердің қолында… Нақты  ұсыныс бер деп отырғаным содан ғой», - деп өз ойын білдірген қоғам қайраткері.