$ 494.87  520.65  4.91

Армения және Әзірбайжан қақтығысы елімізге қалай әсер етеді? - сарапшылар жауабы

Белгілі саясаттанушы Айдос Сарымның ойынша, бұл шайқаста екі ел "қанға қан, жанға жан" принципін ұстанған. Оңайлықпен берілмейтін екі елдің арасындағы қазіргі шиеленістің соңы шығыны көп соғысқа әкелуі мүмкін.
Фото: gazeta.ru
Фото: gazeta.ru

Әзербайжан мен Армения арасында жер үшін соғыс жүріп жатыр. Таулы Қарабақ мәселесінің шешім таппай келе жатқанына 30 жылдан асса да, екі ел әлі бір ымыраға келер емес. Бірі көршілес, екіншісі одақтас ел болғанда Қазақстан қай тарапты ұстануы тиіс? Армения мен Әзірбайжан арасындағы қарулы қақтығыстың әсері бізге тие ме? Stan.kz сарапшылар пікірін тыңдады. 

Таулы Қарабақ үшін соғыста екі тарап та бір-бірін айыптап отыр. Әзірбайжандықтар ресми түрде бірінші болып соғысты Армения бастады десе, армяндықтар басқа пікірді ұстанады. Әзірбайжан бір кездері Армения қолында кеткен жерін кері қайтара алады ма? Бұл қақтығыс қанша уақытқа созылады? Сарапшылар пікірін ұсынамыз. 

Саясаттанушы Ерлан Саиров Таулы Қарабақ заңды иесіне қайтарылуы керек дейді. Ал екі ел арасындағы қақтығыс біздің елге әсер ете қоймайды деген пікірде.

"Қазақстанның екі елмен де экономикалық байланысы тығыз дамымаған. Дегенмен де Әзірбайжан елімен қарт Каспий арқылы шектесеміз, түркі тектес бауырлас ел. Ал Армениямен одақтық байланыс қана. Сондықтан экономикалық тұрғыдан ешқандай әсері болмауы мүмкін. Қарабақты ешбір ел мемлекет ретінде мойындамаған. Қазақстан өзінің ресми позициясын таңдады. Екі жақтың мәселесін шешуде атсалысуға міндетті түрде көмектесетінін айтты", - деген ол Қарабақ мәселесінде сыртқы күштердің әсері болуы мүмкін екенін айтады.

Ерлан Саировтың пікірінше, Әзірбайжанның территориялық тұтастығы қалпына келуі керек. Одан басқа жол жоқ көрінеді. 

"Өкінішке орай, дүние жүзінде түйіні шешілмейтін мәселелер бар. Соның бірі - осы Қарабақ. Қарабақ мәселесінде сыртқы күштердің әсері үлкен. Ресей мен Түркияны айтып отырмын. Олардың әрқайсысының мемлекеттік мүдделері бар. Бейбіт өмірдің қалыптасқанын қаламайтын кісілер бар. Бүгінгі таңда біржақты шешіледі деп айту қиын", - дейді ол.

Сарапшының пікірінше, Арменияға өткен Әзірбайжанның жеті ауданы қайтарылып, Таулы Қарабақтан көшіп кеткен әзірбайжандықтар қайта келуі керек. Бірақ бұл талаптардың орындалуы мүмкін еместігін айтып қалды ол.

Белгілі саясаттанушы Айдос Сарымның ойынша, бұл шайқаста екі ел "қанға қан, жанға жан" принципін ұстанған. Оңайлықпен берілмейтін екі елдің арасындағы қазіргі шиеленістің соңы шығыны көп соғысқа әкелуі мүмкін. 

"Бұл қақтығыс бүгін басталып тұрған жоқ. Екі жақта өзі халқының айтқанынан аса алмайды. Жерді бөлейік, мәмлеге келейік деп айту Армения мен Әзірбайжан үшін үлкен сатқындыққа апарады. Бір саясаткеркер парламентте "жерді 50-50 бөлейік немесе қайтарып берейік" деген сөз айтса, оның саяси ғұмыры аяқталды деп айтуға болады. Адам шығыны болып, мәселе шиеленіскен кезде ешқандай мәмілеге келе алмайды", - дейді ол.

Айдос Сарымның пікірінше әзірбайжандар үшін Таулы Қарабақ ең осал тұсы. Өйткені жерінің 20% арменяндардың қолында кеткен, 1 млн әзірбайжандық босқын болып есептеледі. 

"Ресейдің Арменияға тікелей көмектесуіне жол жоқ. Ресей армяндарға зымырандарын жіберсе, Әзірбайжанға ашық соғыс бастағанмен бірдей болып саналады. Онда Әзірбайжанды қолдаушы Түркия сынды елдер ашық әскер жіберіп көмектеседі. Үлкен қақтығысқа айналып кетуі ықтимал. Сондықтан Ресей бүгінгі қақтығысты жақсы болсын, жаман болсын тоқтатып, не соғыс жоқ, не мәміле жоқ, ұзақмерзімді конфликтіге айналыдырып тоқтатуы керек секілді. Себебі шешілмеген конфликтілер арқылы екі елді де тырп еткізбей ұстап отыруға болады. Осы мәміленің шешілмеуіне мүдделі ел болатын болса, ол — Ресей", - деп кесіп айтқан саясаттанушы ерте ме кеш пе үлкен соғыс болатыны анық екенін айтты.  

Оның пікірінше, екі елдің де ымыраға келуге құлқы жоқ. 

Қоғам белсендісі Асхат Қасенғали Әзірбайжан үшін жақтасады және бұл соғыс олар үшін жасалған әділетсіздік деп біледі. Бір кездері айырылып қалған жерін қайтарып алуға мүдделі болып отырған әзірбайжандықтарға армяндықтар небір құйтұрқы әрекеттер жасауда дейді. 

"Қазақстан бейтарап болғаны дұрыс. Дегенмен, қазақстандықтардың бүйрегі бауырлас елге бұратыны жасырын емес. Өкініштісі, ашықтан ашық әзірбайжандарды қолдай алмаймыз. Өйткені Армениямен одақтаспыз. Сондықтан қарулы қақтығысты тоқтатып, келіссөздер алаңын ұйымдастыру керек", - дейді ол Қазақстанның бұл қақтығыстағы позициясы туралы. 

Әлем назарына іліккен екі ел арасындағы қақтығыс қарапайым халыққа ауыр тиеді дейді Асхат.

"Менің ойымша, Таулы Қарабақ жері сөзсіз Әзірбайжанның қол астына өтуі керек. Өйткені әлемде бірде-бір ел Қарбақты жеке мемлекет ретінде мойындаған емес. Оны Әзірбайжанның бөлінбес, ажырамас бөлігі дейді. Тіпті, БҰҰ-да Әзірбайжан жері деп қаулы қабылдаған. Таулы Қарабақты  үш ел ғана: Абхазия, Оңтүстік Осетия мен Приднестровье мемлекет ретінде мойындады", - дейді Асхат.

Оның ойынша, Армения өз еркімен Таулы Қарабақтан бас тарта алмайды. Шиеленіс енді қанша уақытқа созылуы мүмкін дегенімізде: 

"Шиеленіс ұзаққа созылуы екіталай. Өйткені Армения мен Әзірбайжанның мүмкіндігін салыстыратын болсақ, армяндардың қауқары 1-2 айдан ары қарай жетпейді. Ресей ашық қолдамаса, Арменияның эконимикалық жағдайы қиын. Одан кейін Әзірбайжан, Түркия, Грузия - осы үш мемлекет Армениямен экономикалық байланысты толық үзетін болса, Армения өз еркімен мәжбүрлі түрде бітімге келуге тура келеді", - дейді Асхат Қасенғали.  

Сарапшының айтуынша, қарулы қақтығыс көп болса бір айға созылады. Мүмкін Әзірбайжан бір-екі ауданды қайтарып, сонымен жағдай тұрақталуы мүмкін. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары