Қызылорда облысында жерін даулаған тұрғындар облыс әкіміне алты айдан бері кіре алмай жүр. Асқар Тоқмағамбетов ауылының халқы күріш егетін егістік алқабын өзін «инвестормын» деген кәсіпкердің алып қойғанын айтады,, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Азаттық рухына сілтеме жасап.
Кәсіпкер Мадияр Алдоңғаров пен Тоқмағамбетов ауылы тұрғындарының арасындағы дау биыл қыркүйек айында қыза түскен. Себебі, «А.Тоқмағамбетов» ЖШС-не қарасты қамба, гараж, 2 мың гектарға жуық күріш алқабы тоғыз жүзге жуық адамға ортақ. Олар Сырдарияның бойындағы егістік алқаптарын пай ретінде алған. Алайда, 2004 жылы қожалық қайта құрылғанда ондағы мүліктің 90 пайызы бұрын Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болған М. Алдоңғаровқа тиеслі болып шыға келді дейді ауылдықтар.
«Бізге өз жеріміз керек. Оны Мадияр Алдоңғаров алып қойып отыр. Адамдарымыз далада қалды. Сырттан баса көктеп келіп, мазамызды алды. Пайға алған 8 гектар жерім бар-тұғын. Халықтан береке кетті, күнде осындай у-шу. Пікірімізді облыс әкіміне айтайық деп жеткізе алмай жүрміз. Жасым 75-те. Тым болмағанда, осындағы балаларымызға мына жеріміз қалсын», - деді Еңбек арадагері Орынбасар Үмбетова.
Асқар Тоқмағамбетов ауылында екі мыңға жуық халық тұрады. Көбінің күнкөріс көзі – күріш. Ауыл адамдары үлескер ретінде «А.Тоқмағамбетов» серіктестігіне біріккен. Тоғыз жүзге жуық адамның пайға алған жеріне осы серіктестік арқылы күріш егіледі. Шаруа қожалығы арқылы 87 адам алқапқа қарап, тұрақты айлық алып келген. Ауыл тұрғындары өздерінің жеріне күзде дивиденд ретінде күріш алады. Серіктестікке инвестор ретінде иелік етіп отырған бұрынғы шенеунік ауылды тонап болды дейді халық.
«Мына Мадияр инвестор болып келді де, енді қожайын болып шыға келді. Жерімізді алып қойды. Бұл Мадиярадың қайдан шыққанын білмеймін, аспаннан келді ме, әйтеуір бір жерден топ ете түсті. Халыққа қарап жатқан ешкім жоқ. Билікке бәрібір. Заң да солардың жағында. Халық ешкім емес», - деді ашуланған зейнеткер Әбдімәлік Оспанұлы.
Ауыл тұрғындарының талабы біреу ғана – Алдоңғаров бұл жерден кетіп, қайта келмеуі керек.
«Алдоңғаров ауылдан кетсін. Бізде басқа талап жоқ. Ұрыс, айқай бізге керек емес. Ол адамның ақшасы да, басқа дүниесі де, техникасы да керек емес. Тек халыққа жерін беруі керек, бостандық қана қажет бізге», - дейді А.Тоқмағамбетов ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы Пернебек Алиакпарұлы.
Шарт бойынша инвестор күріштен түскен пайданың бір бөлігін ауылдың әлеуметтік жағдайын көтеруге, жалпы жұртқа ортақ орындарды жөндеуге, жұрттың жағдайын жақсартуға жұмсауы тиіс. Алайда, инвестор керісінше, ауылдың қамба мен қойма, кеңсе, моншасына дейін иелік етіп, талан-таражыға салған көрінеді. Күрішті кәсіп қылған өзге аудан-ауылдардағы инвесторлар заманауи жаңа комбайн, трактор алып, техникаларын түгел жаңалап алған. Ал бұл ауылда күріш оратын әлі бірде бір техника жоқ. Шаруалар комбаинды жалға алып, әупірімдеп күнкөріп келеді.
Ауызын айға білеген М. Алдоңғаров 2008-2011 жылдары Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары болған. Тақтан тайса да, тұрғындарға әмірін әлі жүргізіп келеді. Құжат жүзінде серіктестік басқа адамның атына тіркелгенмен, «А.Тоқмағамбетов» атындағы алып қожалықты іс жүзінде Мадияр Алдоңғаров пен әйелі, қарындасы басқарады екен. Ертеректе күріште құн болмаған заманда инвестор серіктестікті осындағы адамдарға табыстап, қарамай кеткен. Ал күріштің құны қымбаттағанда қайта келіп, халықпен санаспай, бәрін иемденіп отыр дейді халық. Серіктестікті бес жыл басқарған төрағаны Алдоңғаровтың үлескерлермен ақылдаспай алғызып тастауы шиеленісті күрт күшейтіп жіберген.
«Серіктестіктің жан-жақта қарызы көп. Биыл өнім жақсы шықты. Гектарынан 55-60 центнерге дейін күріш аламыз деп отыр едік. Пайда да жақсы түсуі тиіс. Күрішті сатудан түскен ақшадан ондаған миллион теңге қарызды жабамыз деген жоспарымыз болған. Оған Алдоңғаров күріштің бәрін өзім орғызамын, бермеймін деп отыр. Серіктестікті осы уақытқа дейін басқарған адамдарды жұмыстан шығарып тастады. Шындығында, мұның бәрі үлескерлердің дауысқа салуы арқылы жүзеге асуы тиіс. Ол жалпының атынан жалған құжат жасады, жалпыға ортақ жиналыс өткізген сияқты көрсетіп отыр. Карантинде қайдағы жиын? Биыл күріштен қағылатын түріміз бар», - деді «А.Тоқмағамбетов» ЖШС бұрынғы төрағасы Меңдіғали Есжанов.
Ауыл тұрғындары өздерімен тіл табысып жұмыс істеп келген төрағаны ауыстырған инвесторды сотқа беріп, жеңіп шыққан. Бірақ әккі экс-шенеунік халықтың талабын да, аудан, облыс басшыларының ұсынысында тыңдар емес. Тіпті, ауылға арнайы күзет агенттігін әкеліп, жұмысын жалғастыруға көшкен. Жалдамалы күзетшілер ауыл адамдарымен төбелесіп те үлгерген. Амалы таусылған халық адам шығыны болмай тұрғанда проблеманы шұғыл шешуді талап етіп, Қызылорда қаласына келді. Алайда, ауыл адамдарын облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қабылдаған жоқ. Күш құрылымдарының қоршауында қалған әйелдер «Әбдіқалықова шынымен ханның қызы емес шығар» деп айқайлады.
«Облыстың әкімі халықты кіргізуі керек, ол енді халықтан үлкен емес шығар? Әбдіхалықова шынымен ханның қызы емес шығар деп ашуланып айғайладым. Қазір ашуым басылды. Көптеген сөзді ұмытып қалдым. 7 балам бар, пайға алған жерім бар. Халықты бұлай зарлатып қоюға болмайды», - деді «Алтын алқа» иегері Роза Қоянбаева.
Шырылдаған халықтың мәселесіне облыс басшылары сол қалпы тіл қатпады. Халықтың көңілі қалған, ауылдағы жағдайды реттей алмай отырған Сырдария ауданының басшыларына қайтадан сілтеді. Ұзақ ойланып жауап берген аудан әкімі болса расымен де Мадияр Алдоңғаров көп жыл серіктестікке иелік еткенімен, жарытып жұмыс істемеді деді.
«Ауыл ақсақалдары Алдаңғоровқа наразылықтарын айтып отыр. Келешекте онымен жұмыс істемейміз деді. Егістік жиналып болған соң, шаруашылықтың жалпыға ортақ жиналысы болады. Сол кезде пайы бар үлескерлер серіктестіктен шығам десе шыға алады. Халық жерімізді қайтарамыз деп отыр.
Серіктестікте 15 мың гектар жер бары, оның 1084 гектарына күріш егілген. Үлескерлер Алдоңғаровқа наразы, ол рас. 16 жылдан бері ол сол шаруашлықтың иесі бола отырып, оған қарамаған. Басқа ауылдармен салыстырғанда ауыл халі төмен. Сегіз жүздің үстінде үлескер бар. Төрағаны жазда жердің 90 пайызына иелік ететін Бисенбайдың заңды өкілі Мадияр Алдоңғаров жұмыстан шығарады. Алдоғаров 150 млн теңге құйдым деп отыр, қағазын көрмеген соң оны нақты айта алмаймын.», - деді Қызылорда облысы Сардария ауданының әкімі Талғат Дүйсебаев.
Алты айдан бері жергілікті билікке арызданудан шаршаған ауыл адамдары әкім халық емес, қанаушы жағында деп санайды. Ал ақ жаулықты аналар әбден ызаланған жастар тағы төбелесіп, іске іліге ме деп алаңдаулы.