$ 494.87  520.65  4.91

«Көп әйел алуды уағыздап, сексологиямен айналысқаны үшін бе?»: жұрт Тазабековтің алғыс хатын сан-саққа жүгіртіп жатыр

Бейбіт митингіге шыққандардың құйымшағынан теуіп, ашықтан ашық азаматтарға күш көрсетуге шақырған адамды «халқымыздың береке-бірлігін арттыруға ЗОР үлес қосып жүр» деп қалай айтамыз?
Фото: іnstagram.com/senate_kz
Фото: іnstagram.com/senate_kz

Ұлттық арна эфирінен арнайы уақыт алып, уағыз бағдарлама ашам деп жұртты шулатып жатқан Мұхамеджан Тазабеков Сенат спикері М.Әшімбаевтың қабылдауында болып, алғыс хат алып қайтқаны белгілі болды. Бұл жаңалықты жұрт Парламент Сенатының instagram парақшасынан естіп білген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ондағы мәліметке сенсек, Сенат спикері М.Әшімбаевтың арнайы алғыс хаты Мұхамеджан мырзаға дінаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтуға, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге және халқымыздың береке-бірлігін арттыруға қосқан зор үлесі үшін беріліпті. 

Бәрі дұрыс-ақ! Бірақ қоғам белсенділері Мұхамеджан Тазабековтің елге тиген пайдасы мен сіңірген еңбегін естеріне түсіре алмай жатқанға ұқсайды. Мәселен, қоғам белсендісі Шалқар Нұрсейітов оған нақты қандай ерлігі үшін алғыс хат берілгенін түсіне алмай отырғанын жазған.

«Алғыс хаттың мазмұнына сүйенсек, қазір М.Тазабеков кем дегенде 3 салада зор үлес қосып жүр екен. Эмоциясыз әрқайсысына жеке-жеке тоқталып көрейік. 

Бірінші - дінаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтуға қосқан ЗОР үлесі. М.Тазабектің дінаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтуға қосқан ЗОР үлесін қалай өлшейміз? Инстаграмдағы аудиториясы және посттарының лайк санымен бе? «Tәлім trend» атты уағыздар сериясының тындаушылар санымен бе? Н.Назарбаевты басына көтеріп мақтайтын сөздері санымен бе? Шен-шекпенділердің қолынан алған алғыс хаттары және олармен бірге түскен суреттер санымен бе? 

Екінші - ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге қосқан ЗОР үлесі. Рас, М.Тазабеков патшаға бағыну мен көп әйел алуды уағыздаумен, сексологиямен айналысқанға дейін айтыс ақыны ретінде көпшіліктің ықыласына бөленді. Сол арқылы айтысты насихаттауға үлес қосты. Сол кезеңде мемлекеттен талай сый-сияпатын алды. Кейінгі жылдары Тазабековтің айтысқа қатыспайтынын, айтыстың Нұр Отанның пропаганда проектісіне айналып кеткенін ескерсек, онда Тазабеков ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге қалай үлес қосып жүр? Оның кейінгі уақыттағы іс-әрекеті ұлттық құндылықтарды дәіптеуден гөрі ұлттық құндылықтарды жамылу арқылы ел-жұртқа шүкір мен тобаны насихаттауға, режимге қызмет етуге, зомбилердің санын арттыруға көбірек ұқсайды. 

Үшінші - халқымыздың береке-бірлігін арттыруға қосқан ЗОР үлесі. Полицейлерді бейбіт митингіге шыққан қазақстандықтардың құйымшағынан теуіп, «приказды орындауға» шақырып, ашықтан ашық азаматтарға күш көрсетуге үгіттейтін адамды «халқымыздың береке-бірлігін арттыруға ЗОР үлес қосып жүр» деп қалай айтамыз? Ал Тазабековке алғыс хат берген М.Әшімбаев мырза басқаша ойлайтын сияқты», деп жазған өзінің facebook парақшасында.

Сондай-ақ ол Тазабековтың бұған дейін Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллиннің қабылдауында болғанын айтқан. 

«Еске сала кетейін, ҚР Конституциясы бойынша М.Әшімбаев мемлекеттегі №2 адам. Осыған дейін М.Тазабековті конституция бойынша елдегі №3 адам Н.Нығматулин қабылдаған. Енді конституция бойынша елдегі №1 адам Қ.Тоқаев және Қазақстандағы №01 адам Н.Назарбаевтың Тазабековті қабылдап, алғыс хат табыстауы қалды. Тазабеков генерал ағасы Қайрекеңнің батасы мен Б.Тілеуханның дұғасы арқасында ол күнге де жетер. Иншаллах! 

Ал авторитарлық Қазақстанда саясаткерлердің М.Тазабеков секілді пропагандистерді жеке қабылдап, алғысын білдіріп, ашық қолдау көрсетуі “режимге жасап жүрген еңбегіңді бағалаймын” дегенге келеді. Бұл — қоғам үшін қауіпті сигнал», - деп атап өткен жазба авторы. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары