$ 446.49  475.38  4.79

«Қызылорда облысында құнарлы жерлер арабтарға сатылып жатыр» - қоғам белсендісі

Ол жерлер анау мынау емес, табиғи қорғау және аңшылық жасау аймақтарына тиесілі жерлер.
фото: adyrna.kz
фото: adyrna.kz

Тәуелсіз кәсіподақ ұйымының төрағасы, «ЕЛ мен Жер» қозғалысының бастамашыл тобының мүшесі әрі қоғам белсендісі Талғат Қатауов өзінің facebook парақшасында жер мәселесіне қатысты тағы бір маңызды мәселе көтерді. Оның айтуынша, жұрт пандемия, коронавирус әлегімен жүргенде әкім қаралар білгенін істеп, қазақтың жерін бөлшектеп сатуын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ол өзінің бұл жазбасында, біраздан бері кейбір бейресми ақпарат көздерінде айтылып жүрген Қызылорда облысындағы құнарлы жерлер арабтарға сатылып жатыр деген ақпараттарға қатысты алаңдаушылық білдірген. Айтуынша, бұл бей-жай қарайтын дүние емес.

«Қызылорда облысында құнарлы жерлер арабтарға сатылып жатыр ма? 

«Адырна» ұлттық порталы заңгер Бақытжан Базарбектің фейсбук парақшасындағы жазбасына сілтеме жасап, «Арабтар Қызылорда облысының құнарлы жерін ақырындап сатып алып жатыр» деп жазған еді.

Егер шындығы анықталса, өз наразылығымызды алдымен жазбаша білдіреміз! Облыста «Ел мен Жер» қозғалысы филиалын ашамыз», деп жазған ол өзінің өзінің facebook парақшасында.

Сонымен қатар ол жанашыр азаматтар мен облыс аумағындағы қоғам белсенділерінің басын қосып, құзырлы мекемелерге арыздану қажеттігін айтады. 

«Осы өзекті мәселенің анық-қанығын білу мақсатында «ЕЛ мен ЖЕР» қозғалысының төрағасы, Мемлекет және қоғам қайраткері, оппозициялық ірі тұлға Балташ Тұрсымбаев және мүшелері, қоғам қайраткерлері Еркін Рақышев, Нұрлыбек Қуаңбаев болып, жуырда Қызылорда қаласына барып, халықпен кездесіп, облыс әкімі Г.Әбдіқалықоваға жолығамыз!», - деп жазған ол Қызылорда облысының қоғам белсенділері, жер жанашырлары, ұлт патриоттарын бұл мәселе бойынша үн қосып, мәселе көтеруін сұраған. 

Арабтардың Түркістан, Қызылорда облыстарындағы құнарлы жерлерді ақырындап сатып алып жатқанын жер мәселесімен айналысып жүрген тәжірибелі заңгер Бақытжан БАЗАРБЕК өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлаған болатын. 

Заңгердің жазуынша, ол жерлер анау мынау емес, табиғи қорғау және аңшылық жасау аймақтарына тиесілі жерлер болып отыр. 

«Арабтар біздің елдегі Жер Кодексіне қарамастан, әлдебір заңды тұлғаның атынан құнарлы жерлерді сатып алуда екен. Ол жерлер анау мынау емес, табиғи қорғау және аңшылық жасау аймақтарына тиесілі жерлер» деген заңгер қолында Біріккен Араб Әмірлігінің (БӘА) еліміздегі өкілінің хаты барын мәлімдеді. БАӘ Қазақстандағы елшісі Мұхаммед Ахмад Альджабердің хаты Экология министрлігіне қарасты Орман және аңшылық Комитетінің адресіне жолданған.

«Hunting Kazakhstan» және «Qyzylorda invest group» компанияларына тиесілі керемет жерлер Біріккен Араб Әмірлігі азаматының меншігіне өткен. Өз хатында елші БӘА азаматы Қазақстанда компания құрғанын, аталған жерлер сол компанияның балансына қарайтынын айтады. Демек, отандық заңды тұлға арқылы арабыңыз жердің қожайынына айналған. Өйткені Жер Кодексі бойынша жерді иеленуші сол жердің қожайыны бола алады. Яғни, біз сөз етіп отырған құнарлы жерлеріміздің иесі шетелдік азамат болғаны ғой? Осы мәселе бйынша заңдық тұрғыдан бағасын беріп, ақиқатын анықтайтынын жеткізеді. Заңгердің болжамынша аталған жерлер әлдебір ЖШС арқылы арабтың меншігіне өткен не ауылшаруашылық жері, не болмаса аңшылық құратын қоңды жерлер болуы мүмкін» деп жазған болатын Бақытжан Базарбек.

«Адырна» ұлттық порталында жарияланған бұл материалға қатысты әзірше ресми органдардан жауап бола қойған жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары