Өздерін Тәуелсіз Қазақ еліндегі бірден бір оппозициямыз деп санайтын ЖСДП партиясы бұл жолы да саяси додадан қалыс қалатындарын хабарлады. Бүгін партия өкілдері саяси ұйымның кезектен тыс өткен съезін өткізіп, ЖСДП партиясының 10 қаңтарда өтетін мәжіліс және мәслихат сайлауына бойкот жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Партия өкілдерінің айтуларынша, елдегі саяси жағдай әлі де мәз емес, Сайлау туралы заңы да бұрынғы белден басу үрдісінен әлі шыға алған жоқ. Саяси реформа деген атымен жоқ. Яғни мұндай сайлауға қатысудың қажеті жоқ деп шешкен.
«Сол баяғы ереже, сол баяғы жағдай, сол баяғы саяси партиялар... Осыған орай келе жатқан сайлауға бойкот жариялауды ұсынамын», - деп атап өтті ЖСДП төрағасы Асхат Рахымжанов.
Қысқасы Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы өздерінің бұл қадамын саяси жүйеге қарсылық деп түсіндірген болып жатыр.
Алайда кейбір қоғам белсенділері ЖСДП-ның бұл ісін саяси қулық немесе сатқындық деп бағалап жатыр. Мәселен, журналист әрі қоғам белсендісі Ораз Әлімбеков мұны бейшаралық деп қабылдаған. Журналистің айтуынша, аталмыш партия бүгінде аты бар да, заты жоқ партияға айналған. Яғни саяси науқанға түсетін күші де қаржысы да жоқ, бейшара ұйым болып қалған.
«БЕЙШАРА - ЖСДП
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) сиезінің тікелей эфиріне көз салдым. Кеше ғана сайлауға міндетті түрде қатысамыз деп жүрген партия жетекшілері позициясынан айнып қалыпты, бойкот жариялады.
ЖСДП сайлауға бойкот жариялап қана қоймайды, сонымен қатар дауыс беру процесіне бақылау жүргізуден де қашып отыр. Яғни, саяси науқан кезінде ЖСДП бұйығып, қайтадан «ұйқыға» кетеді. Мұның себебі неде?
Шынтуайтында, ЖСДП партия жетекшілігінен Жармахан Тұяқбай кеткелі қатты әлсіреді. Қалай десек те, Тұяқбай беделді саясаткер болатын. Ол партия жұмысына қажет қаржыны таба білді. ЖСДП-дан, саясаттан Тұяқбай кеткен соң, партияның аймақтағы филиалдары жұмысын тоқтатты. Қаржы жоқтық салдарынан облыстардағы партия кеңселері жабылды. Бір жылдан бері ЖСДП аты бар да, заты жоқ партияға айналды. Қысқартып айтсақ, ЖСДП бұл сайлауға дайындықсыз келді. Мұны мына жағдайдан байқауға болады», - деп жазады ол өзінің facebook парақшасында.
Журналистің пайымынша, партияның қалтасында көк тиын да жоқ. Қолдайтын ешкім қалмағандықтан, әбайкот жариялауғаә мәжбүр болып отыр.
«Сайлау заңы бойынша партиялық тізіммен депутаттыққа кандидат болып тіркелу үшін әрбір адам 640 мың теңге шамасында жарна төлеуі тиіс. Сайлауға кететін басқа шығынды айтпағанда, ЖСДП-да осы қаржы да жоқ.
Қараша айында партия жетекшілері Мәжіліске кемі 30 адам ұсынамыз деп жанықты. Сол үшін ақшасы бар-ау деген азаматтармен келіссөз жүргізді. Келіссөздің мәні мынада: «қалталы азамат» ЖСДП атынан кандидат болу үшін өзіне 640 мың және тағы бес адамның тіркелу жарнасын төлеуі тиіс болатын. ЖСДП үшін өкініш сол – ондай «ақымақ» табыла қоймады. Қаржының жоқтығынан депутаттыққа кандиадат тіркете алмайтынын кеше ғана түсінген ЖСДП басшылары түрлі желеу айтып, сайлауға бойкот жариялауға мәжбүр болып отыр.
Сондай-ақ, сайлау заңы бойынша партиялық тізімдегі кандидаттардың жасы 29-дан аспаған азаматтар мен әйелдер үлесі 30 пайыздан кем болмауы тиіс. Бұл талапты орындауға ЖСДП-ның әлеуеті жетпейді, партия тым «қартайып» кеткен, белсенді мүшелердің ішінде әйелдер санаулы, 2-3 адамнан аспайды. Бұл партияның халықпен тығыз жұмыс жасамағанын, бір жыл бойы «ұйқылы-ояу» мәңгіріп жүргенін, сайлауға еш дайындықсыз келгенін көрсетеді. Партия басшылары өздерінің осы дәрменсіздігін «бойкот» деген сөзбен бүркелмелеп отыр», - деп пайым жасаған жазба авторы.