27 қарашада мәжіліс депутаты, "Нұр Отан" мүшесі Нұржан Әлтаев "Ел тірегі" атты жаңа саяси партия құратынын мәлімдеді. Ұйымның құрылуына байланысты өткен онлайн жиында Әлтаев "елде халық сенетін, шындықты айтатын саяси күш жоқтығын" айтып, "халыққа жақын" саяси партия қажеттігін алға тартты, деп хабарлайды Азаттық.
"Халықтың әділдікке деген сұранысы өсті. Партия ең бірінші кезекте халыққа жақын болуы тиіс" деді ол.
Франция президенті Макронның мәлімдемесін сынау сияқты (кейбір қолданушылар депутаттың жазбасын популистік әрекет деп сынаған) соңғы кезде "ерекше белсенділігімен көзге түсіп жүрген" саясаткер бірақ "Нұр Отан" ұсынған кандидаттар тізіміне енбей қалған еді. Ол жұма күнгі жиында "партия тізіміне іленбегені де ұйым құруға түрткі болғанын" жеткізді.
Партияны таныстыру жиынында ол өзі депутат болып жүрген мәжілісте плюрализмнің жоқ екенін, өткір мәселе көтерілмейтінін айтып, осыған дейін "халық мүддесіне қайшы келетін баптардың" да депутаттар үнсіздігімен қабылданып кеткенін жеткізді. Сөз арасында бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "билікті сынаудан шошудың қажеті жоқ" деп жақында айтқан сөзін де мысал етті.
Осыған дейін кейбір қолданушылар оның алдағы уақытта "парламентте оппозицияның рөлін ойнайтын билікшіл партия" болатыны жайлы болжам айтқан.
Жиынның негізгі тақырыптарының бірі саяси реформа болғанмен "саяси тұтқындарды босату", "белсенділердің қудалануы", "бейбіт жиынға қатысу құқығының шектелуі" сияқты өткір мәселелер айтылмады. Елде партия тіркеудің қиындығы айтылғанмен ол жайлы бастама авторлары аз айтты.
Онлайн жиынға қашықтан "Ақ жол" партиясының мүшесі Әлихан Бәйменов, Асылбек Қожахметов, экономист Олжас Құдайбергенов, ХАҚ жетекшісі Тоғжан Қожалиева т.б адамдар қатысты.
Қазақстанда белсенділер саяси партияны ресми тіркеудің қиындығына жиі шағымданады. Елде былтырдан бері билікке сын айтып, саяси реформа талап етіп жүрген бірнеше бастамашыл топ пен саяси ұйымдар партия болып тіркеліп, парламент сайлауына қатысуды жоспарлаған. Бірақ олар түрлі себеппен сайлауға дейін тіркеле алмады.
Қазақстан заңына сай, қандай да бір ұйым саяси партия болып тіркелу үшін 20 мың мүшесі болуы шарт, мыңдаған адам қатысқан құрылтай өткізіп, әр аймақта филиал ашып, әділет министрлігіне құжат тапсыруы тиіс.
Биыл ақпан айында құрылтай съезін өткізуге талпынған "Демпартия" өкілдері шара қарсаңында биліктің қысымды үдеткенін мәлімдеп, құрылтай өткізуден бас тартқан болатын.