$ 448.15  483.46  4.86

Әблязов «Ақ жол» партиясын қолдауға шақырды

Перуашев партияға адам қабылдауды уақытша тоқтатты.
Фото: camonitor.kz
Фото: camonitor.kz

Қуғында жүрген бұрынғы банкир, Ақорда сыншысы Мұхтар Әблязов ЖСДП сайлауға бойкот жариялағаннан кейін жақтастарын "Ақ жол" партиясын қолдауға шақырды. Ал өздерін парламенттегі "оппозиция" атайтын "Ақ жол" партияға мүше қабылдауды уақытша тоқтатты, деп жазады Азаттық сайты. 

Осыған дейін жақтастарын "Нұр Отаннан" басқа партияны қолдауға шақырған Әблязов "10 қаңтарда өтетін сайлауда жаппай заңсыздықты әшкерелейміз, сайлау нәтижесін жарамсыз етуге қол жеткіземіз" деп мәлімдеген еді.

"Не үшін Ақжол? Себебі, оның аймақтарда бөлімшелері бар, адамдары, ғимараты бар. Біз ЖСДП-ны қолдауға шақырған кезде бөлімше жетекшілері жан-жаққа бытырай қашып, тығылып, тек Алматы мен астанадағы бөлімшелерін ғана таба алдық. Көп адам өтініштерін қайда өткізерін білмеді" деді Мұхтар Әблязов 1 желтоқсан күнгі тікелей эфир кезінде.

"Біз нені көздеп отырмыз? "Нұр Отан" партиясы айтарлықтай көп дауыстан айырылып, басқа партияларға көп дауыс берілсе деп отырмыз. Соның нәтижесінде орталық сайлау комиссиясы, сайлау учаскелерінде жұмыс істейтін мұғалімдер тұтас фальсификациямен айналыса бастайды. Ал біз оларды әшкерелеп, анықтап, сайлау нәтижесінің мойындалмауына қол жеткіземіз. Соның салдарынан жаппай наразылық туындайды. Көшеге көп адамды алып шығамыз" деді Әблязов.

Әблязов мәлімдемесінен кейін "Ақ жол" партиясының адам қабылдауды екі айға тоқтатқаны белгілі болды. Партия басшысы Азат Перуашев Азаттыққа жауап беруден бас тартты.

"Ақ жол" мүшесі, мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов Азаттық тілшісіне "ертеңгі күні Әблязов партия мүшелерін біз толтырдық" деп айтпас үшін партияға мүше қабылдауды екі айға тоқтаттық" деп мәлімдеді.

Осыған дейін жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының жетекшісі Асхат Рахымжанов Әблязовтың үндеуін "арандату әрекеті" деп атап, бұл "партияның ресми тіркеуден айырылуына соқтыруы мүмкін" деп қауіптенген. Оның сөзіне қарағанда қуғындағы саясаткер мәлімдемесінен кейін "партияға небәрі ондаған адам қосылуға өтініш білдірген".

Ал Әблязов Рахымжанов басқаратын ЖСДП "билік бұйрығымен" сайлауға қатысудан бас тартты деп айтқан.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары