$ 494.87  520.65  4.91

Халықаралық ұйымдар әлем елдерін Нұр-Сұлтанға қысым жасауға үндеп жатыр

Мұндай әрекеттерді азаматтық қоғамға шабуыл деп бағалауға болады, бұл 2021 жылы 10 қаңтарда өтуі тиіс парламент сайлауы қарсаңында қоғамдық бақылау күшейеді деген "қауіптен" туындауы мүмкін» делінген мәлімдемеде.
фото: atpress.kz
фото: atpress.kz

Еліміздегі бірқатар ҮЕҰ мен құқық қорғау ұйымдарының «салық органдары тарапынан «шабуылға» ұшырап, қысым көріп жатырмыз» деген шулы мәлімдемесіне халықаралық құқық қорғау ұйымдары назарына іліккен сыңайлы. Кейбір БАҚ беттерінде кейбір халықаралық ұйымдар әлем елдерін Қазақстан билігіне қысым жасауға үндеп жатыр деген ақпараттар тарай бастады. 

Ресми дерек көздерінің жазуынша, аталмыш ұйымдар Қазақстан үкіметінің соңғы уақыттарда үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына кедергі келтіріп, негізсіз тексерулердің көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдірген. Сонымен қатар, мемлекетке қаржылық есеп беруге міндеттейтін нормалар енгізіліп жатқаны айтылған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Азаттық сайтының жазуынша, Қазақстанда құқық қорғаушылардың қудаланып жатқаны жайлы ақпаратқа алаңдаған халықаралық құқық қорғау ұйымдары Еуроодақ бастаған Қазақстанның халықаралық әріптестерін осыған орай Нұр-Сұлтанға қысым жасауға үндеді.
Amnesty International, Front Line Defenders, Human Rights Watch (HRW) және International Partnership for Human Rights (IPHR) ұйымдарының 3 желтоқсанда жариялаған мәлімдемелерінде Қазақстанның салық органдары оннан астам жергілікті үкіметтік емес ұйымға айыппұл салып, қаржы есебінде жіберген «қателіктері» үшін оларды «жабамыз» деп қорқытқаны жазылған. Мәлімдеме авторлары салық органдары қуғындауды тоқтатып, ескерту қағаздарын қайтып алуы тиіс деген.

Осы апта басында Қазақстандағы бірнеше құқық қорғау ұйымы мен топ парламент сайлауы қарсаңында салық органдары тарабынан қысым үдегенін айтып, шағымданған. Құқық қорғаушылардың сөзіне қарағанда, қазан мен қараша айларында Қазақстан бойынша кемінде 13 ұйым "қаржы есебінің дұрыс толтырмағаны" жайлы ескерту қағаз алған. Олар салық органдары "негізсіз ескерту жасап отыр" деп санайды.

Сайлау қарсаңында тексерулер мен ескертулердің жиілеуін алға тартқан халықаралық ұйымдар билік осылайша тәуелсіз ұйымдарды қорқытып, белгілі бір уақыт аралығында әрекетіне шектеу қойғысы келеді деп еріксіз тұжырым жасауға мәжбүрміз дейді.

«Мұндай әрекеттерді азаматтық қоғамға шабуыл деп бағалауға болады, бұл 2021 жылы 10 қаңтарда өтуі тиіс парламент сайлауы қарсаңында қоғамдық бақылау күшейеді деген "қауіптен" туындауы мүмкін» делінген мәлімдемеде.

Осыған дейін бірқатар үкіметтік емес ұйымдар мен бірлестіктер парламент сайлауын бақылайтынын хабарлаған.

«Қазақстан билігі азаматтық қоғамнан шыққан тәуелсіз топтарға негізсіз ескерту жасауын дереу тоқтатуы тиіс және адам құқығы саласында алған халықаралық міндеттемелерін орындауы тиіс» делінген хабарламада.

Мәлімдеме авторларының жазуынша, Қазақстан әріптестері, оның арасында Еуроодақ та бар, ЕО-ға мүше елдер және өзге мемлекеттер «қазақстандық әріптестерін құқық қорғау топтарына қысым жасауын доғаруына ықпал етуі» тиіс.

«Қазақстан билігінің құқық қорғаушылар мен құқық қорғау топтарының жұмысына кедергі келтірмей, керісінше құрметтеп, көмектесуі өте маңызды" деді International Partnership for Human Rights ұйымының директоры Бриджит Дюфур.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, Қазақстанда соңғы бірнеше жылда үкіметтік емес ұйымдардың әрекетін шектеп, мемлекетке қаржылық есеп беруге міндеттейтін түзетулер күшіне енген. Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін салық тексерулерін алға тартып, құқық қорғау топтарына қысым жасайды деп мәлімдеген.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары