Тамақ, тамақ және тамақ. Экономист Расұл Рысмамбетовтің дерегінше, Қазақстан тұрғындары тапқан табысының тең жартысын (56,4 пайызын) ас-суға жұмсайды. Соңғы үш айдағы ресми статистиканы шолып шыққан сарапшы “тапқаны тамақтан артылмайтын халықтың күнкөрістен өзге ойлары жоқ” дейді.
Халық ашқұрсақ жүр. Бас-басында кредит. Несие төлеп, одан артылған аз-мұз ақшаға азық алып, шықпа жаным шықпа етіп отыр. Сөй деген сарапшы алаңсыз жатқан Ақордаға үн қатыпты, деп жазады , деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы dalanews.kz сайтына сілтеме жасап.
“Биліктің ұшар басындағы топ, сіздерге айтарым, тамақтан тарыққан халық алаңға шықса шырғалаңның көкесін көресіздер.
Қазақстанды Сингапурмен салыстырғанды қойып, аспаннан жерге түсіңіздер, әйтпесе ашқұрсақ ел ашына бастайды. Сіздер осы күнге дейін арқасүйеп келген “шүкіршіл” аудитория да кілт құбылып, жүйені қолпаштауды доғарады.
Халық күн-түні дамыл таппай жүр. Қарекетсіз жатқан жоқ, тек табысы мардымсыз, еңбегінің өтеуі жоқ. Оның үстіне мына індет те жығылғанға жұдырық болды. Биылғы ахуал былтырғыға қарағанда ауыр. Былтыр ма, былтыр халық табысының 49 пайызын тамаққа жұмсаған екен.
Ал ілгерідегі дерек 2020 жылдың алғашқы жартыжылдығы ғана. Одан бергі жағдай күрделене түспесе, түзелген жоқ», – дейді экономист.
Сарапшының есеп-қисабына қарағанда 2020-2021 жылдары тапқанын тамаққа жұмсайтын тұрғындардың үлесі арта түседі. Кризис күшейіп, кіріс төмендеген сайын адамдар өзге шығынды шегеріп қойып, тек тамақ алумен шектеледі.
Үй жөндеу, көлік жаңарту, киім-кешек алу, балаларды үйірмеге тасу секілді әдепкі тұрмыстық қажеттіліктен бас тартуға тура келеді.
«Адам ескі, жыртық шұлықты қайта жамап кисе де шыдайды, ал тамақ алмай тұра алмайсыз. Оны тұтынуды доғара алмайсыз. Тәбетіңізді тия алмайсыз. Ешкімнің аштан өлгісі жоқ», – дейді Рысмамбетов.
Халықта капитал жоқ. Тіпті үтік пен шәугімге дейінгі шағын дүниені де кредитке алады. Қымбат зәулім үйлер аңырап-қаңырап тұр. Оған көшіп барады-ау деген орта таптың табысы ортайып қалған. Мынадай аумалы-төкпелі шақта ешкім артық ақшасын пәтер, көлік немесе киім-кешек алуға жұмсағысы жоқ.
Сөй деген Расұл Рысмамбетов «ескі, жыртық шұлықты қайта жамап киетін жағдайға жетсек, күллі әлемге күлкі боламыз», – дейді.
“Жер көлемі жағынан 9-орында тұрған мемлекет бар болғаны 18 млн халықты асырай алмауда. Күлкілі емес пе? Есесіне, Дубай мен Лондоннан келген құрылысшылардан ақша аямайды.
Билік әлемжеліде “жақсылығын асырып, жамандығын жасыратын” интернет боттарға үйіп-төгіп ақша төлейді. Өзін мадақтауға келгенде тарылмайды. Сол ақшаға тоя тамақ ішпейтін мыңдаған отбасыны асырауға болар еді, өлім аузында жатқан жүздеген баланы ажалдан арашалап қалар едік”, – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысын үдетіп жатқан Үкімет осы арқылы құрылыс компанияларын қолдап отыр. Баспананы жеңілдікпен алғандай көрінетін жұрт алдағы 15-20 жылға қарызға кіріп, өмірінің алтын уақытын несие төлеумен өткізеді.
Қатарынан қалмай үй жөндеуге, оны жиһаз және тұрмыстық техникамен толтыруға тырысып, өзіне көңіл бөлуде ұмытады. Өзін-өзі жетілдіруге, тіл үйренуге, денсаулығын түзеуге тапқан табысы жетпейді.
Осы және өзге де проблемаларды жіпке тізген Расұл Рысмамбетов мұны шешудің жолдарын да ұсыныпты.
“Бағаны бақылауға алу керек. Әлбетте, ол үшін жергілікті өнім өндірушіні жан-жақты қолдау қажет. Ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлер халықты базалық азық-түлікпен қамтамасыз етуі тиіс. Тоқаев бұл туралы талай мәрте айтты. Орындалған жоқ. Шенеуніктер енжар, сұлық.
Оларға Тоқаевтың тапсырмасын орындағаннан гөрі дайын өнім импорттай салған жеңіл. Осы арқылы жергілікті өнім өндірушіні тығырыққа тіреп, әлгіні банкрот қыларын ойланбайды. Бұл түрімізбен 2-3 жылдан кейін қара су мен қара нанды талғажау ететін боламыз. Өзгесін түгел сырттан таситын мүсәпір күйге түсеміз”, – дейді ол.
Сөй деген Рысмамбетов құрылыс саласындағы ауқатты достарын айналсоқтап, әлгілердің сойылын соғып, сөзін сөйлеуді ғана білетін Үкімет мүшелерін сынады.
“Алматы мен Нұр-Сұлтанды ғана жасандырып, безендіріп отыр. Өзге өңірлер ұмыт қалды. Тым-тырыс. Тіршілік жоқ. Тұрғындарына қолайлы жағдай жасалмаған. Ал ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлердің көпшілігі шағын елді мекендерде шоғырланған. Үкіметтегі үркердей топ бұларды ойлап бас қатырмайды. Бар білгені құрылыстағы әлдеқашан олигархқа айналған достарының қамы.
Қазақстандық өндірушіге тауарын елдің кез-келген бұрышына еркін жеткізе алатындай жағдай жасалуы тиіс! Бұлай болмады екен, шамалыдан кейін “жыртық шұлықты жамап киетін” 90-жылдардағы таз қалпымызға түсеміз.
Жұрттың жазығы жоқ. Үкімет кінәлі. Мәмин мен Мәминге дейін үкімет басшыларының бірде-бірі экономиканың тілін түсінбеді. Мемлекеттің беталысына бас қатырғысы келмейді. Біз құзға құлаудың алдында тұрмыз”, – дейді экономист.