АҚШ мемлекеттік департаменті оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың улануына Ресей федералдық тергеу қызметінің (ФСБ) қатысы бар деп санайды. 23 желтоқсанда CNN телеарнасы АҚШ мемлекеттік департаменті өкілінің пікірін жариялады, деп жазады Азаттық.
Департамент өкілі Ресейді түрлі қитұрқы теориялардың көмегімен арнайы қызметтің әрекетін жасыруға тырысты деп айыптаған.
"Ресей көптеген бір-біріне қайшы қитұрқы теорияларды алға тартты. Мұндай амалдарды Ресей үкіметіне қойылуы тиіс негізгі сұрақтардан жалтаруға тырысу деп бағалауға болады" деді АҚШ мемлекеттік департаменті өкілі. Оның сөзіне қарағанда, саясаткердің улануын басқаша түсіндіру мүмкін емес.
Ведомство өкілі Навальный ағзасынан "Новичок" қалдықтары табылды деп қорытынды жасаған Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымның тұжырымына күмәні жоғын айтқан.
"АҚШ ФС қызметкерлері Навальныйды улау үшін жүйкені сал етіп тастайтын "Новичок" уын пайдаланды деп санайды. Оның улануын басқаша түсіндіру мүмкін емес" деді ведомство өкілі. Оның сөзінен The Hill басылымы үзінді келтіреді.
The Hill жазуынша, АҚШ мемлекеттік департаментінің мәлімдемесі Вашингтон мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынасты ушықтырып жіберуі мүмкін. CNN хабарлауынша, Америка шенеуніктері Навальныйдың жағдайына байланысты Ресейге санкция әзірлеген. Бірақ құжатты әзірге президент Дональд Трамп мақұлдамаған.
Мақала авторы Трамптың Навальныйдың улануына байланысты пікір айтпағанын да келтірген.
Bellingcat, The Insider, Der Spiegel және CNN 14 желтоқсанда жариялаған зерттеуінде Алексей Навальныйдың улануына ФСБ-ның қатысы бар деп тұжырым жасаған.
Ресей билігі оппозиционердің улануына қатысы жоғын айтады. Жақында Путин Навальныйды "улағымыз келсе, аяғына дейін жеткізер едік" деп мәлімдеген. Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков баспасөз мәслихаты кезінде Навальныйды арнайы қызметтің "бақылайтынын" мойындаған.
Тамыз айында Томскіден Мәскеуге ұшып бара жатқан Навальныйдың хәлі күрт нашарлап, есінен танып қалған. Пилот ұшақты жол бойындағы Омскіге жедел қондырып, әуежайға шақыртылған жедел жәрдем қызметі Навальныйға атропин дәрісін беріп, оны жергілікті ауруханаға жатқызған. Екі күннен кейін ес-түссіз жатқан Навальныйды арнайы медициналық ұшақпен Берлинге алып кеткен. Берлинде алынған биологиялық үлгілер Навальныйдың "Новичок" уымен уланғанын көрсетті. Бұл нәтижені басқа тәуелсіз зерттеулер де растаған.