Танымал YouTube блогерлер Риант Қыбраев пен Валерий Кудрявцев Түркістан облысы шенеуніктерінің қымбат көліктеріне шүйлікті, деп хабарлады Stan.kz сайты.
Мырзакент қаласы – шамамен бір жыл бұрын су басып қалған Мақтаарал ауданының орталығы. Блогерлер қала әкімдігінің алдында тұрған қымбат көліктеріне назар аударыпты. Айтуларынша, олар халықтың ақшасы қайда кеткенін анықтағылары келген.
"Әкімдік – қазақстандықтардың мәселесін шешумен айналысатын атқарушы билік, халық қызметкерлері. Біздің ойымызша, ел басына күн туған сәтте әкімдіктегілердің қымбат көлік мініп, шалқып жүруі – орынсыз. Біздің төлейтін салығымыз шенеуніктердің ыңғайлы орынмен қамтамасыз етілуіне жұмсалуын қаламаймыз", - дейді блогерлер.
Бұл ретте, видео авторлары мемлекеттік қызметкерлерге қарапайым көлікпен жүруге кеңес берді.