Шымкент қаласының тұрғыны Мамутова Әлия 1-топ мүгедектігі бар қызына зорлық жасалғанын айтып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жолдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бейнеүндеу иесі Әлия Мамутованың айтуынша, Шымкенттегі No 2 мүгедектерге арналған мектеп-интернатында тәрбиеленіп жатқан мүгедек қызын біреулер 7 жыл бойы зорлап келген. Олар бұл қылмысын жасыру үшін интернаттағы 44 қызға жүктіліктің алдын алатын спиралдар салынған. «Ол жердегінің бәрі 1,2-топ мүгедегі. Бұлар кімнен және қалай екіқабат болады? Неге олар спираль салады?», - дейді Әлия Мамутова.
Қамшы порталының жазуынша, ел естімеген бұл сұмдық жаңалық instagram парақшасындағы топтардың бірінде жарияланған.
«Менің қызым Толғанай 1992 жылдан туылғалы 1-топ мүгедегі. Сол мүгедектігіне келе-келе талма кеселі қосылды. Осы талма кеселі қосылғаннан кейін мен игере алмай қалдым. Себебі қыздан кейін екі балам бар, мен жалғызбасты анамын, оларға нан тауып беру керек болды. Қызыма қарайтын ешкім болмады. Мен содан арнаулы мекемелер бар ғой деп қалалық №2 мүгедектер интернатына 2011 жылы алып келдім. 2020 жылдың 8 қарашасында қызымды көруге барсам, қызымның мазасы жоқ. Неге екенін сұрасам, "осы жазда бір ағай дәрігер мен апай "осыдан соң салмаймыз" деп спираль салды" деп сұқ саусағымен көрсетті. Жексенбіде басшылармен жолыға алмадым, сосын Гүлмира есімді психолог келді. Психологтан "спираль салатыны рас па?" деп сұрағанымда "иә, салатыны рас, бұдан басқа 43 қызға салғанбыз, әйтпесе қыздар екіқабат болып қала береді" деді. Одан ары үстіме мұздай суқұйғандай болды. Ол жердегінің бәрі 1,2-топ мүгедегі. Бұлар кімнен және қалай екіқабат болады? Неге олар спираль салады? Оны басқа қыздардың ата-анасы да білмейді, егер қызым айтпағанда менде білмес ем», - деп атап өткен ол өзінің бейнеүндеуінде.
Ананың айтуынша, осы жағдайды естіген соң 2020 жылғы 9 қараша мен 19 қараша аралығында қызын алып кетіп, қалалық медицина орталықтарына тексертпек болған, бірақ дәрігерлер карантин деп қайтарып жіберген.
«Мен департамментке барып, Оспанова Ботакөзбен бірге 13 адамнан комиссия құрып бәріміз бірге осы мекемеде тексеріс жүргіздік. Сонда 2011 жылы медициналық картасында «қыз» боп жазылған, 2012 жылы спираль салынған деп тұр. Сосын мен 19 қараша күні шағым арыз тастадым. 2020 жылдың 21 қарашасынан тергеу басталды. Осы тергеу басталғалы маған қоғамдық шу көтермеңіз, ешқайда жарияламаңыз" деп ұстап келді. Менің қазіргі тергеуге көңілім толмайды. 3 ай болды тергеу жүріп жатқан жоқ. Шыдай алмаймын бұдан артық. Осы оқиғадан кейін адамдардан сұрай бастадым. Мұндай мекемелерде осындай сұмдықтар бұрыннан болып келген, дәлелдей алмай қалған адамдар да бар. Мен осыны көріп тұрып үндемей отыра алмаймын. Көшеде итті таяқпен зорлағандар сотталып жатқанда, мен неге мүгедек қызымның арын қорғай алмаймын. Неге олар осындай айуандық істейді?», - делінген шарасыз ананың үндеуінде.